Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда мемлекеттік басқаруда әйелдердің үлесі қандай

министрліктердегі әйелдер үлесі

Фото: ЖИ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев гендерлік теңдікті сақтауға, әйелдер құқығын қорғауға және отбасы құндылықтарын нығайтуға әрдайым баса мән беретінін айтқан еді. Расымен де 7 айда елімізде басшылық қызметтегі әйелдер, министрлікте жұмыс істеп жатқан қыздар саны артты. Stan.kz тілшісі парламентте, президент әкімшілігінде, министрліктерде гендерлік теңдік қаншалықты сақталғанын және әйелдер үлесі қандай екенін анықтап көрді.

Парламентте 26 әйел депутат бар, бұл жалпы депутаттар санының 18,9%-на тең. Мәслихаттарда әйелдердің үлесі 22,7%-ға (3 415 депутаттың 774-і) жетті. Мәжілістегі 98 депутаттың 16-ы әйел екен. Ал сенатта 50 депутаттың оны әйел.

Мемлекетте 21 министрлік болса, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, оқу-ағарту, мәдениет және ақпарат министрліктерін әйел басқарады. Әйелдер арасында 10 вице-министр, 3 аппарат басшысы бар. Сонымен қатар президентке тікелей бағынышты және есеп беретін 14 мемлекеттік органда 6 әйел басшылық қызмет атқарады. 

Ал президент әкімшілігінде әйел үлесі аз. Президенттің 4 көмекшісінен біреуі ғана әйел екен.

  Мәдениет және ақпарат министрлігі

Фото: gov.kz

Аида Балаева мәдениет және ақпарат министрлігін 2023 жылдың 2 қыркүйегінен бері басқарады. 

Ол еңбек жолын 1999 жылы Алматы облыстық ақпарат және қоғамдық келісім департаментінде бастады. 2004 жылы Алматы ақпарат департаментінің талдау және болжау бөлімін басқарды. 2006 жылы Алматы ішкі саясат департаментінің директоры болды. 2010 жылдан 2014 жылға дейін Астана әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

2014 жылы президент әкімшілігіне ауысып, ішкі саясат бөлімін басқарды. 2019 жылы Аида Балаева президенттің көмекшісі және президент әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі болды.

2020 жылы ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалды. Ал 2022 жылы президент әкімшілігі аппараты басшысының орынбасары қызметіне көтерілді. Содан соң қайтадан министрлікті басқаруға келді.

Мәдениет және ақпарат министрлігінде 4 вице-министр бар. Оның біреуі ғана әйел – Айзада Құрманова. Ал 13 департаменттің алтауын, екі басқарманың біреуін әйел басқарады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Фото: gov.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі – Светлана Жақыпова. 

Ол Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтын және Алматы экономика және статистика академиясын бітірген.

Еңбек жолын 1984 жылы Қарағанды ​​облысындағы Қарой орта мектебінде мұғалім болып бастаған. 1997 жылдан 2008 жылға дейін мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығының Ақмола облыстық филиалында жұмыс істеген. 2008-2011 жылдары еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік сақтандыру департаментін басқарған. 2011 жылы ұлттық ақпараттық технологиялар жобасы кеңсесінің бағдарлама менеджері болған.

2013 жылдан 2019 жылға дейін ол еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары қызметін атқарған. Одан кейін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры бас директорының орынбасары болып тағайындалған. 2020 жылдан 2023 жылға дейін БҰҰ Даму бағдарламасында әлеуметтік даму жөніндегі ұлттық сарапшы қызметін атқарған. 2023 жылдың маусым айында ол әлеуметтік осал топтардың құқықтары жөніндегі президенттік комиссар болды.

2023 жылдың 2 қыркүйегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Светлана Жақыпованы еңбек және әлеуметтік қорғау министрі етіп тағайындады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде 3 ер және 1 әйел вице-министр қызметінде. Үш комитеттің ішінен “Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетін әйел адам басқарады. Сонымен қатар 4 департаменттің қызметіне де әйел жауапты екен.

Денсаулық сақтау министрлігі

Фото: gov.kz

Ақмарал Әлназарова 1 жылдан астам уақыт денсаулық сақтау министрлігін басқарады. 

Ол Алматы мемлекеттік медицина институтын педиатрия мамандығы бойынша бітірген және медицина ғылымдарының докторы дәрежесіне ие.

Еңбек жолын Қызылорда қалалық балалар ауруханасының жедел жәрдем бөлімінде дәрігер болып бастаған. 1997-1999 жылдары педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Қызылорда филиалында кіші ғылыми қызметкер болған.

