Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сирияда Асад режимі құлады, Трамп АҚШ Иранға соққы жасауы мүмкін екенін айтты, Беларуське ресейлік зымырандар орналастырылады: Әлем жаңалықтарына апталық шолу

Осы аптада Сирияда 54 жыл билікте болған әл-Асад отбасының билігі аяқталды. Асад режимі құлап, көтерілісшілер ел астанасы Дамаскті басып алған. Сирия президенті Башар Асад 8 желтоқсанға қараған түні Дамаскіден ұшып кеткен. Ал кешке Асадтың Ресейден баспана алғаны туралы ақпарат тарады. Сонымен қатар Трамптың АҚШ пен Иран арасында соғыс туралы хабарламасы әлемді алаңдатты. Оған қоса Путин 2025 жылы Беларусь аймағына “Орешник” зымыран кешені орналастырылуы ықтимал екенін айтты. Stan.kz тілшісі әлем жаңалықтарына апталық шолу ұсынады.

Сирияда не болып жатыр?

Сирияда 27 қараша күні Бірыңғай әскери операциялар басқармасына бағынатын қарулы оппозиция мен исламшылдардың біріккен күштері Сирияның солтүстік-батысында бірлескен шабуылға шықты.

Операция Израиль мен Хезболла арасындағы бітім орнаған күні басталған. 29 қарашада көтерілісшілер Сириядағы екінші үлкен қала Алеппоны басып алды. Ал келесі күні олар Идлиб провинциясының шығысындағы бақылауды өз қолдарына алған. 5 желтоқсан күні көтерілісшілер Сириядағы төртінші ірі қала Хаманы және провинцияның бірқатар елді мекендерін басып алды.

Фото: AFP

Сонымен бірге Иракпен шектесетін мұнайға бай Дейр-эз-Зор провинциясынан үкімет әскерінің шығарылып жатқаны белгілі болды. Оған қоса, Хаят Тахрир аш-Шам тобының күштері мен оппозиция Хомс қаласын бақылауға алды. Хомсты алу Дамаскіге жол ашып берді.

7 желтоқсан күні түстен кейін желіде Дамаск орталығынан небәрі 15 минуттық жерде орналасқан Джарамане маңындағы Асадтың әкесінің ескерткішін бұзып жатқан кадрлар пайда болды. Желтоқсанның 8-іне қараған түні үкіметке қарсы күштер Дамаскіге кіріп, қаланың "Башар Асадтан азат" етілгенін хабарлады. Сондай-ақ қарулы оппозицияның Ресейдің Хмеймим әуе базасы орналасқан Джебла қаласын да бақылауға алғаны хабарланды.

Сирия президенті Башар Асад 8 желтоқсанға қараған түні Дамаскіден ұшып кеткен. Ал кешке Асадтың Ресейде екені туралы ақпарат тарады.

Дамаскте қалған Сирия премьер-министрі Гази әл-Джалали Асадтың қайда екенін білмейтінін айтты.

Осылайшы 54 жыл билікте болған әл-Асад отбасының Сириядағы билігі аяқталды. Таяу Шығыс тарихындағы ең қатыгез режимдердің бірінің күйреуі Сирия әскері мен оппозициялық күштер коалициясы арасындағы бар болғаны 12 күндік шайқастан кейін орын алды және Сириядағы 13 жылға созылған азаматтық соғысты тоқтатты.

Сириядағы азаматтық соғыста жалпы саны 350 мыңнан астам сириялық қаза тауып, кемінде 13 миллион адам босқынға айналған. 

Башар Асад кім?

Фото: TASS

Башар Хафез әл-Асад 1965 жылы 11 қыркүйекте Дамаскіде Сирия әуе күштерінің қолбасшысы Хафез әл-Асад пен Аниса Махлуфтың отбасында дүниеге келген. 1988 жылы Башар Дамаск университетінің медицина факультетін офтальмолог мамандығы бойынша бітіріп, Лондонда тәжірибеден өткен.

Башардың әкесі Хафез әл-Асад 1970 жылы үш әскери төңкерістен кейін билікке келген. Хафез Сирияны 2000 жылы қайтыс болғанға дейін басқарды, содан кейін Башар президент болды.

