Неліктен Бишімбаев алқабилер сотын сұратты? Оларды сатып алу мүмкін бе? Сот процесі туралы сұрақтарға жауап береміз
Әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып-өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаев істі алқабилер сотында қарауды сұрап өтініш білдірген. Заңгерлердің бірі қоғамның назарында болуға тиіс істе алқабилер болуы керек десе, басқа тарап алқабилердің қатысуынсыз тек тәжірибелі судьяның шешімімен қаралғанын қалайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Алқабилер жиі ақтау үкімін шығарады”
Алқабилер – жасы 25-тен асқан Қазақстан азаматтары. Оларға бірнеше талап қойылады. Алқаби мүшесі сотталмаған, есі сау, психо және нарко есепте тұрмайтын, заң саласында жұмыс істемейтін адам болуға тиіс. Алқабилерді кездейсоқ жүйемен таңдап, іріктеп алады. Кейін оларға хабарлама келіп, сотқа шақыртады. Сол кезде алқабилерден бір-бірімен өзара таныс емес болуы, жақындарының да сот немесе құқық қорғау органдарында істемеуі сұралады. Тізімді жергілікті атқарушы орган, яғни әкімдік құрады. Осылайша он адам алқаби мүшесі болады. Оларға алқаби болғаны үшін аудандық соттың лауазымдық жалақысының 50% мөлшерінде республикалық бюджеттен ақша бөлінеді. Бұл – шамамен 180 мың теңге.
Алқабилердің сотта қатысуын айыпталушы тарап талап ете алады. Алқабилер өлім жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген қылмыстар, төтенше жағдайда және жаппай тәртіпсіздіктер кезінде жасалған кісі өлімі, аса қатігездікпен жасалған кісі өлтіру, әскери қылмыстарға қатысты істерге қатыса алады
Адвокат Жохар Өтебековтың айтуынша, былтырдан бастап алқабилердің құзыреті артқан. Бұрын тек өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған істерге қатыса алса, қазір педофилиядан басқа аса ауыр деп саналатын істерге араласады.
"Егер Бишімбаев ісін мысалға алсақ, осыған дейін айтып кеткен үш сұрақты негізге алады, яғни Салтанат Нүкенованы өлтіру фактісі расымен болды ма дегендей. Екінші мәселе – Салтанатты Бишімбаев өлтірді ме? Үшінші сұрақ – қылмыстың болғанына Бишімбаев кінәлі ме... Бұл қорғану мақсатында әлде басқа себеппен болмады ма дегенді анықтау қажет”, – деді Өтебеков.
Айтуынша, өмір бойына бас бостандығынан айыру шешімі шығуы үшін 10 алқаби мүшесі мен судья бірауыздан дауыс беруі керек.
Егер 15 жылдан асатын мерзімге соттау туралы айтсақ, онда ол үшін кем дегенде 8 алқаби дауыс беруі керек. Судья процесс барысында заң жоспарының кейбір мәселелерін шешіп қана қоймай, алқабилермен бірге дауыс береді. Сонда барлығы 11 дауыс шығады.
Заңгердің сөзінше, қазір ең басты дүние судьяны алқабилермен бірге дауыс берушілер қатарынан шығару керек.
“Судья алқабилерге әсер етпеуі керек. Бұл бірқатар дүниелерге жол ашады. Мәселен, судьяны өз мүддесі үшін пайдалануы, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық жағдайлары болуы мүмкін. Судья кез-келген жағдайда әсер ете алады, қолындағы билігі бәрібір әсерін береді. Сондай-ақ, алқабилер сотын одан әрі кеңейту мәселесі тұр. Алқабилердің кәсіби судьяларға бәсекелестік туғызуы маңызды", – дейді адвокат.
Заңгер қарапайым судьялар ақтау үкімін сирек шығаратынын, ал алқабилер салыстырмалы түрде айыпталушыны көбірек ақтап жіберетінін айтты.
"Бұған дейін судьялардың ақтау үкімдері 0,1% еді. Сотқа тартылған адамның ақталып шығу ықтималдығы мыңнан бір болатын. Қазір бұл көрсеткіш 0,7% өсті.
Ал алқабилердің ақтау үкімі 20% болған. Қазір азайды, 5-10% дегеннің өзінде судьялармен салыстырғанда ондаған есе айырмашылық бар. Статистикалық тұрғыдан алғанда, алқабилер сотында жеңілірек жаза алу мүмкіндігі жоғары. Бишімбаевтың алқабилерді сұратуына осы жағдай түрткі болуы мүмкін”, – дейді Жохар Өтебеков.
Яғни, статистикалық тұрғыдан алқабилер сотымен жеңіл жаза алу мүмкіндігі жоғары. Мұны Бишімбаев та басшылыққа алуы әбден мүмкін деп болжайды Жохар Өтебеков.
“Өлген адамды қайтара алмаймыз” деп салғырт қарайды
Желі белсендісі, "Қорғаудағы балалар" қорының басшысы Жанна Ахметова Facebook-парақшасында Бишімбаевтың соты алқабилердің қатысуымен өткеніне қарсы екенін айтты. Айтуынша, алқабилер заң саласына қатысы жоқ кез келген тұлғалар және олардың ойын өзгерту оңайға соғады.
“Бұл – кездейсоқ таңдалған қазақстандық азаматтар. Олармен байланысқа шығуға болады. Бұл жұмысы үшін оларға, әрине, тиын-тебен төленеді, оларды ешкім бақыламайды. Әрине, заң мен ережелер бар. Бірақ біздің елде заңға кім құлақ асып жатыр?