Одан соң Қызылорда облыстық денсаулық сақтау департаментінің бөлім меңгерушісі, басшысының орынбасары қызметін атқарды. 2001-2003 жылдары Қызылорда облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері, әрі қарай Қызылорда облыстық денсаулық сақтау департаментінің басшысы, медициналық қызметтерді көрсетуді бақылау комитетінің Қызылорда облыстық басқармасының басшысы болды.

Қызылорда медициналық колледжінің директоры, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, облыстық мәслихатының хатшысы, Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметтерін атқарды. 

2019-2020 жылдары "Нұр Отан" партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, 2020-2024 жылдары Қызылорда облысынан Сенат депутаты болды.

2024 жылдың 6 ақпанында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалды.

Денсаулық сақтау министрлігіндегі вице-министрлердің бәрі ерлер. Алайда санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетін әйел басқарады. Сонымен қатар министрлікке қарасты 17 департаменттің 9-ы яғни басым көпшілігінде басшы – әйел.

Оқу-ағарту министрлігі

жұлдыз сүлейменова

Фото: Парламент

29 қыркүйектен бастап оқу-ағарту министрлігін Жұлдыз Сүлейменова басқарады. 

Ол қызмет жолын Алматы экономика және статистика академиясының Ақтөбе институтында әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушысы болып бастады. Кейін "Отан" республикалық саяси партиясы Ақтөбе облыстық филиалының жастар ісі жөніндегі кеңесшісі, сондай-ақ "Жас Отан" Жастар қанаты республикалық кеңесі төрағасының орынбасары болды.

2007–2008 жылдары Алматыдағы Ы.Алтынсарин атындағы №159 көпсалалы гимназияда тарих және құқық пәнінен сабақ берді. Одан кейін жоғары оқу орындарында түрлі қызмет атқарған.

2010-2011 жылдары Қазақ ұлттық аграрлық университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректорының орынбасары, 2011 жылы Халықаралық бизнес академиясында студенттермен жұмыс жөніндегі декан қызметін атқарды. 2011–2012 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің бас ғылыми хатшысы болды.

2012–2014 жылдары "Назарбаев Зияткерлік мектептері" ДББҰ-да білім беру саясаты және бағдарламалар департаментінің аға менеджері, кейін осы департамент директорының орынбасары болды. Одан соң даму департаментінің директоры, ал 2019–2021 жылдары Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы НЗМ директоры қызметін атқарды.

2021 жылдан бастап депутаттық қызметі басталды. Сондай-ақ президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия құрамына кіреді. "AMANAT" партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары және партияның әйелдер қанатының тең төрағасы қызметін атқарады.

Ведомствода 2 вице-министр бар: біреуі – әйел, екіншісі – ер адам.

Ал үш комитеттің ішінен “Балалардың құқықтарын қорғау комитетін” әйел басқарып отыр. Департаменттердегі басшылық қызметінде гендерлік теңдік сақталыпты. 14 департаменттің жетеуінде әйел, қалған жетеуінде ер басшы екен.

Әділет министрлігі

Әділет министрі лауазымында – ер адам, ал әділет министрлігінің аппарат басшысы әйел екен. Министрлікте гендерлік теңдік сақталғаны байқалады. Төрт вице-министрдің екеуі – әйел. 

Үш комитеттің екеуінде басшы қызметін әйел атқарады. Ішкі аудит, жұмылдыру және азаматтық қорғаныс басқармаларында басшылық қызметте – әйелдер.

Ал 13 департаменттің бесеуін әйелдер басқарады. 

Ғылым және жоғары білім министрлігі

Ғылым және жоғары білім министрлігінде 3 вице-министрдің екеуі әйел.

Тоғыз департаменттің екеуін әйел басқарады. Сондай-ақ 11 басқарманың сегізінде әйел басшылық қызметте. 

Ауыл шаруашылығы министрлігі

Ауыл шаруашылығы вице-министрлерінің ішінде, комитеттерінің басшылығында әйел жоқ. Дегенмен 13 департаменттің алтауында әйел басшы болып отыр. Мемлекеттік құпияларды басқару басқармасында да басшы – әйел.

Көлік министрлігі

Көлік министрі де, вице-министрлер де ерлер қауымы екен. Онымен қоса министрлікке қарасты төрт комитеттің ішінде Азаматтық авиация комитетінде ғана бастық әйел.