2000 жылдың шілдесінде 34 жастағы Башар Асад Сирия президенті болып тағайындалды. Билігінің басында ол бірқатар либералды реформалар жүргізді. Ол тәуелсіз БАҚ-қа, мемлекеттік емес университеттерге және жеке банктерге рұқсат берді, интернет пен ұялы байланыстарды енгізді.

Асад тұсындағы Сирия Израильмен және АҚШ-пен шиеленісті қарым-қатынаста болды. Дамаск Израильге қарсы топтарды қолдады және Саддам Хусейн режимімен байланысы бар деп айыпталды. Асад даулы аумақ болып саналатын Голан төбелерінің оккупациялануын айыптап, Израильді бейбіт келіссөздер жүргізуге шақырды. Асад тұсында Сирияның Ресеймен қарым-қатынасы нығайа түсті.

"Араб көктемі" және Азаматтық соғыс

2010 жылдардың басында бүкіл Таяу Шығыс аймағында революциялар толқыны болды. Таяу Шығыстағы оқиғалар "араб көктемі" деп аталды және 2010 жылдың желтоқсанынан 2012 жылдың желтоқсанына дейін созылды. Үкіметке қарсы шерулер Сирияға да әсер етті. Асад билігін құлату әрекеті 2011 жылы наурызда басталған азаматтық соғысқа ұласты.

Сириядағы қақтығыстар аясында конституцияға өзгеріс енгізіліп, көппартиялық жүйе орнады. Сонымен қатар 2014 жылы бірінші бәсекелес президенттік сайлау өтті, онда Асад 88% дауыс жинап, үшінші рет – 2021 жылға дейін президенттік қызметке кірісті. Алайда батыс елдерінің көпшілігі сайлауды заңсыз деп таныды.

Сонымен бірге "Ислам мемлекеті" (ИМ) лаңкестік тобы 2015 жылдың ортасына қарай Сирия аумағының 80%-ға жуығын бақылауға алды. Сирия билігі елдің батысы мен астанасы Дамаскті ғана бақылап отырды. 

2010 жылдардың ортасында бүкіл әлемде жүйелі түрде лаңкестік әрекеттер жасалды, оның жауапкершілігін ИМ лаңкестік тобы өз мойнына алды. 2015 жылдың қыркүйегінде Ресей қарулы күштерінің Сирияда жергілікті лаңкестік топтарға қарсы операциясы басталды, ол операциялар бүгінге дейін жалғасып келді. Кейіннен Сирия билігі аумақтың 90%-ға дейінгі бөлігін бақылауға алды, ал ДАИШ тобының содырлары Сириядағы бұрынғы үстемдік жағдайынан айырылды. 

Батыс елдері Асад билігі кезіндегі Сирия билігін әскери қылмыс жасады деп айыптады. 2023 жылы 15 қарашада Франция соты 2013 жылы химиялық қару қолданған деген күдікпен Асадты қамауға алу туралы халықаралық ордер шығарды. Түркия билігі де Асад пен оның серіктестерін әскери қылмыс жасады деп айыптады. Дамаск айыптауларды жоққа шығарып, оларды негізсіз деп атады. 2021 жылы Сирияда президент сайлауы өтті, онда Асад тағы да жеңіске жетіп, Сирияны 2028 жылға дейін басқару құқығына ие болған еді.

Қазір Сирияны кім қадағалап отыр?

Фото: aljazeera.net

Хаят Тахрир әш-Шам көтерілісшілері Асад режимін құлатты. Бұл топ енді Сирияның негізгі қалаларын бақылайды. Алайда бүкіл ел аумағы бұл топтың қарамағында емес.

Жылдар бойы Сирияны көптеген көтерілісші топтар, соның ішінде Идлибтегі Хаят Тахрир әш-Шам және елдің солтүстік-шығысындағы күрд күштері басқарып келді. Көтерілісшілер Асад режиміне қарсы біріккен.

Сирия аумағының едәуір бөлігі үш негізгі топтың бақылауында. Олар Хаят Тахрир әш-Шам, Сирия ұлттық армиясы және Сирия демократиялық күштері. Олар осы уақытқа дейін басқа кіші топтарға қолдау көрсетіп келген.

