Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әлімжеттік: Бибігүл Дәулетбекқызы жас кезінде айлығының жартысын әріптесіне беріп отырған

Танымал журналист Бибігүл Дәулетбекқызы жас кезінде басынан өткен хикаясын баяндады. Ол телеарнада жаңадан жұмыс істеп бастаған кезінде әлімжеттіктің құрбаны болған. Дәулетбекқызы өзін жұмысқа шақырған әріптесіне айлығының тең жартысын беріп отырған, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі.

Әлімжеттік: Бибігүл Дәулетбекқызы жас кезінде айлығының жартысын әріптесіне беріп отырған

“Неге дейсіздер ғой. Себебі, ол менің жүргізіп жүрген бағдарламама басшылыққа айтып, жанына алды. Оның сөзімен айтқанда “жанашыр әпкем”. Сол үшін өмір бойы қарыздармын. Ол кезде жаспын, аңқаумын, сенгіштігім тағы бар. Солай болу керек шығар деп жүрдім. Бірде Инна Викторовна осыны біліп қойып, әбден ұрысты. – Сен бір ай бойы күндіз-түні жұмыс жасайсың. Костядан естідім айлығыңның жартысын береді деп. Не үшін? Сенің бұл еңбегің! Екінші рет берме! – деп, қадап тұрып айтты”, – деп бастады сөзін журналист.

Бұдан кейін Бибігүлге “жанашырлық” етіп жүрген әріптесі өзге мемлекетке бір айға кеткен. Ал аптасына бес рет эфирге шығатын бағдарлама сәйкесінше Дәулетбекқызының мойнында қалған.

“Айдың соңында айлығымды көріп, өзім шошып кеттім. 20 бағдарламаның ақшасы әжептәуір екен. Сонда да, әлгі жанына алған апайға жартысын беруім керек деп ойладым да, бірақ, не үшін дедім өзіме? Мен съёмкаға барамын, сценарийді жазамын, монтажда отырамын…не үшін? Үлкенді сыйлап қалған басым, оған 17 мың теңгені бердім. Ол қарамай қалтасына сала салды. Ұрланып қалтаға сүңгітті. Бұл құпияны екеумізден басқа ешкім білмейтін. Орыс редакциясында кодировка жасап отырсам, әлгі әпкеміз жаныма жұлқынып келді де: – Ей, мынауың не? Неге сен маған он жеті мың теңге бересің? – Себебі, сен ешқандай бағдарлама жасамадың ғой, – дегенім сол еді, әлгі ақшамды бетіме лақтырып жіберді”, – деп еске алды журналист.

Ашуланған тілші не істерін білмей, бетін жуып, далаға қарай асыққан. Алайда ешкімге қарсы сөз айтпаған. Ұяң болған кезім еді, деп еске алады журналист.

“Жылап барамын Республика алаңында. Қолымда телефоным бар. Сөмкем жұмыста қалып қойды. Азарлана өксіп жылаймын ғой. Бір кезде ар жағымнан: “Бибигуль!” деген дауыс естілді. Жалт қарасам қара джиптің ішінде Сергей Викторович отыр екен. – Что случилось? Кто вас обидел? – деді. Өксіктен дауысым дірілдеп шығар емес. – Быстро ко мне в кабинет! – деді қатқыл үнмен. “Барғанда не деймін?” дедім де, жұмыстағы қыздарға айтып, сөмкемді алдыртып, такси ұстап үйге кетіп қалдым. Бір уақытта ұялы телефоныма Самал апай қоңырау шалып, тезірек келуімді өтінді.

Бірге тұратын Зәуре мен Мадина: – Барсайшы, мүмкін жақсы жаңалық болып қалар, -деді.
Сергей Викторовичтің қабылдауына кіргенім сол еді, қазақ басшым: – Неге маған айтпадың? – деп дұрсе қоя берді. – Нені? – Мен барлығын білдім Инна Викторовнадан. Неге сені вымогать етіп жүргенін айтпайсың?
Үндемедім.

Жоғарғы басшының алдында отырмыз. Клещенков маған: – Мына ақ қағаз, мынау ручка. Тезірек отырыңыз да әлгі шантажист әйелдің үстінен арыз жазыңыз! – деді.

Шошып кеттім. – Не үшін? – Жұмыстан шығарамыз.

Көзім атыздай болып кетті. – Қойыңызшы, керегі жоқ. Оның ипотекасы бар, екі сіңлісі мен екі ағасымен екі бөлмелі пәтерде тұрады. Негізі ол жақсы… – деп келе жатыр едім.

Марқұм Сергей Викторович басын шайқап, қазақ басшыма қарады. Қазақ басшым: – Жазсайшы, жаз дегенде! Ол сенен алты ай бойы нахалява ақша алып келген. Одан қалды бағана сені орыс редакциясында жұрттың көзінше бетіңе ақшаны лақтырып, ауызына келгенін айтыпты. – Жо-о-о-оқққ, – дедім жерге төмен қарап, басымды шайқап.

Кабинеттен шыққаннан кейін қазақ басшым әлгі жанашыр әпкемді шақырып алды да: – Сен қандай адам едің? Білесің бе Бибігүл екеуміз қазір кімнен шыққанымызды? Сергей айтты Бибігүлге арыз жаз деп, ал бұл жазбаймын деді. Ал сен болсаң, бұның үстінен төпелеп мына арызды жазып үлгердің, тағы келіп мына хатыңды жазыпсың. Рақмет айт, Бибігүлге! Бұның орнында басқасы болғанында баяғыда жұмыстан қуылып, охранадан кіре алмай тұрар едің! – деді.

Әлгі әріптес қыз жылап жіберді де, менен кешірім сұрады”, – дейді Дәулетбекқызы.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

STAN.KZ
Жұма, 05 Қазан, 2018 14:41
Талқылау