Алатау қаласына 10 күн ішінде арнайы мәртебе беріледі
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда Алатау шаһарана жаңа мәртебе берілетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тоқаев 10 күннің ішінде Алатау қаласына арнайы мәртебе беру туралы жарлық жобасын әзірлеуді тапсырды. Президенттің айтуынша, алты айдан кешіктірмей қаланы басқару тәртібі, қаржылық моделі және басқа да маңызды тұстарын реттейтін жеке заң қабылдануға тиіс.
Мемлекет басшысы арнайы мәртебе артықшылық емес, көзделген жоспарларды жүзеге асыруға қажет мәжбүрлі шара екенін атап өтті.
“Alatau City өңірдегі алғашқы толықтай цифрлық қалаға айналуға тиіс. Атап айтқанда, Smart City технологияларын қолданудан бастап, тауарлар мен қызметтерге криптовалютамен төлеу мүмкіндігіне дейін. Бұл қала Қазақстан болашағының бейнесін көрсетіп, технологиялық прогресті барынша жайлы өмір сүру ортасымен ұштастыруы қажет”, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы жалпыұлттық мәнге ие жобаны іске асыру үшін арнайы аумақ бөлініп, бастапқы жоспарлау аяқталғанын және негізгі инфрақұрылымдық желілер қосылғанын айтты.
“Біздің жаңа іскерлік белсенділік пен инновация орталығымыз Алатау қаласы болуға тиіс. Жуырдағы Қытайға сапарым барысында әлемдік деңгейдегі компаниялармен көптеген миллиардтық келісімдерге қол қойылды. Сол компаниялардың бірі – жаһандық технополис Шэньчжэньді салуға атсалысқан. Сондай-ақ ол тікелей Alatau City жобасын жүзеге асыруға қатысады”, – деді президент.

“50 жыл басқа елде тұрған ата-анам артымнан еріп, көшіп келді”: Қазаққа келін болып түскен корейлік ару жаңа отбасы туралы айтып берді