Бұған қоса елдің түпкір-түпкірінде әртүрлі жергілікті жасақтар орналасқан. Олардың ішінде "Ислам мемлекеті" ланкестік тобы да бар.

Голан жоталарын Израиль бақылауға алды

Фото: AP Photo

Асад режимі құлағаннан кейін 48 сағат ішінде Израиль әуе күштері елге 480 әуе шабуылын жасады. Операция ешқандай ескертусіз басталған.

Израиль әскерилері Сириядағы стратегиялық қару-жарақ қоймаларының көпшілігін жою ниеттерін ашық білдірді. Бірақ мәселе әуе жорығымен ғана шектелмеді. Авиация әскери инфрақұрылымды жойып жатқанда, Израильдің құрлық күштері Сирия аумағына кірді. Ресми Тель-Авив мұны "қару-жарақ пен лаңкестік қауіптерінен таза қорғаныс аймағын құру" деп атады. Израиль қорғаныс министрі Израиль Кац Хайфадағы әскери-теңіз базасында сөйлеген сөзінде Сирия флотын жою операциясының сәтті өткеніне тоқталып, Сирия аумағында қауіпсіз кеңістік құру қажеттігін мәлімдеді.

Премьер-министр Биньямин Нетаньяху шамамен 400 шаршы шақырым аумақты бақылауға алу жоспарларын батыл түрде жариялады. Израиль әскерлері Хермон тауының стратегиялық биіктерін басып алды. Сирияның Кунейтра қаласының көшелерінде израильдік танктердің пайда болғаны туралы ақпарат тараған.

Ұлыбританияда орналасқан Сириядағы адам құқықтарын бақылау орталығының хабарлауынша, Израиль әскерлері Ливанның Рашая аймағына қарама-қарсы орналасқан Сирия аумағының үлкен бөлігін де бақылауға алған.

Израиль қорғаныс күштері бас штабының басшысы Герци Халеви Израильдің "Сирия аумағына әскер жібергенін" растады.

Нетаньяху 1967 жылдан бері израильдік оккупацияда болған Голан жоталарының "мәңгілік Израильдің ажырамас бөлігі болып қала беретінін" айтты.

Нетаньяху Израильдің Голан жоталарында әскер қою елдің қауіпсіздігі мен егемендігіне кепілдік беретінін мәлімдеді.

Нетаньяху Дональд Трамп әкімшілігінің 2019 жылы Голан төбелеріндегі Израильдің егемендігін мойындағанын еске салып, бұл үшін Трампқа алғыс айтты.

"Кеше Таяу Шығыс тарихында жаңа драмалық бет ашылды, Асад режимі құлады", – деді ол.

Нетаньяху Асад режимінің құлауы Израильдің Хамас, Хезболла және Иранға шабуылдарының тікелей нәтижесі деп мәлімдеді.

Иранның Асад режимін билікте ұстау үшін миллиардтаған доллар жұмсағанын алға тартқан Нетаньяху Асад режимін "Ираннан Хезболлаға қару-жарақ жеткізу желісі” деп атады.

Израильдің әрекеті аймақта және одан тыс жерлерде айыптау толқынын тудырды. Мысыр, Катар және Сауд Арабиясы Тель-Авивті Сириядағы шиеленісті пайдаланып, халықаралық құқықты өрескел бұзды деп айыптады. Түркия өз кезегінде қатаң мәлімдеме жасап, Израильдің әрекетін Сирияда бейбітшілік пен тұрақтылыққа қол жеткізу мүмкіндігі пайда болған сәтте "басқыншы менталитетінің" көрінісі деп атады.

БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Гейр Педерсен Израильдің 1974 жылғы келісімді тікелей бұзғанын алға тартып, әуе шабуылдары мен құрлықтағы шабуылдарын дереу тоқтатуды талап етті. 

Иранның аймақтағы негізгі одақтасы Асад режимінің құлауымен Израиль Иран ықпалының қалпына келуіне жол бермеуге және Ливан Хезболласына қару-жарақ жеткізуді тоқтатуға тырысуда.

