Ақтөбеліктер татулықтың нышанына айналған Алғыс айту күнін атап өтті
Ақтөбеде Алғыс айту күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
ҚХА ғимаратында өткен "Алғыс бәріңе" атты мәдени шараға облыс әкімі, түрлі этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен өңір тұрғындары қатысты.
30 жыл бұрын 1 наурызда елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Осы жылдар ішінде ҚХА елдегі этносаралық келісімді сақтауда маңызды рөл атқарды және қоғам мен мемлекет арасындағы диалог үшін бірегей алаңға айналды.
Шарада өңір басшысы Асхат Шахаров Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді, онда Ассамблеяның ұлттық бірлікті нығайтуға, елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға қосқан зор үлесі жайлы атап өтілді.
Облыс әкімі ақтөбеліктерді атаулы күнмен және Алғыс айту күнімен құттықтап, оның мейірімділіктің, бейбітшілік пен келісімнің символы екенін тілге тиек етті. Ол өңірдің барша тұрғындарына облыстың дамуына қосқан үлестері үшін алғысын білдіріп, денсаулық, амандық және табыс тіледі.
"Бүгінгі Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығымен тұспа-тұс келген көктемнің шуақты мерекесі Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке – өзара тілектестікті, жанашырлықты, қамқорлықты дәріптейтін, ризашылық пен мейірімнің, бейбітшілік пен келісімнің үйлесімі тапқан күні. Алғыс айту күні деген қиын сәттерде бізді қолдағандарға жылы сөздер айтуға ғана емес, сонымен бірге бейбітшілік пен келісімге деген адалдығымызды қайта дәлелдеуге мүмкіндік беретін ерекше сәт. Баршаңызды ынтымағы мен бірлігі жарасқан өңіріміздің нығаюына және өсіп-өркендеуіне, көркейюіне, тұрақты дамуына қосқан үлестеріңіз, сіңірген қажырлы еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Әр отбасыға амандық, бақ-береке және татулық тілеймін", – деп Асхат Шахаров тілегін жеткізді.
Осыдан кейін облыс әкімі Ассамблеяның қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан өңірдегі ҚХА ардагерлеріне алғыс хаттар табыс етті. Марапатталғандардың қатарында Хабиба Саркулова, Константин Цхай, Хасан Сагаев, Роза Болдагарина және Еркін Құрманбеков бар.
Сондай-ақ, "Жұмысшы мамандықтар жылы" аясында облыс әкімінің алғыс хаттарымен әртүрлі сала өкілдері марапатталды, олар күнделікті өмірде қажырлы еңбектерімен аймақтың өркендеуіне үлес қосып келеді.
Алғысхат "Neo plus" ЖШС қызметкері Айкенже Намазбаеваға табысталды. Айкенже кәсіпорында 21 жылдан бері жұмыс істейді, өз міндеттерін адал атқарып жүр. Оның күш-жігерінің арқасында қалада тазалық пен тәртіп қамтамасыз етілуде.
Сондай-ақ, "Qala Trans" ЖШС автобус жүргізушісі Сергей Храмов өмірінің 37 жылын қоғамдық көлік саласына арнады, жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күнделікті жұмысы үшін ол алғыс хатқа ие болды.
Облыс әкімінің Алғыс хатымен Ақтөбе хром қосындылары зауытының жөндеу-механикалық цехының кран машинисі Гүлуся Рабежа марапатталды. Еңбек өтілі – 46 жыл, ол өзін әркез бастамашыл және жауапты маман ретінде көрсетіп келеді.
Марапаттау рәсімінен кейін іс-шара этномәдени бірлестіктердің өнерпаздары әзірлеген мерекелік концертпен жалғасты. Бағдарламада "Шатлық", "Достық" ансамбльдері, "Zhana.kz" және басқа да хореографиялық және вокалдық нөмірлер көрермен назарына ұсынылды.
Мереке Қазақстан халқының достығы мен бірлігінің маңызын тағы бір айшықтай түсті.