Алматы маңындағы жантүршігерлік жол апаты: Үндістаннан келген студенттер қаза тапты

Фото: Видео кадрларынан скрин
Алматы облысында көлік апатынан Үндістаннан келген студенттер қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Полицияның хабарлауынша, оқиға Алматы – Бішкек автожолының 86-шақырымында болған. Қазір қылмыстық іс тіркелді.
"Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Toyota Alphard автокөлігінің 33 жастағы жүргізушісі рульге ие бола алмай, көлікті аударып алған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Екі жолаушы кейін медициналық мекемеде қайтыс болды. Тағы үшеуі түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды", – делінген хабарламада.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажет тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін Үндістанның Астанадағы елшілігі қайғылы оқиға 6 қаңтарда болғанын хабарлаған. Дипломатиялық өкілдіктің мәліметінше, көлікте Үндістанның бес азаматы болған: Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының төрт студенті және бір турист. Олар Шымкенттен Алматыға бет алған.
Екі адам оқиға орнында қаза тапты. Тағы үшеуі ауыр жарақат алып, қазір жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр.
Шымбұлақтан да үлкен жаңа Көкжайлау тау шаңғысы курорты салынады: Жоба алматылықтар үшін не береді