Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әлішер Кәрімов: Кафеде күніне 300 теңгеге ән айтатынмын

Әлішер Кәрімов алғаш рет сахнаға бес жасында шыққан. Бала күнінен әнші болуды армандаған ол өнер әлеміндегі алғашқы қадамын «Әнші балапан» байқауынан бастады. Ал Әлішердің үлкен сахнаға шығуына жол ашқан – «Super Star» жобасы болды. Әнші аталмыш ән байқауынан кейін жұлдыз ауруымен ауырғанын жасырмады. Әлішер сол уақытта продюсерлерден ұсыныс түсетініне сенімді болғанын айтты. Тек оның ойы жүзеге аспады.

51816611

Бұл туралы Майя Бекбаеваның авторлық бағдарламасында айтылды.

«Жас болдым. Барлық продюселер ұсыныс білдіреді деп ойладым. Жұлдыз болдым. 20 жаста. Бірақ уақыт өткен соң өзім қимылдамасам ештеңеге қол жеткізбейтінімді түсіндім. Ән жаздыру керек, елмен қарым-қатынаста болу керек екенін ұғындым. Өйткені уақыт өте береді. 30 жасқа толғанда ешкімге керегім болмайтынын ұқтым. Екі жыл бойы кішігірім кештерде ән айтып, ақша тауып жүрдім», – деді Әлішер Кәрімов.

Әлішер «Super Star» жобасына дейін де мейрамханаларда ән айтып, ақша тапқан. Тек ол кезде есімі белгісіз әнші күніне небәрі 300 теңге үшін ел алдына шыққан.

«Иә, Алматыда көтерме сауда базарындағы кафелердің бірінде күніне 300 теңгеге ән айтатынмын. Бірақ менің басқа амалым болмады», – дейді ол.

Әлішердің орындауындағы «Келемін саған» әні кезінде сөзсіз хит болды. Тек бұл өзге елдің туындысы екенін екінің бірі біле бермейді. Әнші шетелдік композитордың рұқсатынсыз аталмыш әнді еншілеп алғанын мойындады.

«Бұл маған арналып жазылған ән емес, яғни бір әннің кавер нұсқасы. Түркиядан бір танысым диск әкеліп берген, осы әнді де сол жерден тыңдадым. Түрік әншісі айтады екен. Әнді ұнатқаным соншалық, оны қазақ тіліне аударып айтқым келді. Ол кезде әлеуметтік желілер аса қатты дамымаған. Ол бүгінде кез-келген композиторды желіден тауып, хат жазуға, рұқсат алуға болады. Оны айтып шықтым. Біраз уақыттан кейін ол әннің негізгі түпнұсқасы гректердікі екенін білдім. Сөйтсем түріктер де бұл әнді гректерден алған екен. Одан бөлек аталмыш ән Болгария елінде де танымал. Яғни «Келемін саған» әні үш мемлекеттен өтіп барып қана Қазақстанға келді», – деп түсіндірді Әлішер.

Есесіне Әлішер біреудің әнін алса да, бүгінде өзінің әнін айтып жүрген әншілерге ренжулі.

«Қазір менің әндерімді айтып жүр. Жуырда YouTube желісінен көрдім, Дағыстанда бір әнші «В океане глаз» әнін орындайды. Ал Қырғызстанда мен өзім жазып шығарған «Таба алмайсың» әнін қырғыз әншісі орындап жүр. Мен ол әншілермен хабарласып, сотқа бермейтінімді, тек алдын ала ескертіп рұқсат сұрауды өтіндім. Былай қарасаңыз қызық, кезінде өзім біреудің әнін сұрамай алсам да, бүгінде менің әнімді айтатын адамдар алдымнан өтсе деймін», – деді Әлішер.

Жіберіп алмаңыз: 

Әлішер Кәрімов жүрегін жаралаған қызға ән арнады (видео)

Қайрат Нұртас жол апатынан кейін туған жерінде концерт берді (видео)

Ерке Есмаханның Оралдағы концерті өтпей қалды

Аша Матай тұңғышын дүниеге әкелді

 

 

 

Талқылау