Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Александр Бублик ресейлік қарсыласын жеңіп АТР 500 турнирінің финалына шықты

Бублик

Фото: Thomas F. Starke/Getty Images

Қазақстанның бірінші, әлемнің 45-ракеткасы Александр Бублик Галле (Германия) ATP 500 турнирінің финалына жолдама алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің 22-ракеткасы, ресейлік Карен Хачановпен шеберлік байқасты. Қарсыластар осыған дейін бір рет кездесіп, онда Хачанов жеңген еді.

Бұл жолы бірінші партияда есеп 1:1 болған мезетте ресейлік теннисші брейк жасап, сол басымдылығынан айырылған жоқ — 6:4.

Екінші сет соңында Бублик тай-брейкте сәтті ойнай білді — 7:6 (7:5).

Үшінші, шешуші партияда есеп 3:3 болғанда, қазақстандық спортшы брейкке қол жеткізді. Содан кейін төртінші матчболын мүлт жіберген жоқ — 6:4.

Екі сағат 1 минутқа созылған тартысты бәсекеде Бублик 19 эйспен бірге 2 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды. Хачанов 15 эйс, 1 брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті. 

Александр Бублик финалда тағы бір ресейлік, әлемнің 11-ракеткасы Даниил Медведевпен чемпиондық атақты сарапқа салады. Ол жартылай финалда әлемнің 3-ракеткасы, германиялық Александр Зверевтен айласын асырды — 7:6 (7:3), 6:7 (1:7), 6:4.

Назархан Уән
Жексенбі, 22 Маусым, 2025 12:16
Талқылау