Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Алғашқы үш күн күттім": Әнші Ғалымжан Сүлеймен өзін соққыға жыққан Мұқасан Шахзадаевты кешірмейтінін мәлімдеді

Ғалымжан Сүлеймен Мұқасанды кешірмейді Фото: instagram.com/mukassan

“Нұр-Мұқасан” тобының жаңа әншісі Ғалымжан Сүлеймен өзін соққыға жыққан әріптесі Мұқасан Шахзадаевты кешірмейтінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Кеше өнер иесінің мұрнына ота жасалған, кейінірек ісік басылған соң мұрынның қабырғасына тағы ота жасалады. Оның жағдайын білу үшін әншінің адвокаты Инга Иманбай мен Жан Ахмадиев ауруханаға барған. 

Әнші Мұқасан Шахзадаевтың оқиғадан кейін бірде-бір рет хабарласпағанын айтып, енді оған кешірім берілмейтінін мәлімдеді

“Өкінішке қарай, Мұқасан өзі кешірім сұрап хабарласқан жоқ. Тек оның атынан келушілер көбейіп кетті. Бірақ өзі бір ауыз шықпады. Бұл тәкаппарлықтың шегі деп ойлаймын. Енді келіп кешірім сұраса да, кешірмеймін. Алғашқы үш күнде күттім, одан кейін де күттім. Енді жоқ”, – деді әнші.

Ғалымжан Сүлейменнің адвокаты Инга Иманбайдың сөзінше, іс ҚР Қылмыстық Кодексінің 107 бап “Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру” бойынша қаралады.

“Адам денсаулығына қасақана орта дәрежеде зиян келтіруге 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл Қылмыстық кодекстің 107-бабы “Азаматқа қасақана жасалған қылмыс” саналады. Адамдар тобының алдын ала сөз байласып, шақырып алып соққыға жығуы – әлімжеттік деп бағаланады. Бұл кісілер бір салада жүрген орындаушылар, Ғалымжан жасы кіші, ал Мұқасан үлкен. Біз қоғамдағы, әскердегі әлімжеттік туралы жиі айтамыз, ал халыққа үлгі болуы тиіс өнер адамдарының өздері бір-біріне әлімжеттік жасап жүр”, – деді ол.

Оқиғаның мән-жайы

Еске салайық, бұған дейін Мұқасан Шахзадаев “Нұр-Мұқасан” тобының жаңа әншісін соққыға жықты деп айыпталғаны хабарланған еді.

Кейінірек “Нұр-Мұқасан” тобының әншісі Мұқасан Шахзадаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалған еді. Араға екі күн салып Мұқасан Шахзадаев әріптесін соққыға жыққаны үшін ұсталғаны хабарланды.

Балнұр Жұмаділла
Жұма, 28 Қараша, 2025 23:22