12 департаменттен төртеуінің басшысы әйел адам. Көлік министрлігінің ішкі аудит басқармасының басшысы етіп әйел тағайындалған.

Қаржы министрлігі

Қаржы министрлігінде де вице-министрлер тобы ерлерден құралған. Министрліктің комитеттеріне де жауапты әйелдер жоқ. 

Ведомоствода 25 департамент бар. Соның 11-ін әйел, ал 14-ін ер басқарады.

Ұлттық экономика министрлігі

Ұлттық экономика министрлігінде де әйел басшылар аз. Вице-министрлер ерлерден тұрады. Министрлікке қарайтын 18 департаменттің жетеуінде әйел жетекшілік қызметте.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің аппарат басшысы қызметін әйел атқарады. 5 вице-министрдің біреуі – әйел. Онымен бірге министрліктің мемлекеттік құпияларды қорғау басқармасына әйел адамды басшы етіп сайлаған. 

Алайда комитеттер басшылығында тек ерлер екен. Ал 14 департаменттің ішінен төртеуін әйел басқарып отыр.

Сауда және интеграция министрлігі

Сауда және интеграция министрлігінде тепе-теңдік сақталған. Төрт вице-министрдің жартысы – әйел. 

Үш комитеттің біреуіндегі басшылық қызметтегі адам әйел екен. Департаменттегі басшылық қызметіндегілер арасында да гендерлік теңдік байқалады. Министрлікке қарасты 13 департамент жұмыс істесе, ондағы жетеуін әйел басқарады.

Сыртқы істер министрлігі

Салыстырмалы түрде сыртқы істер министрлігінде гендерлік теңсіздік байқалады. Яғни басшылық қызметтегі әйелдер үлесі азырақ. Министр де, вице-министрлер де, комитет басшылары да – ерлер.

Еуропа департаменті мен Ресей, Кавказ және ТМД-ның Еуропа елдері департаментін, сонымен қатар ішкі аудит қызметін әйел басқарады. ШЫҰ қызметінің мәселелері жөніндегі Ұлттық үйлестіруші Офисіне де әйел жауапты.

Ішкі істер, қорғаныс және төтенше жағдайлар министрлігі

Ішкі істер министрлігі мен қорғаныс, төтенше жағдайлар министрліктерінің басшылық құрамы толық ерлерден құралған. Өңір бойынша да департаменттерді тек ерлер басқарады. Тек ІІМ-ге қарасты "Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының медиа орталығында" әйел басшылық қызметте.

Алайда төтенше жағдай министрлігіндегі 12 департаменттің алтауына әйелдер басшы боп сайланған.

Туризм және спорт министрлігі

Мұнда да жағдай ұқсас. Басшылық құрамда, вице-министрлер тек ерлер, комитеттерді де басқаратын әйел жоқ. Алайда 8 департаменттің үшеуінің қызметіне арулар жауапты.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Экология және табиғи ресурстар министрлігінде де вице-министрлер құрамы, комитет басшылары ерлерден тұрады. 11 департаменттен мемлекеттік активтерді басқару және бюджеттік саясат департаменті мен климаттық саясат департаментіне ғана әйел басшылық етеді. 

Ал министрлікке қарасты екі басқарма басшылығында ер адам жоқ.

Су ресурстары және ирригация министрлігі

Бұл министрлікте де әйелдер үлесі аз. Су ресурстары министрлігінде әйел вице-министр жоқ. Министрлікке қарасты комитеттерді де тек ерлер басқарады. 13 департаменттің ішінен кадр жұмысы, цифрландыру, ғылым және инновация департаментінің директоры қызметі әйелге табысталды. 

Онымен қоса министрлікте 13 басқарма бар. Оның бесеуіне әйел жетекшілік етеді. 

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Мұнда да вице-министрлер ерлер. Бес комитеттің ішінен мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитетінің директоры ретінде әйел сайланды. 

Дегенмен департаментті басқаратын әйелдер үлесі ерлерден көбірек. Мәселен ведомоствоға қарайтын 13 департамент болса, соның бесеуін ғана ерлер басқарады, қалғанына әйелдер жауапты екен.

Энергетика министрлігі

Энергетика министрі – ер, ал министрліктің аппарат басшысы – әйел. 

Вице-министрлер қатарында әйелдер жоқ.  19 департаменттен 3 департамент әйелдің қол астына қарайды.

Қырмызы Скендирова
Жұма, 31 Қазан, 2025 12:01
Талқылау