Алмапыс батыр. Қазақтың ұлы батыры туралы не білеміз?
Алпамыс батырдың құрметіне деп Шымкент қаласының кіре берісінде батырдың ескерткіші орналасқан, бұдан бөлек батырдың аты Шымкенттегі №40 мектеп-гимназиясына және Астана қаласының көше атауына берілген. Атаулар беріліп, ескерткіштер орнатылғанмен, халық Алпамыс батыр туралы не біледі екен?
Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі Алпамыс батыр туралы қысқаша деректерді ұсынады.
«Алпамыс батыр» – қазақ эпостарының ішіндегі ең көне жырлардың бірі. «Алпамыс батыр» жырында халқымыздың ежелдегі тіршілігі, жұртымыздың басынан кешкен ерлік оқиғалары жырланған. Жырда сонау заманның түсінігі, әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері жинақталған. Тарихқа көз жүгіртсек те осы «Алпамыс батыр» жырында айтылған бейнелерді көре аламыз. Мысалға, түрік қағандығы дәуіріндегі (5-7 ғ.) азаттық үшін күрестен бастап, 17-18 ғ-ғы қалмақ шапқыншылығына қарсы күрескен батыларымыз туралы мән-жайы айтылған. Мұнда тарихта қалған басты оқиғалардан бөлек халқымыздың көне дәуірден бері қалыптасып келе жатқан дүниетанымы айқындалып аталған. Жырда көрсетілген жер атаулары, тұлғалардың есімі, жұрттың шаруашылық кәсіптері, салт-ғұрыптары эпостың қазақ халқының төл туындысы екендігін дәлелдейді. Батырлардың туып-өскен, өмір кешкен мекені — Жиде байсын, тайпасының аты — қоңырат болып көрсетілгені көптеген ғалымдардың, атап өтсек, Жирмунскийдің дастанды қоңыраттардың тайпалық эпосы деп айтуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жырда сипатталатын оқиғалар, көне ғасырдың ерекшелігін танытатын кездері эпосты бүкілқазақтық деп атауға болатынын білдіреді. «Алпамыс батыр» жырының халықтың жадында мәңгі сақталып келген себептерінің бірі тарихи сәттерді сондай көркемдікпен жырлағанында. Аталған жырда бейнеленген көріністердің бәрі қазақ халқының көшпелі тұрмысын сипаттаған.
Алайда, бүгінгі таңда жұртымызды көкейінде жүрген басты мәселе – Алпамыс батырдың атамекені болып есептелетін Жиделі Байсынның 1924 жылы әкімшілік-территориялық қайта бөлу кезінде Өзбекістанға беріліп кетуіне байланысты, көршіміз өзбек халқы 1999 жылы ЮНЕСКО-ның «Алпамыс батыр дастаны – өзбек халқының ұлттық эпосы» деген шешімін шығартып, әлемдік деңгейде тойлап та жіберген. Ендігі бұл жыр өзбек халқының төл мұрасы ретінде тіркеуде тұр.
Отандық тарихшылар мен ғалымдардың зерттеулеріне көз жүргіртсек те, тарихи дәлелдер мен айғақтар көп. Мысал келтіретін болсақ, Ерекше дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиет магистрі Аманбаева Айжанның жұмыстарында батырлар жырының жазыла бастаған дәуірі XIX ғасыр деп атаған. Бұл кезеңде көптеген ғалымдар қазақ эпостарын зерттеп, қағаз бетіне түсіре бастаған. Мысалы, Ш.Уәлихановтың, В.Радловтың, Н.Ильминскийдің, Г.Потаниннің, А.Васильевтің, Ә.Диваевтың, т.б. ғалымдардың жинап бастырған еңбектерін ерекше атауға болады делінген.
Жырдың ел арасындағы түрлі нұсқаларын іздеп тауып, хатқа түсіріп, орысша мазмұнда бастырған – атақты фольклоршы Ә.Диваев болды. Ол бұл жырдың бір нұсқасын қарақалпақ бахшысы Жиемұрат Бермұхамедовтен, тағы бір нұсқасын Шымкент оязының тұрғыны Е.Ақылбековтың қолжазбасынан алған. Ол Алпамыстың атын алғаш рет 1896 жылы баспа бетінде атайды да (Записки Восточного отделения Русского археологического общества, 1896, т. ХІ, вып. ІІІ – ІҮ, стр.292 ), сол жылы Сырдария облысы, Амудария бөлімі, Төрткөл болысының тұрғыны Жиемұрат Бермұхамедовтен қолжазбаны алады. 1897жылы баспаға даярлап, жырды «Материалы для статистики Сыр – Дарьинской области» /1901, т. Х/ деген жинақта бастырып шығарады.