Трамп: АҚШ пен Иран арасында әскери қақытығыс болу мүмкін 

Фото: Ашық дереккөзден

АҚШ-тың жақында билікке келетін президенті Дональд Трамп АҚШ пен Иран арасында әскери қақтығыс болуы мүмкін екенін жоққа шығармады.

"Бәрі болуы мүмкін. Кез келген нәрсе. Жағдай өте тұрақсыз", – деді ол Time журналына берген сұхбатында

Артынша The Wall Street Journal басылымы Дональд Трамп Иранның ядролық қаруға ие болуына жол бермеу үшін Иранға соққы беру мүмкіндігін қарастыруда, деп хабарлады Трамптың командасындағы дереккөздеріне сілтеме жасап.

"Трамп командасының кейбір мүшелері қазір ядролық нысандарға әскери соққы беру мүмкіндігін байыпты түрде зерттеп жатыр. Команда өкілдері Иранның аймақтағы позициясының әлсіреуі және оның ядролық дамуының кеңеюі туралы соңғы деректерге ішкі құпия талқылауларды күшейтті", – деп хабарлайды басылым.

Сонымен қатар, Иран Трамптың президенттік сайлаудағы жеңісінен кейін шиеленісті басуға тырысып, сыртқы саясаттағы ұстанымын жұмсартты.

Алайда Иран билігі бірінші президенттік мерзімінде Иранға барынша қысым көрсету саясатын жүргізген Трамптың әрекеті қалай боларын болжау мүмкін емес екенін айтады.

Бұған қоса, миллиардер әрі Трамптың жақын кеңесшісі Илон Маск Иранның БҰҰ-дағы тұрақты өкілімен кездесіп, Иран мен АҚШ арасындағы шиеленісті қалай азайтуға болатынын талқылаған. Бір сағаттан астам уақытқа созылған және жасырын жерде өткен кездесуді инсайдерлер "жағымды" және "жақсы жаңалық" деп бағалады.

АҚШ пен Иран арасындағы жағдай тұрақсызу болуы мүмкін өйткені, сайлау науқаны кезінде Иран билігі Трампқа қастандық дайындап жатыр деген ақпарат тараған еді. 

Лукашенко Беларусь аймағына “Орешник” зымыран кешенін орналастыруды сұрады

Фото: ТАСС

Беларусь президенті Александр Лукашенко Ресей президенті Владимир Путиннен Беларусь аумағында "Орешник" жүйелерін орналастыруды сұрады.

"Ресей жақында Орешникті сәтті іске қосты, бұл біздің қарсыластарымызға әсер етті. Сол себепті мен сізден жаңа қару-жарақ жүйелерін, "Орешникті” Беларусь аумағына орналастыруды ұсынамын. Біздің өтінішімізге қатысты ойланып, өтінішімізді қабылдауыңызды сұраймын", – деді ол.

Лукашенконың айтуынша, Орешникті Беларуське жеткізу одақтас мемлекеттің қорғанысын айтарлықтай күшейтер еді.

Сондай-ақ ол Мәскеу мен Минск Беларусь аумағында тактикалық ядролық қару орналастыру басқалар тарапынан қолдау көрмегенін жеткізіп, Орешниктің ядролық қару емес екенін атап өтті.

"Бізде бұл қаруды орналастыруға болатын белгілі орындар бар. Бұл қарулардың нысаналарын Беларусьтің әскери-саяси басшылығы анықтайды. Бізге қаруды қолдануды үйретсеңіздер, ал ұшыруды Ресей Федерациясының мамандары жүзеге асыратын болады", – деді Лукашенко.

Ресей 2025 жылдың екінші жартысында Беларусь аймағына “Орешникті” орналастырмақ

Фото: Global Look Press

"Орешник” зымыран кешені Беларусь аумағында орналастыру 2025 жылдың екінші жартысында мүмкін болады, деп мәлімдеді Ресей президенті Владимир Путин.

"Ашығын айтқанда, Орешник сияқты қаруды Беларусь аумағында орналастыру мүмкіндігіне келетін болсақ, бүгін біз барлық қолда бар күштер мен құралдарды пайдалана отырып, қауіпсіздік кепілдігі туралы келісімге қол қойғандықтан, мен "Орешник" сияқты кешендерді Ресейде орналастыруды қарастырамын. Беларусь Республикасының аумағында да орналастырылуы мүмкін", – деді Путин.

