Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әлем чемпионына 50 млн доллар: Футболдан 2026 жылғы Әлем чемпионатының жүлде қоры рекордтық сомаға жетті

Әлем чемпионатыФото: ФИФА

2026 жылы өтетін футболдан әлем чемпионатына қатысатын ұлттық құрамаларға берілетін жүлде қоры ресми түрде жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

ФИФА мәліметінше, бұл турнирге өңірлік қауымдастық тарапынан жалпы көлемі 727 миллион доллар бөлінбек.

Оның ішінде 655 миллион доллар тікелей әлем біріншілігіне жолдама алған құрамалар арасында жүлде ретінде таратылатын болады.

Әрбір қатысушы құрама жарыс басталмай тұрып, дайындық жұмыстарын жүргізу үшін 1,5 миллион доллар алады. Ал топтық кезеңде сүрінген, яғни 33–48-орындарды иеленген командаларға 9 миллион доллардан төленеді. Осылайша, чемпионатқа қатысатын әрбір команда кемінде 10,5 миллион доллар табыс табады.

Турнир жеңімпазы үшін рекордтық сыйақы қарастырылған. Әлем чемпионы атанған құрама 50 миллион доллар олжалайды. Ал финалда жеңіліп қалған командаға 33 миллион доллар беріледі.

Жүлде қорының бөлінуі төмендегідей:
    •    1-орын – 50 млн доллар
    •    2-орын –  33 млн доллар
    •    3-орын –  29 млн доллар
    •    4-орын –  27 млн доллар
    •    5–8-орындар (ширек финал) – 19 млн доллар
    •    9–16-орындар (1/8 финал) – 15 млн доллар
    •    17–32-орындар –  11 млн доллар
    •    33–48-орындар – 9 млн доллар

Айта кету керек, әлем чемпионаттарындағы жүлде қоры жыл сайын өсіп келеді. Мысалы, 2006 жылы Италия құрамасы чемпион атанып, 20 миллион доллар алса, 2010 жылы Испания 30 миллион, 2014 жылы Германия 35 миллион, 2018 жылы Франция 38 миллион, ал 2022 жылы Аргентина 42 миллион доллар еншілеген.

Сонымен қатар, 2026 жылғы әлем чемпионаты тарихтағы ең ауқымды дода болмақ. Алғаш рет аталмыш доданы АҚШ, Канада, Мексика үш мемлекет қабылдайды. Айтулы турнирге 48 ұлттық құрама қатысады.

Ақерке Өмірхан
Бейсенбі, 18 Желтоқсан, 2025 14:45