Әлемде 186 елдің ішінде бір мемлекет қана өз азаматтарын азық-түлікпен толық қамтамасыз ете алады – Зерттеушілер
Фото: freepik.com
Эдинбург университеті мен Георг Август атындағы Гёттинген университетінің ғалымдары жүргізген зерттеуге сәйкес, әлемдегі 186 елдің ішінде Гайана ғана өз азаматтарын азық-түлікпен толық қамтамасыз ете алады. Оңтүстік Америкада орналасқан мемлекет шетелден өнім сатып алмай-ақ күн көре алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Nature басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Зерттеу тобы әр елдің өз халқын жеті негізгі азық-түлік тобы бойынша қаншалықты қамтамасыз ете алатынын анықтаған. Ол азық-түлік түрлері: жеміс-жидек, көкөніс, сүт өнімдері, балық, ет, өсімдік тектес ақуыздар (мысалы, бұршақ тұқымдастар, жаңғақтар, жармалар) және крахмалға бай өнімдер (картоп, күріш, жүгері).
Зерттеуге сәйкес, елдердің 65%-ы ет пен сүт өнімдерін өз халқын тамақтандыру үшін қажет мөлшерден көп өндіреді. Гайанадан кейінгі орында Қытай мен Вьетнам. Бұл елдер азық-түліктің жеті тобының алтауы бойынша өздерін толық қамтамасыз ете алады.
Фото: nature.com
Сонымен бірге ғалымдар әлемнің көптеген елдерінде қоректік заттарға бай өсімдіктердің аз екенін байқаған. Елдердің жартысынан азы бұршақ, ноқат, жасымық, жаңғақтар, дәнді дақылдар мен өсімдік ақуызын қажетті мөлшерде өндіреді. Крахмалға бай өнімдер бойынша да жағдай осындай. Олардың жартысынан азы жеткілікті көлемде өндіреді. Ал көкөніс өсіруде тек 24% ел қажет мөлшерде өнім алып жатыр.
Еуропа мен Оңтүстік Америка басқа аймақтарға қарағанда өзін-өзі қамтамасыз ете алатын елдер қатарына қосылды. Ал шағын арал мемлекеттері, Араб түбегі елдері мен табысы төмен елдер азық-түліктің басым бөлігін сырттан сатып алуға мәжбүр.
Афганстан, БАӘ, Ирак, Макао, Катар және Йемен ешбір азық-түлік тобы бойынша өзін-өзі қамтамасыз ете алмайды.
Фото: nature.com
Геттинген университеті жасаған зерттеудің жетекшісі Йонас Штель өз-өзіңді азық-түлікпен қамтамасыз ете алмау жаман нәрсе емес екенін айтты. Бұл – елдің табиғи-климаттық жағдайына, ресурстарға және экономикалық тиімділігіне байланысты болуы мүмкін дейді.
“Мысалы, кейбір елдерде жеткілікті жауын-шашын, құнарлы топырақ немесе тұрақты климат жоқ. Сондықтан мұндай елдерге өздерінде өндіруден гөрі, азық-түлікті сырттан сатып алу тиімді. Алайда азық-түлікпен өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейінің төмен болуы елдің кенеттен болатын жаһандық күйзелістерге – құрғақшылық, соғыс немесе экспортқа тыйым салу сияқты жағдайларға дер кезінде әрекет ету қабілетін әлсіретуі мүмкін", – дейді ғалым.
Фото: nature.com
Зерттеу барысында ғалымдар әр елдегі азық-түлік өндірісінің көлемін есептеп шыққан. Сосын оны World Wildlife Fun (Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры) ұсынған, өсімдік тектес тағамға негізделген Livewell диетасымен салыстырған.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандықтар той мен отбасылық мерекелерге жылына 1 миллион теңге жұмсайтыны туралы жазған едік.

"Есік-терезе жақтаулары бүлінген, едені тесік": Алматылық RAMS Qazaqstan-нан 85 миллион теңгеге алған пәтеріне шағымданды
