"Зиянсыз көрінген парақша байқатпай басқа әрекеттерге үндеуі мүмкін": Радикалды діни топтар адамдарды интернетте қалай арбайды?
Фото: Unsplash.com
Қазақстан аумағында тыйым салынған террористік құрылымдардың ресми ұлттық тізіміне шетелдік 21 ұйым енгізілген. Мұндай ұйымдар заманауи құралдарды да қолданатыны белгілі. Діни радикал топтар қазіргі технологияларды қалай қолданып жүр? Деструктивті ағымдар әлеуметтік желі арқылы жастарды, жалпы халықты қалай арбайды? Stan.kz ақпарат агенттігіне Нұр Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD Альбина Дүйсенбаева жауап берді.
Профессор әуелі деструктивті діни ағымдардың қаупін атап өтті. Оның сөзінше, мұндай жүйелер жеке адамнан бастап, діни жағдайды шайқап жіберуі мүмкін.
"Деструктивті діни ағымдар – тұтас бір қоғамнан бастап жеке адамның немесе топтың санасын бұзуға бақытталған қозғалыстар. Олар діннің атын жамылып, негізгі құндылықтары мен принциптерін керағар түсіндірмелер арқылы діни агрессия мен радикализмді тудыратын көзқарастар мен іс-әрекеттер жүйесінен тұрады. Мұндай құбылыстың салдары жеке тұлғаның күйреуінен бастап тұтас бір қоғамдағы діни жағдайдың шайқалуына дейін ұласу қаупі бар. Жалпы діни деструктивтілікті анықтаудың бірнеше түрлі әдістері мен типтері бар. Қазақстанда ол заң негізінде және дінтану сараптамасы негізінде жүзеге асады. Мәселен, "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы", "Экстремизмге қарсы іс қимыл туралы" заңдармен реттеледі", – дейді зерттеуші.
Қазақстанда қандай деструктивті діни ағымдар тараған?
Egov сайтына сүйенсек, қазір Қазақстан аумағында тыйым салынған террористік құрылымдардың ресми ұлттық тізіміне келесі шетелдік 21 ұйым енгізілген: "Аль-Каида", "Шығыс Түркістандағы исламдық қозғалыс", "Өзбекстандағы исламдық қозғалыс", "Күрд Халық Конгресі" ("Конгра-Гел"), "Асбат аль-Ансар", "Братья-мусульмане", "Боз гурд", "Орталық Азиядағы Жамаат моджахедтер", "Лашкар-е-Тайба", "Әлеуметтік реформалар Қоғамы", "Хизб-ут - Тахрир" ұйымы, "АУМ Синрикё", "Шығыс Түркістан азат ету ұйымы", "Түркістан ислам партиясы", "Джунд-аль-Халифат", РҚБ "Сенім. Білім. Өмір", "Таблиги джамагат", "Ат-такфир уаль-хиджра", "Ислам мемлекеті" (ДАИШ), "Ан-Нусра фронты", "Йакын Инкар".
Тыйым салынбаған діни қозғалыстар да бар, олар "энергия тазарту", "рухани ояну, даму" деген желеумен басым
Алайда елімізде деструктивті тыйым салынған діни ұйымдар ғана емес, кейбір тыйым салынбаған діни қозғалыстар да бар екенін атап өткен маңызды. Бұл туралы жалпы бұқаралық ақпарат көздерінен, дін саласындағы мемлекеттік мамандар мен дінтанушы және теолог мамандардан жиі естиміз.
"Бұл діни қозғалыстар заңды тұрғыдан ресми діни экстремистік немесе террористік деп шектелмегенімен, қоғамда түрлі идеологиялық, әлеуметтік немесе рухани қауіп-қатер төндіру ықтималдығы басым. Себебі қоғамдағы діни жағдайды шиеленістіруге, діни еркіндікті шектеуге, діни сеніміңізге күмән тудыруға немесе зорлықпен, мәжбүрлікпен, психологиялық және физиологиялық қысымдар арқылы дінді таратуға бағытталған сипаттары бар. Мұндай сипаттар діни радикализмнің, деструктивизмнің нақты белгілеріне жатады. Мұндай псевдодіни топтарда қоғамнан оқшаулау, сыртқы ақпараттарды шектеу, қатаң бақылау, рухани тәуелділік, эмоциялық тұрақсыздықты тудыру әрекеттері басым болып келеді. Солардың ішінде, "энергия тазарту", "рухани ояну", "рухани даму" сияқты эзотерикалық, оккульттік, спириттік, жалған психологиялық бағыттарды да атап өткеніміз жөн", – дейді маман.
Бұрын мамандар миссионерлік әрекеттер нақты топқа бағытталады десе, қазір әр адамды жеке тәсілмен арбау әдістері байқалатынын айтты.