Ол Беларусьте бұл қарудың келесі жылдың екінші жартысында орналастырылуы мүмкін екенін айтты.

"Осы уақытқа дейін, біздің алдын ала есептеулеріміз бойынша, олардың сериялық өндірісін бастаймыз. Әрине, бұл жерде мамандар шешуі тиіс бірқатар техникалық мәселелер бар", – деді Ресей президенті.

Беларусь президенті Александр Лукашенко республика аумағына бірнеше ондаған ядролық зымырандар жеткізілгенін айтты.

"Мен елімізге оннан астам ядролық зымыран алып келдім. Кейбір адамдар “Әзілдеп жатыр, ешкім ештеңе әкелген жоқ" деп жазуы мүмкін. Бірақ зымырандарды қалай әкелгенімізді де байқамай қалды", – деді Лукашенко.

Оңтүстік Корея парламенті ел президентін қамауға алу туралы қарарды мақұлдады

Фото: Reuters

Оңтүстік Кореяның парламенті 10 желтоқсан күні әскери жағдай енгізуге әрекеттенген президент Юн Сок Ёл мен басқа жеті шенеунікті қамауға алуды талап ететін қарарды қолдап дауыс берді.

Бұл қарарға 191 депуатат дауыс берген. 94 депутат қарсы дауыс беріп, үшеуі қалыс қалды.

Бұған қоса парламент бүлік шығарды деп айыпталған Юн Сок Ёлды тергеуге өкілеттігі бар арнайы прокурорды тағайындауды мақұлдады.

Сонымен қатар оппозициялық Тобуро демократиялық партиясы әділет министрі Пак Сон Чжэ мен Ұлттық полиция агенттігінің басшысы Чо Джи Хоға импичмент жариялау жоспарын айтты.

Оңтүстік Кореяның бұрынғы қорғаныс министрі тұтқындалды

Сеул орталық аудандық соты Оңтүстік Кореяның бұрынғы қорғаныс министрі Ким Ён Хенді елде әскери жағдайды жариялау кезінде президент Юн Сок Ёлге көмектескені үшін қамауға алуға ордер берді.

Прокуратура экс-министрді "бүлік шығару әрекетіне және билікті асыра пайдалануға" басты қатысушылардың бірі деп айыптады.

Сейсенбі күні Ким Ён Хеннің адвокаты министрді қамауға алу туралы ордер шығару мәселесі талқыланған сот отырысына қатысты. Ол Ким Ён Хённың өз әрекеті үшін кешірім сұрайтынын мәлімдеді.

Экс-министр жексенбі күні ұсталып, прокуратура одан үш рет жауап алды. Ол президентке әскери жағдай жариялауды ұсынғанын мойындады.

Ұлыбритания Грузия үкіметін қолдауды тоқтатты

Фото: EPA-EFE

Ұлыбритания Грузия үкіметіне бағдарламалық қолдауды тоқтатып, қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты шектемек. Бұл туралы Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Лэмми мәлімдеді.

"Соңғы оқиғаларға байланысты Ұлыбритания Грузия үкіметіне бағдарламалық қолдауды дереу тоқтатады, қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты шектейді және еуропалық демократиялық нормалардан ауытқу тоқтатылғанға дейін "Грузин арманы" үкіметінің өкілдерімен қарым-қатынасты азайтады", – деді Лэмми.

Ол Ұлыбританияның Грузия халқын қолдауды және олардың өз елінің болашағын таңдау құқығын қолдауды жалғастыратынын атап өтті.

"Грузия билігі наразылық білдірушілер мен журналистерге қарсы зорлық-зомбылығын тоқтатуы керек. Бұл әрекеттер Грузияның халықаралық ұстанымына нұқсан келтіреді және Грузияның еуропалық болашағына қатысты конституциялық міндеттемелеріне қайшы келеді", – деді Лэмми.

Грузиядағы наразылық шерулері биліктегі "Грузин арманы" партиясының Еуропалық Одаққа кіру жөніндегі келіссөздерді 2028 жылға дейін шегеру туралы шешімінен кейін басталған еді. 

Талқылау