Ә. Диваев бұл қолжазбаны қолына алғанға дейін де «Алпамыс» жырымен кең таныса отырып, оның қазақ халқының эпикалық мұрасы екеніне көзін анық жеткізеді. Сол себептен ол «Батырлар жыры » (Ташкент, 1922 ж.) деген еңбегінде берілген «Ардақты оқушыларға » атты алғы сөзінде былай деп жазған : «Алдарыңызға ұсынылып отырған «Алпамыс батыр » хикаясы Сырдария облысының қазақтары арасында зор орын тұтады. Қолдан жазылған «Алпамыс батыр» әңгімесін Сырдария облысының Амудария бөлімінің бұрынғы бастығы М.Д. Разгонов біздің қарауымызға жіберген еді, оған рахмет болсын. Оның бер жағында «Алпамыс батыр » хикаясы Сырдария облысы, Төрткөл болыстық қарақалпақ ақыны (жыршысы) Ж.Бермұхамед баласы тарапынан жазылған. Бірақ «Алпамыс батыр » шын қазақ халқының өлең – жыры болса да, бұларға қоңсы отырған қарақалпақ ақыны тарапынан жазылғандықтан, ішінде араб, парсы сөздері көп ұшырар еді. Мұны аударған уақытта қолымыздан келгенше сөздің негізгі мәнісіне жақын келуіне тырыстық», – дейді. Т.Сыдықов пен М. Ғабдуллин белгілі ғалым Ә. Диваевтің бұл пікіріне былай деп түсінік береді: «бұл текстіні бір ғана қазақ халқынікі деуі, әрине, жаңылыс еді » деп санайды. Ал бұл расында да «жаңылыс» па, жоқ шын мәнінде де жыр бір ғана халықтікі болуы мүмкін бе деген сұрақ жабулы күйінде еді. Бірақ «Алпамыс батыр» жырын алғаш зерттеп, ел аузынан жинаған Ә. Диваев болғандықтан, оның бұл пікірінің «жаңылыс» болмауы да мүмкін еді. Себебі, Ә.Диваевтің «Алпамыс батыр» жырын Ж.Бермұхамедовтен жазып алғаны белгілі. Сонымен қоса «Алпамыс» жыры қазақ халқының төл эпикалық шығармасы деген Ә.Диваевтің көзқарасы Жиемұрат тексін баспаға дайындағанда қолжазбаға жазған ескертпелерінен де айқын көрінеді. Бұл тексті қазақ халқынікі деуі, әрине жаңылыс емес еді. Сондықтан Диваевтың жыр қазақ халқының ең сүйікті мұрасы екенін баса көрсетуі орынды. Өйткені эпостағы Алпамыстың Гүлбаршынға үйленуі суреттелетін эпизод қарақалпақ халқының да, қазақ халқының да арасында кеңінен таралып кеткендігі, ел аузында жүргендігі әбден белгілі.
С. Сейфуллин өз мақаласында осы жырдың ұлттық дәстүрге сәйкес элементтері жөнінде де мәселе көтерген. Мақала авторының Алпамыстың дүниеге келуі, балалық шағы, оның үйленуі тұрмыс-салт эпосы «Қозы Көрпеш — Баян сұлумен» ұқсас келеді деп айтқан пікірі И.Чеканинский ойын пысықтай түскендей. Ауыз әдебиетінің осы екі шығармасында да ескілі өмір кәдесі ертедегі рулардың тұрмыс-салты, малшылар өмірі, бұрынғы Қазақстанға тән феодалдық-байшылдық қарым-қатынас айқын көрсетіледі. «Қозы Көрпеш — Баянның» мазмұны негізі болған — одан «Алпамыс» жырының бір түрлісінің де мазмұн негізі болған — екі байдың тәңірден бала тілеп, әйелдері екі қабат болғанда іште жатқан, дүниеге келмеген балаларды атастырып, құда болып баталасулары — билер тобы үстемдік жүргізген дәуірдегі ескі салтты көрсетеді. «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» әңгімесіндей «Алпамыс» әңгімесінде де ескіліктегі малшылық тұрмысы, малшылар мен малға ие болған байлардың жайлары молырақ суреттеледі». Ерекше дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиет магистрі Аманбаева Айжанның жұмыстарында аталған деректерден басқа да көптеген мәліметтер көрсетілген.
Алайда, оқырмандарға ЮНЕСКО шешімі өзгертілмеген жағдайда да қазақ халқының келешек ұрпағы, біздің болашақ балаларымыз Алпамыс батыр туралы ұмытпай, жырларды қазақтың ұлттық құндылығы деп білсін деген мақсатта қысқаша басты мәліметтерді ұсынып отырмыз. Тарихымызды бұрмалауға жол берми, дұрыс насихаттап, келер ұрпаққа жол сілтер өзіміз болғай.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.