Алексей Цой министрлікте шу шығарған антиваксер аналарға қатысты пікір білдірді
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой балаларды вакциналауға қарсы шыққан көпбалалы аналардың наразылық акциясына түсініктеме берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Талаптары өте қызық: міндетті вакциналау қажет емес". Бізде міндетті вакциналау онсыз да жоқ. Қаламасаңдар, салдырмай-ақ қойыңдар. Бұл тек қосымша қорғану мүмкіндігі ғана. Сіз өз еркіңізбен келісім бермегенше, ешкім вакцина салмайды. Бұл таңдау мүмкіндігі: балаларды қорғағыңыз келсе – қорғаңыз. Қорғағыңыз келмесе, табиғи иммунитетке сеніп жүре беріңіз", - деді Цой үкімет кулуарында.
Ол соңғы кезде азаматтық қоғам – блогерлер, журналистер вакциналаудың артықшылығын халыққа белсенді түсіндіріп жатқанын атап өтті.
"Олар қолдап, түсіндіріп жатыр. Соның арқасында вакцинаға қарсы күн сайын пост жариялайтын азаматтар саны азайып жатқанын байқадық. Адамдар ақырындап сеніп жатыр", - деді ведомство басшысы.
Цой бүгінде Қазақстанда вакцина салдыра алатын ересек халықтың 70%-і толығымен егілгенін еске салды.
19 қараша күні елордада көпбалалы аналар денсаулық сақтау министрлігіне келіп, министр Алексей Цойдың отставкаға кетуін талап етті. Әйелдер балаларға екпе салуға және жалпы вакциналауға қарсы екенін айтып, шу шығарған.