Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Алла абырой берсін, майданға кетіп барамын": Дана Нұржігіт депутат болып сайланғаны туралы

Күні кеше сенат депутаты болып сайланған Дана Нұржігіт желідегі оқырмандарына жазба арнады. Ол барынша адал қызмет етуге уәде беріп, өзін қолдаған жандарға алғыс айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Дана Нұржігіт Сурет: instagram.com/dana_nurzhigit

«Қадірлі оқырмандарым,қымбатты отандастар! Маған жолдаған құттықтауларыңызды оқып отырмын. Көп рақмет! Президент жарлығымен маған жүктелген міндеттің мәртебесі қаншалықты биік болса, салмағы атан түйеге жүк боларлық соншалықты ауыр екенін жіті түсініп отырмын. Халық аманатын көтеріп, көптің үмітін ақтау енді біздің буынға жүктеліп отыр. Арық сөйлеп, семіз шықсын деймін...» - дейді ол. 

Әрі қарай ол алдағы уақытта да қолға алған жобаларының тоқтамайтынын жеткізді. Сондай-ақ, жасы үлкендерден бата сұрап, артылған жауапкершілікті сезіп отырғанын айтты. 

«Қал-қауқарымша адал еңбек етіп, ел өмірінен ажырамай, кабинет қызметкері емес, халық қызметшісі болуға ұмтыламын. Оны айтып отырған себебім: "Dara jol" хабары тоқтамайды. Сол жердегі кездесулер,үлгі тұтар тұлғалардың ақылы, тәжірибесі, кеңесі халық пен заман тынысын, тіршілік тамырының соғысын сезінуге айтарлықтай септігін тигізері анық. Үлкен диірменге, майданға кетіп бара жатырмын... Атымды ерттеп, батаңызды беріп, ақыл қосқан баршаларыңызға алғыс айтамын! Алла абырой берсін деймін...» - деп қорытты Дана Нұржігіт. 

Естеріңізге сала кетсек, осы уақытқа дейін тележүргізушілердің сенат депутаты болып сайланғанан хабарлаған едік. 

Талқылау