"Әрине, мұндай радикалды, деструктивті көзқарастағы псевдодіни қозғалыстардың таралу жолдары сан түрлі. Осыған дейін олардың ұйымға қатысты миссионерлік әрекеттерін жалпы саралап келсек, қазір индивидуалды арбау әдістеріне көп сүйенетінін байқаймыз. Әр жеке адамның сұранысына қарай, жалған дінді тарату әдістері де сан түрлі. Дінтанушылар тарапынан, қауіпті діни ұйымдардың қармағына ілінбеудің кепілі діни сауат пен ұлттық құндылықтар, зайырлылық принциптері екені қашанда айтылып келеді", – деп түсіндірді профессор.
Радикал топтар әлеуметтік желі арқылы қалай арбайды?
Сонымен қатар қазір интернет пен әлеуметтік желілердің рөлін елемей өту мүмкін емес. Түрлі қауіпті діни идеология өкілдері мұны өз пайдаларына ұтымды пайдаланып келеді. Альбина Дүйсенбаева олардың ішіндегі негізгі әдістерге тоқталды.
- Әлеуметтік желідегі эмоцияға бағытталған контенттер. Бір қарағанда қанаттандыратын, жанды жеріңізге тиетін, сіздің ішкі сезімдеріңізге дөп тиетін қысқа және әсерлі жарияланымдар. Олар шорт видео, рилстар, қанатты цитаталар және т.б. Аудиторияның назарын үнемі ұстап отыру үшін тарихи немесе қоғамдағы әділетсіздіктер, бейне бір құқығыңызды қорғаушылар немесе құндылықтарыңызды жоқтаушылар ретінде, ерекше тақуа, әулие, пәк образды сомдайды.
- Груминг. Бұлар – жабық чаттар немесе жеке хабарламалар, индивидуалды әдістер. Сізге уақыт арнап, қолдаушы, қорғаушы, ымырашы ретінде сенімге енеді.
- Манипулятивті нарративтер. Түрлі ақтаулар мен аналогиялық түсіндірмелер арқылы өз идеологияларын ғана ақ, ақиқат етіп көрсету техникалары.
"Алғашында зиянсыз көрінген парақша байқатпай басқа әрекеттерге үндеуі мүмкін"
"Кезең кезеңімен немесе сатылы радикализациялау – жоғарыдағы әдістердің тоғысатын тұсы. Алғашқыда зиянсыз, пайдалы, қанатты болып көрінген парақша ақпараты біртіндеп, байқаусыз, кейде қысыммен, агрессиямен, эмоциялық, психологиялық бағыттаумен белгілі бір зорлық-зомбылыққа, "қасиетті күреске" үндеуі. Мұндай арналар "жұмсақ" ықпалдар арқылы интернеттегі платформаларды пайдаланып, көп азаматтарымызды діни адастырушылыққа тартып жатыр", – деп ескертті ол.
Қорғану және алдын алу тетіктері жеке адамнан бастап мемлекеттік деңгейге дейін бірігіп әрекет етуді қажет етеді. Төмендегідей белгілерді байқасаңыз, қауіптеніңіз:
- Жоғары эмоциялық контенттер. Басында жағымды үндеулер біртіндеп қатыгездікке, әділетсіздікке, қатаң бөлінушілік пен шектеуге шақырса;
- Абсалютті "таңдаулылармыз" деп, басқаларды "кәпір", "дұшпан" атап, "мемлекетті мойындамау", "құқықтарыңызды шектеу", "білім алмау", "отан қорғамау", "отбасыңнан бас тарту" сынды үндеулер болса;
- Сонымен қатар, әрине, "жеке чаттарға" шақыру, "жеке деректеріңізді сұрату", "қаржылық қолдау", "түсініксіз қайырымдылық", дін атынан "күрес" сынды үндеулер болса қауіптенгеніңіз жөн.
Деструктивті ағымдардан қалай қорғанамыз?
Қауымдастырылған профессор ең бастысы, артық қызығушылық танытып, олардың бұрыстығын немесе өз көзқарасыңыздың ақиқат екенін дәлелдеуге тырыспаңыз деп кеңес берді.
"Ешқашан олармен байланыспаңыз, жеке деректеріңізді бөліспеңіз. Құқық қорғау органдарына жүгініңіз. Артық қызығушылық танытып, олардың бұрыстығын немесе өз көзқарасыңыздың ақиқат екенін дәлелдеуге тырыспаңыз. Кәсіби мамандарға немесе тиісті мекемеге жүгініңіз. Таныс емес, сенімсіз сілтемелерді ашпаңыз. Сыни ойлау – сіздің негізгі қорғану құралыңыз. Әр ақпаратты сыни електен өткізген жөн. Ақыл мен сауат ешқашан адастырмайды. Есіңізде болсын! Діни ақпараттарды, материалдарды заңсыз насихаттау, уағыздау, кез келген жолмен бөлісу, тарату заң алдында жауапкершілікке алып келеді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы азаматтарының діни сенімі заңмен қорғалады, діни алауыздыққа, қасиетті сезімдеріңізді қорлауға, діни еркіндігіңізді шектеуге заңмен жол берілмейді", – деп түйіндеді Нұр Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінің қауымдастырылған профессоры, Альбина Дүйсенбаева.
"Бағасы Еуропадан 10 есе төмен": Қазақстанға БАӘ, Ұлыбритания, Германиядан шетелдіктер медициналық көмек алуға келеді