Әлімжеттік туралы видео жариялаған астаналық студенттің анасы жауапқа тартылды
Астаналық студент желіде жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылық көрсетілген бейнежазба таратқан. Полиция жігіттің жеке басын анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Liter.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Ru.freepik.com
Видеоға түсірілген оқиға Қазақстан аумағынан тыс жерде болғанымен, әлеуметтік желілерде үлкен резонанс тудырды. Видео авторы 17 жастағы колледж студенті болып шықты. Ол видеоны пабликтердің бірінен жүктеп, өңдеп желіде өз парақшасына жариялаған. Осылайша желі қолданушыларының назарын аударғысы келген.
“Мән-жайды анықтау үшін студент полиция бөліміне жеткізілді. Онымен бірге оның заңды өкілі де шақырылды. Енді ол ұлының әрекеті үшін жауапкершілікке тартылады”, – делінген хабарламада.
Астана қаласының полиция департаменті зорлық-зомбылық көріністері бар контентті тарату құқықтық салдарға әкелетінін ескертті. Құқық қорғау органдары азаматтарды ақпаратты тексеріп, күмәнді материалдарды таратпауға шақырады.
Бұған дейін Назарбаев университетінде "студенттің қыздарға арналған әжетхананы видеоға түсіргенін" хабарлаған жігіт оқудан шығарылатыны туралы жазған едік.