150 мың жалақы алатын медбикені елестетіп көріңізші. Оның шамасы біздің денсаулық сақтау министріміз айтқан сөмкенің жартысын немесе көйлектің бір матасын алуға ғана жетеді. Медбике мұны үш баласына бір ай тамақ бермей, сол ақшаны жинаса ғана алуы мүмкін! Енді ол алқаби болып тағайындалған кезде оған "міне, үш миллионды ал, балаларыңды дұрыс тамақтандыр" дейді. Ол қандай шешім қабылдайды деп ойлайсыздар?”, – деді Ахметова.
2024 жылғы Қазақстан қалаларына арналған ораза кестесі жарияланды
Айтуынша, біздің қоғамда “өлген адамды, бәрібір қайтара алмаймыз” деп жылы жабу бар.
“Мысалы, ата-аналарының абайсыздығынан қайтыс болған балалардың ата-аналарына түсіністікпен, тым мейіріммен қарайды. Өрт кезінде қаза тапқан, қоқыс шұңқырларына батып кеткен немесе көп қабатты терезелерден құлаған кезде “ата-ана онсыз да қиналып жүр, тиіспейік, балаларды қайтара алмаймыз” деп өзімсінеді. Жағдайы төмен медбике тірі адам тіршілігін жасайды, өлген адамды қайтара алмаймыз деп, шешімге салғырт қарай салады. Ал өзгелердің не ойлайтыны оны алаңдатпайды”, – деді ол.
Осылайша Жанна Ахметова резонансты істерді білікті судьяның өзі қарағанын қолдайды.
“Қоғамдағы сексистік көзқарастағы адамдар істі күрделендіреді”
Заңгер Дайана Дүйсенбекова да алқабилердің сотта әділдікті қамтамасыз ететініне сенімді. Алайда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты істерде, соның ішінде экс-министр Бишімбаевтың ісінде алқабилердің болуына теріс көзқараспен қарайды.
“Құқықтық нормаларды ескере отырып, алқабилердің шешімі эмоцияға негізделеді және оларды сатып алуға болады деген пікір абсолютты дұрыс деп ойламаймын. Себебі оның бәрі заңмен реттеледі. Бірақ қарапайым халықтың құқықтық сауаты төмен екенін ескере отырып, мұндай істе бейтарап болады деп айту қиын. Сондай-ақ сексистік көзқарастағы адамдардың көп болуы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты проблемаларды шешуді күрделендіреді”, – деді Дүйсенбекова.
Сөзінше, бұл істе нақтылық пен кәсібилік маңызды.
“Қуандық Бишімбаевқа қатысты түрлі ақпараттық шабуылды, оның кей блогерлерге әсерін көрдік. Ол экс-шенеунік болғандықтан, алқабилерге төнетін қысым бәрібір де болады деген пікірдемін. Аса ауыр қатыгездікпен әйелін өлтірді деген күдікке ілінгендіктен, бұл істі тек профессионал судья қарауы керек деп ойлаймын, яғни тек осы іс алқабилерсіз өткені дұрыс”, – деді ол.
Сот процесі алқабилердің қатысуымен қалай өтеді?
Алқабилер судьяға шешім шығаруға көмектеседі. Қылмыстық іс жүргізу кодексі бойынша оларға сот отырысы кезінде сот залынан шығуына, басқа адамдармен байланысқа түсуге, жабық сот отырысындағы мән-жайларды жария етуге, сондай-ақ кеңесу бөлмесінің құпиясын бұзуға тыйым салынады.
Алқабилер сот залында болады және дәлелдемелерді зерттеу кезіне қатысады. Прокурор сотталушының айыбын көрсетеді. Сотталушы тағылған айып бойынша өз ұстанымын айтады. Содан кейін куәлардан, жәбірленушілерден, мамандардан, сарапшылардан жауап алынады. Дәлелдемелерге көз жеткізу үшін алқабилер аумақты және үй-жайларды тексеруге құқылы.
Алқабилер сот барысында осы үш негізгі сұрақтың жауап берілуіне мән береді:
- Іс-әрекеттiң болғаны дәлелдендi ме;
- Іс-әрекеттi сотталушының жасағаны дәлелдендi ме;
- Бұл іс-әрекеттiң болуына сотталушы кiнәлi ме.
Сонымен қатар қылмыстық- процестік кодекстің 654-бап 2-тармағына сәйкес, сотталушының кiнәлiлiк дәрежесiн арттыратын немесе төмендететiн не оның сипатын өзгертетiн мән-жайды анықтау үшін жекеше сұрақтар қойылуы мүмкiн.
Алқабилер үш негізгі сұраққа Иә/Жоқ деп таза қағазға жазады да, жәшікке салады. Судья мен 10 алқабидің дауысы сараланып, дауыс беру нәтижелері сауалнамаға енгізіледі, оған судья мен алқабилер қол қояды. Сауалнама іс материалдарына қоса беріледі.
Үш сұрақтың да жауабы оң болған жағдайда ғана айыпталушының жазасы туралы мәселе қозғалады. Ол ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Судья үкімді оқиды. Ал үкімде алқабилердің аты-жөні көрсетілмейді. Үкім жарияланғаннан кейін алқабидің өкілеттігі тоқтатылады.
Айта кетейік, бұған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды.
Бұған дейін Салтанат Нүкенованың жақындары оның отбасылық өмірі туралы айтып бергені туралы жазылған. 26 ақпанда оның ісі сотқа жіберілді.