Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алакөлдегі әуежай құрылысына бөлінген ақшаның 28 миллионы қайда кеткені белгісіз

Алматы облысының Алакөл ауданында ашылған әуежайдан ши шықты. Пайдалануға берілгеніне бір апта да болмаған нысан жемқорлық деректері бойынша тексеріліп жатыр. Прокуратура ақпан айында 28 млн теңгенің мақсатсыз жұмсалғанын анықтаған еді. Екі айға кешіктіріліп ашылған әуежайдың жұмысы туризм саласындағылардың да көңілінен шықпай отыр. Себебі Үшаралға ұшақтар тек екі қаладан қатынай алады. Бұл туралы КТК хабарлады.

20170721_103753-620x465

Ішкі туризмнің дамуына жаңа бір серпін береді деген нысан көптеген демалушылардың қуанышын су сепкендей басты. Екі айға кешігіп ашылған әуежайға екі қаладан ғана ұшақтар қатынайды екен.

“Әуежайдың ашылғаны жақсы, әрине. Бірақ Алматыдан Үшаралға тікелей ұшып бару мүмкін емес. Бірінші Талдықорғанға жету керек. Кейін Үшаралға ұшасың, ары қарай жүретін жолы тағы бар. Осы жағын қарастырса дұрыс болар еді”, – дейді туристік фирма директоры Антон Благушин.

Әуежайдың мәселесі бұнымен бітпек емес. Қазір жемқорлыққа қарсы агенттік 1 миллиард 640 миллион теңге жұмсалған нысанның құрылысына қатысқандардың жұмысын майшаммен қарап жатыр. Себебі, жылдың басында прокуратура бірқатар заң бұзушылықтарды анықтаған.

“Алматы облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мемлекеттік мекемесі сәулеттік заңнамасының орындалуы бойынша ағымдағы жылы аудандық прокуратурамен тексеру барысында аталған мекеменің қызметкерлерінің тарапынан Алакөл ауданы аэропортынан аэровокзал құрылысы бойынша атқарылмаған жұмыстар үшін 28 млн теңгенің жұмысы атқарылды деп негізсіз қол қойған”, – дейді Алакөл ауданы прокуратурасының қызметкері Әділет Иманқұлов.

Ұшақтан үмітін үзгендер жолдары сын көтермейтін Алакөлге автокөлікпен барып демалуға мәжбүр. Себебі, пойызға билет маусымның басында-ақ таусылып кеткен. Ал былтыр 8 млн теңгеге салынған мүгедектер демалатын пансионат бүгінде қаңырап бос тұр деуге болады. Өйткені мүмкіндігі шектеулі жандар жататын орын мен көлдің арасында қатынау жол арбаға таңылғандарды айтпағанда сау адамның өзіне қиын. Бұл енді жол мәселесіне байланысты болып тұр.

“Біздің зона отдықтан мына жақа жетудің өзі проблема. Жол жоқ шаң топырақ. Жету өте қиын. Екі орта зона отдықтар арасын жөндеп. Көктұмаға Ақшиға жететін жерлерді жөндесе. Пойыздарды. Пойыздан билет ала алмайды”, – дейді пансионат иесі Фатима Тайжанова.

Қиындықтарға қарамастан суы шипа Алакөлге келушілердің саны биыл миллионға жетеді деп күтілуде. Былтыр бұл көрсеткіш 500 мың болған. Ал ашылмай жатып сынға ілінген Үшарал әуежайының мәселесіне соңғы нүктені құзырлы орган өкілдері жақын уақытта қоюы тиіс.


Талқылау