Ақтөбелік зейнеткер Қазақстанның жарты аймағын велосипедпен аралап шықты
Ақтөбелік зейнеткер Жұмабай Отарғалиев маусым-тамыз айларында Қызылорда, Шымкент, Алматы, Талдықорған, Өскемен, Павлодар, Астана және басқа да қалаларды велосипедпен аралады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Диапазон” порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Теміржолшы Жұмабай Утарғалиев зейнеткерлікке шыққан соң велосипед сатып алған. Кейін ол өз арманын орындап, Шалқардан Қызылордаға қарай, Астрахань шекарасына дейін аралаған. Биыл Жұмабай Утарғалиев Қазақстанның әр аймағын аралап шығуды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде ол Атырау, Қызылорда, Шымкент, Тараз, Шу, Мойынты, Алматы, Талдықорған, Өскемен, Семей, Павлодар, Астана қалаларын аралап шыққан. Зейнеткер бұл сапарын Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығына арнаған.
“Мен стартты Атырауда 21 маусымда бастадым. Марафонды тамыз айының соңында Атырауда аяқтауды жоспарлап отырмын. Бұл жолы Қазақстанның барлық аймақтарын араладым. Күніне 80-нен 120-ға дейін, кейде 200 шақырымды жүріп өткен күндерім болды. Бәрі ауа райына байланысты. Дегенмен кейде пойызбен де жүрдім. Әсіресе жол жоқ жерлерде. Катонқарағайға дейін 300 шақырым жүру қиын болды. Себебі мұндағы жол көтерілуді талап етті. Ал төмен түскенде керсінше жылдамдық сағатына 55-60 шақырымға дейін жетті. Бұл адреналин!”, – деді зейнеткер.
Жұмабай Утарғалиев бастапқыда ол жаққа баруды жоспарламағанын айтады. Дегенмен Шығыс Қазақстанның Қалбатау ауылында танысқан турист-блогер Дамир Көшеев оның қызығушылығын арттырған екен. Сөйтіп қария Дамирмен бірге теңіз деңгейінен 1800 метр биіктікке көтерілген. Одан бөлек турист-блогер Өскеменде зейнеткерге жаңа велосипед сыйлаған екен.