Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Александр Бублик Галледе ширек финалды сәтті еңсеріп, келесі кезеңге өтті

Фото: Қазақстан теннис федерациясы

20 маусым күні Германияның Галле қаласында ұйымдастырылған ATP 500 санатындағы шөп кортындағы турнирде жекелей сында үш ширек финалдық матч өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сол кездесулердің бірінде Қазақстанның бірінші нөмірлі теннисшісі Александр Бублик чехиялық Томаш Махачпен кортқа шығып, тартысты өткен матчта жеңіске жетті.

Ойын 1 сағат 22 минутқа созылып, екі сетпен аяқталды. Бублик қарсыласынан 7:6 (7:2), 6:3 есебімен басым түсті.

Келесі кезеңде Бублик финал жолдамасы үшін кортқа шығады. Бұл матч 21 маусымға жоспарланған. Оның қарсыласы Томас Мартин Этчевери (Аргентина) мен Карен Хачанов (Ресей) арасындағы ойыннан кейін белгілі болады.

Еске салайық, Александр Бублик бұған дейін әлемнің екінші ракеткасы, италиялық Янник Синнерді жарыстан шығарып, үлкен сенсация жасаған еді.

Махачты жеңгеннен кейін Бублик ATP-дің Live-рейтингінде 43-орыннан 37-сатыға көтерілді.

Абылайхан Палмағанбет
Жұма, 20 Маусым, 2025 20:18
Талқылау