Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Болашақ сәулетшілері" қорының негізін қалаушы Марат Әбиев дизель отынын контрабандалау ісі бойынша 9 жылға сотталды

2025 жылдың 14 ақпанында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық соты "Болашақ сәулетшілері" қорының құрылтайшысы Марат Әбиевке қатысты үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: instagram.com/abimarat

Әбиев Қылмыстық кодекстің бірқатар баптары бойынша кінәлі деп танылды:

  • 262-баптың 1-бөлігі – Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету;
  • 197-баптың 4-бөлігінің 1, 2-тармақтары – мұнай мен мұнай өнімдерін заңсыз сатып алу, сату, сақтау және тасымалдау, сондай-ақ олардың заңдылығын растайтын құжаттарсыз өңдеу;
  • 234-баптың 3-бөлігінің 2-тармағы – экономикалық контрабанда.

Осылайша сәулетші 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге және бес жыл бойына қоғамдық бірлестіктер құру мен басқаруға байланысты қызметпен айналысуға тыйым салынды.



"Сонымен қатар сот үкімі бойынша сотталушылардың жалпы құны 180 миллион теңгеден асатын мүлкі мен 6 миллиард теңгеден асатын жанар-жағармай контрабандасынан түскен қылмыстық кірісі тәркіленді", – делінген хабарламада.

Бұған дейін агенттік Марат Әбиев пен оның сыбайластары — Антон Новицкий, Жанібек Дәрібаев, Евгений Гребнев, Аманай Махметовке қатысты алдын ала тергеу аяқталғанын хабарлаған еді.

2018-2022 жылдар аралығында бұл тұлғалар ұйымдасқан топ құрып, Ақтөбе облысындағы МӨЗ-да ЕАЭО аумағында көлемі 50,6 мың тонна болатын сатуға тыйым салынған "К-2" экологиялық класты дизель отынын өндірген. Кейін бұл дизель отыны басқа мұнай өнімі ретінде 11,3 миллиард теңгеге сатылған. Оның ішінде 22,6 мың тоннасы 6,7 миллиард теңгеге шетелге контрабандалық жолмен шығарылған. Айта кетейік, мұнай өнімдерінің заңсыз айналымынан түскен қылмыстық табыс арқылы "Genesis" (немесе "Болашақ сәулетшілері") атты заңсыз қоғамдық бірлестіктің қызметі қаржыландырылған. Оны құрып басқарғаны үшін 2023 жылдың 21 тамызында Марат Әбиев 7 жылға бас бостандығынан айырылған еді.

Айта кетейік, бұған дейін Оралдың бас сәулетшісі пара алғаны үшін сотталған еді. Ол көпқабатты тұрғын үй құрылысының жобаларын бекіту үшін 1,5 миллион теңге көлемінде пара алған.

Талқылау