Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әлемде тоғызыншы орын алатын елде жер тапшылығын сөз етудің өзі артық": Мамандар Алматы әкімінің бастауыш сыныптарды тұрғын үйлерге көшіруге қатысты ұсынысына пікір білдірді

Алматы әкімі Ерболат Досаев өткен аптада мемлекеттік мектептердің бастауыш сыныптарын тұрғын үйлердің бірінші қабатына орналастыруды ұсынды. Алматы мектептерінде балаларға 20 мың орын жеткіліксіз. Алайда мәселені шешудің бұл жолы қаншалықты тиімді? Мамандардың пікірі екіұшты. Бірі - әлемде жер көлемі бойынша тоғызыншы орын алатын мемлекетте жер тапшылығын сөз етудің өзі артық деп, ұсынысқа қарсы шықса, ендігілері әкімнің бастамасын қолдап отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Время" газетіне сілтеме жасап. 

Мәселен, бастауыш сынып мұғалімі Елена Мажибаева мұндайды елестетудің өзі қиын, дейді. Ол бала жүрген жерде шу басым болғандықтан, ата-аналар мен тұрғындар арасында кикілжіңдер болады деген пікірде.

"Мектеп - ол бөлек тұрған, қоршалған ғимарат. Бала, әсіресе кішкентай болса, онда өзін қауіпсіз сезінеді. Ол өте маңызды. Біз аулаға таза ауамен тыныстау үшін шығамыз, сабақтан кейін ата-аналарды күтіп аламыз. Егер бастауыш сыныптарды тұрғын үйге орналастырсақ, мұның барлығы қалай ұйымдастырылады, елестетудің өзі қиын. Көліктер кіріп, тұраққа тоқтай ма әлде топтың алдына? Бұл тұрғындарға ұнасын ба?" - дейді ұстаз. 

Одан бөлек, мектепте балалар қажет ететін мұғалімнен өзге қызметкерлер мен арнайы іс-шара өтетін орындар бар, ал тұрғын үйде жоқ, деп ашынды ол. 



"Күзет, медицина қызметкері, тазалаушы, әкімшілік - біз өзімізге өзіміз қарай алмаймыз ғой. Олар да тұрғын үйге орналаса ма? Онда неше кабинет пен ғимарат беріледі? Ал асхана ше? Сыныпта отырып тамақтануға рұқсат жоқ. Балалар бәліш пен бутерброд алып келсін, Құдай сақтасын, дизентерия болса ше? Ал күн жылыда далада, күн салқында спорт залында өтетін дене шынықтыру сабақтары? Оқушылар онсыз да үнемі отырады, қозғалу мүмкіндігі тағы шектеледі", - дейді мұғалім.

Ал әлеуметтік инклюзивті бағдарламалар орталығының жетекшісі Салтанат Мурзалинова-Яковлева барлық мәселені реттеуге болады деген пікірде.

"Алматы мектептерінде орын тапшы, қалада жер жоқ, жаңа мектеп салатын орын да жоқ. Сондықтан Досаевтың ұсынысының негізі бар деп ойлаймын", - дейді ол. 

Оның пікірінше, спорт зал мәселесіне келгенде жақын маңдағы өзге мектептермен келісімге келуге, ал тамақты тапсырыспен алдыруға болады. 

"Мен жеке тәжірибеме сүйеніп сараптаймын. Бірнеше жыл бұрын біз қосымша білім беру инклюзивті орталығын тұрғын үйдің бірінші қабатынан аштық. Бізде қарапайым балалар да, дамуында ерекшелігі бар балалар да оқиды. Негізгі мәселе сол, аулаға шыққанда басқалармен салыстырғанда біздің тәрбиеленушілердің дауыстары қатты шығатын. Бізге: "Мүгедек арбасының дөңгелегімен ауладағы резеңкелі төсемді құртып жатырсыңдар", - деп айтқандар да болды. Ара-тұра қақтығыстар болып тұратын. Әлі де қиыншылықтар бар, бірақ ақырындап көршілермен қарым-қатынас түздік", - дейді спикер.

Ал адам құқықтары бойынша заңгер әрі ассоциаланған профессор Халида Әжіғұлова балаларға келгенде ешқандай келісімге келуге болмайды деп отыр. 

"Бұл ұсынысқа үзілді-кесілді қарсымын. Ол біздің елімізде бекітілген "Балалар құқығы туралы" конвенциясында көрсетілген Қазақстанның халықаралық міндеттерін бұзады. Аталған құжаттың 3-бабында балаларға қатысты қандай да бір шешімдерге келгенде мемлекеттік органдар бірінші кезекті баланың мүддесін басшылыққа алуы керек делінген. Мына жағдайда ереже сақталып тұр дей алмаймын. Керісінше, әкімдік пен құрылыс компанияларының мүддесі алға шығып отыр. 

Мектепте орын жетіспейді, ал жоғарыға мәселе шешілді деп есеп беру керек. Ол үшін не істеу керек? Бастауыш сыныптарды тұрғын үйлердің бірінші қабатына орналастыруға рұқсат беру керек. Осылайша біз қаладағы бейберекет құрылысты елеп-ескермеген Алматы әкімдігінің көп жылдық саясатының салдарымен күресеміз", - дейді ол. 

Әжіғұлованың пікірінше, әлемде жер көлемі бойынша тоғызыншы орын алатын елде жер тапшылығын сөз етудің өзі артық. Әрі ол қала орталығында орын болмаса, шет аудандарды тиімді пайдалануға болады, ал балалар қиналмас үшін оларға тегін көлік ұйымдастыруға болады деген пікірді алға тартты. 

"Балалардың құқығын қорғау мәселесіне келгенде келісім болмау керек, бұл приоритет. Сондықтан тұрғын үйлердің бірінші қабатында мектеп салуға рұқсат беруге болмайды. 

Тағы бір маңызды мәселе. Алматы немесе елордадағы лық толған мектептерді сөз етіп, өзге аймақтарды ұмытуға болмайды. Тек миллиондаған тұрғыны бар қалаларға емес, кішігірім елді мекендерге де ақша бөлетін уақыт жетті. Егер адамның өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасалса, ол өзінің туған қаласынан немесе ауылынан кеткісі келмейді", - дейді Әжіғұлова.

Талқылау