Алматы әуежайында күдіктіні ұстаған азамат "Ерлігі үшін" медалімен наградталды
Алматы әуежайында күдіктіні ұстаған Мұса Сайранбайұлы "Ерлігі үшін" медалімен наградталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Коллаж: Stan.kz
Мемлекет басшысының Жарлығымен қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Мұса Сайранбайұлы Әбдірайым "Ерлігі үшін" медалімен наградталды.
52 жастағы Мұса Әбдірайым Алматы әуежайында қарулы қылмыскерді бейтараптандырып, қызды құтқарған оқиғаның егжей-тегжейін бөлісті.
Оның айтуынша, ол сол күні әуежайда туыстарын шығарып салып тұрған кезде айқайлаған дауысты естіген.
"Мен ештеңе көрмедім. Біреудің айқайлағанын естідім. Қарасам, бәрі сол жаққа қарай жүгіріп бара жатыр. Мен де дереу жүгірдім. Барған кезде қызды шашынан ұстап, басын еңкейттіріп, қолына пышақ ұстаған ер адамды көрдім. Өзім үшін қорыққан жоқпын, бірақ қызды өлтіріп қоя ма деген уайым болды. Бірден ойыма "Егер ол менің қызым болса ше?" деген сұрақ келді. Батыр болайын деген ойым болған жоқ. Бұл менің ер азамат ретіндегі борышым еді. Қандай жағдай болмасын, көмектесуім керек деп шештім. Бар күшімді салдым. Менің жалғыз мақсатым – қызды құтқару болды. Барлығы сәтті аяқталғанына қуаныштымын", – деді Мұса Әбдірайым.
Оның айтуынша, сол жерде полицейлер де болған, бірақ қылмыскер оларды көріп, одан сайын агрессивті бола бастаған. Ол қыздың басын кесіп тастаймын деп қорқытқан.
"Біз бір-бірімізге қарадық. Мен полиция қызметкерлеріне жақындамауды өтіндім. Содан кейін қылмыскерге "мені кепілге ал, мені алып кет, қызды босат" деп айттым", – деп бөлісті ол.
Осы уақытта полиция қызметкерлері қылмыскердің назарын басқа жаққа аударуға тырысып, оны райынан қайтаруға және қызды босатуға көндірмек болған.
"Мен сәтті күтіп, көзінен көз алмай бақыладым. Қолайлы мүмкіндік туған сәтте оны ұстап алып, пышағын тартып алдым", – деді Мұса Әбдірайым.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың марапаттауы туралы сұраққа Мұса Әбдірайым бұл туралы білмегенін, бірақ қуанышпен қабылдағанын жеткізді.
"Медальді үйге іліп қоямын",– деді ол.
Бұрынғы спортшы, көпбалалы әке: Алматы әуежайында күдіктіні ұстаған азаматтың кім екені анықталды
Сонымен қатар, ол жас кезінде спортпен айналысқанын айтты.
"Әскерден кейін қолма-қол ұрыспен айналыстым, кейін кикбокс және тай боксын меңгердім. Осындай жағдайларда белгілі бір дағдылар көмектеседі", – деді Мұса Әбдірайым Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Мұса Әбдірайым “Жігіттер” квартетінің продюсері Ерғали Әбдірайымовтың бауыры болып шықты. Бұл туралы Ерғали Әбдірайымов желідегі парақшасында жазды.
"Бүгін мен Қостанайға ұшып кеткенмін. Ұшақтан түссек әлеуметтік жүйе қайнап, Мұса сіздің ініңіз емес па деп барлығы хабарласып жатыр. Ішімнен не бүлдіріп қойды екен деп қобалжыдым. Сөйтсем нағыз ер мінезді жігіттің ісін жасап,елдің құрметіне ілініп жатыр екен. Кәсіби спортпен шұғылданған. Қазіргі таңда 5 баласы бар, ардақты әке. Бүгінгі ерлігі рас еркекпін деп жүрген біраз жігіттердің қолынан келмейді. Ешкім батыр боламын, қахарман боламын деп жоспармен жүрмесі анық. Мұса інімнің бұл іс-әрекетін,үлкен ерлік пен имандылықтың белгісі деп түсінем.
Мемлекеттік марапатқа да ұсынып үлгеріпті. Бала - шағаның несібісіне таусылмасын”, – деп жазды Ерғали Әбдірайымов.
Айта кетейік, бұған дейін пышақ ұстаған ер адамның Алматы әуежайының қызметкерін кепілге алғаны туралы хабарлаған едік. Желіде оқиға орнынан видео пайда болған. Кадрлардан қолында пышағы бар ер адамның қыздың шашынан тартып ұстап алғанын байқауға болады.
Кейіннен қызметкерге пышақпан шабуылдаған күдіктінің кім екені анықталған. Тоқаев Алматы әуежайында күдіктіні ұстаған адамды мемлекеттік наградаға ұсынуды тапсырған.