Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Алаяқтар биткоин мен криптовалюта есебінен табыс табады": Маман электронды ақшаға абай болуға шақырды

Соңғы жылдары криптовалюта мен биткойнды пайдаланудың жаппай өсуі алаяқтар үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. 2021 жылы криптовалюталық алаяқтық рекордтық деңгейге жетіпті. Блокчейн технологиясымен жұмыс істейтін Chainalysis компаниясының есебіне сәйкес, сол жылдың өзінде 14 миллиард долларға тең криптовалюта ұрланған. Осыған орай, алаяқтарға алданып қалмау үшін биткойн мен криптовалюта жөнінде ақпараттар алып, алаяқтардың оны пайдаланып алдау схемасын қалай құратынын біліп алғаныңыз жөн.

Фото: news.bitcoin.com

Биткойн мен криптовалюта – екеуі де ғаламторда жасалып, сонда әрекет ететін орталықсыздандырылған цифрлық валюта. Соңғы уақытта Қазақстанда екеуінің танымалдығы артып келеді. Тіпті жұртшылық ол туралы толықтай зерттемей жатып, қолындағы ақшасын криптовалютаға айналдырып жатыр. Қай жерде табыс болса, сол жерде алаяқтық қоса жүретіні белгілі. Бұл туралы нақты деректерді Астана қаласы Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі, аға лейтенант Қонысбек Айдар Stan.kz тілшісіне айтып берді. 

Алаяқтар ірі компаниялардың атынан жалған сайт құру арқылы ұрлық жасайды

Жалпы елімізде жыл басынан бері азаматтарды интернет арқылы алдауға байланысты 15,5 мың қылмыс тіркелген. Сондай-ақ фишингтік сілтемелерді жіберу арқылы азаматтардың шоттарынан мың ұрлық жасалған. Бұл әрекеттердің салдарынан зардап шеккендерге 13 миллиард теңге залал келген.

Азаматтар ақшасын көбейту үшін, күмәнділігіне қарамастан әртүрлі схемаларға қатысуды әлі де жалғастыруда. Бір жыл ішінде 1200 қазақстандық осындай схемалардың құрбаны болған. Олар өз ақшаларын жұмыс істемейтін инвестициялық жобаларға салып, кей жағдайларда осы мақсаттар үшін несие алған. 

Аға лейтенант Айдар Болысбекұлының айтуынша, алаяқтар көбіне ірі компаниялардың, соның ішінде ұлттық компаниялардың, банктердің, криптобиржалардың атынан жалған сайт құру арқылы азаматтарды өздеріне тартады. Бұл ретте алаяқтармен қарым-қатынас онлайн режимде, мессенджерлер арқылы жүргізіледі. Кейбір жағдайларда олар үлкен соманы қолды ету үшін бір реттік дивиденд төлейтін көрінеді. 

"Алаяқтар көбіне жұмыс істемейтін инвестициялық жобалар арқылы ақша көбейту сылтауымен желілерде жарнаманы пайдаланып видеороликтер жүргізеді. Оған сенген қазақстандықтар өздерінің жеке деректерін қалдырады. Сосын бейтаныс адамдар сол нөмірлерге хабарласып, өздерін брокер ретінде таныстырып, криптовалюта арқылы ақша көбейтуді ұсынады.

Сосын фишинг сайттары арқылы (жалған сайттар) жеке кабинет ашқызып, 100 доллар салуын сұрайды. Ақша салған адамдардың есепшоттарында бастапқы 100 доллар бір күн ішінде 130 долларға өседі. Алаяқтардың құрығына түскендер сенім артып одан да көп сома сала бастайды. Кейіннен жалған сайттарда ақшаның көбейгені көрсетіледі. Соңында ақшаны шешу кезінде мәселелер туындап, алданғанын кеш түсініп жатады", – деді аға лейтенант. 

Күмән келтіретін жарнамаларды бұғаттап тастаған жөн

Криминалдық полиция басқармасы жедел уәкілінің айтуынша, алаяқтар жарнамаларда көбіне танымал тұлғалардың аты-жөнін пайдаланады. Мысалы, Марғұлан Сейсенбай өзінің инвестициялық жобасына шақырады, ҚазМұнайГаз компаниясы, Halyk Bank, Kaspi Bank өз акцияларын таратып жатыр сатып алып үлгеріңіз. Оған сенген халық пікір жазып, өз деректерін қалдырады екен. 

"Алаяқтық схемалардан қорғану үшін ең бастысы телефон немесе компьютер арқылы кіргенде автосақтау дегенді баспауы тиіс. Күмән келтіретін жарнамалардың астына деректемелерін қалдырмай, керісінше бұғаттап тастағаны жөн. Егер сілтеме жіберсе оның жұмысын зерттеп, нақтылағаны маңызды. Мүмкіндігінше күмәнді, белгісіз инвестициялық жобаларға қатыспай, криптовалюта мен биткоинды толық түсінбей айналыспауын сұраймыз", – деді аға лейтенант.

Фото: flipboard.com

Алаяқтықтың кең таралған түрі фишингтік сайттар мен жалған инвестициялық жобалар құру

Айдар Болысбекұлының айтуынша, жақында Астана қаласы тұрғынының биткойндық шотынан ақша жоғалып кеткені туралы арыз түскен. Жедел іздестіру шаралары жүргізіліп, ақшаның есепшоттан аударылғаны байқалған. 

"Бұл жерде алаяқ арызданушының паролін біліп, есепшотынан ақшаны жымқырып кеткен. Жедел іздестіру шаралары жүргізіліп, ақшаның қайда кеткені анықталып, қайтарылды. Ал алаяққа бас бостандығынан 5 жылға шектеу жазасы тағайындалды. Бізде биткойн және криптовалюталық алаяқтықтың нақты түрі жоқ. Көбіне алаяқтықтың кең таралған түрі фишингтік сайттар мен жұмыс істемейтін инвестициялық жобалар құру. 

Сондай-ақ интернет алаяқтың қылмыстық істерін тексеру барысында ақшаның бірінші кезекте банктік деректемелерге кеткенін байқауға болады. Сосын әрі қарай криптовалютаға", – деді Қонысбек Айдар. 

Айта кетейік, елімізде криптовалюталық алаяқтықпен күресу үшін арнайы Цифрлық активтер туралы заң бар. Мемлекет басшысы аталған заңға 2023 жылдың 6 ақпанында қол қойған еді. Аталған заңның негізгі мақсаты – цифрлық ақшаны құқықтық реттеу мәселелерін шешеді. Аты аталған құжаттар елімізде цифрлық активтерді шығарып, цифрлық криптовалюта жөніндегі қызметті дамытуға қажетті құқықтық база құрады. Сол арқылы заңдар цифрлық активтердің заңды нарығын қалыптастыруға, осы салаға шетелдік инвестицияларды тартуға және ел экономикасын дамытуға жәрдем етпек. 

Талқылау