Ақтөбелік келіншек қос сәбиін қоқыстан тапқанымен тамақтандырып жүр
Ақтөбеде жас келіншек қос сәбиін қоқыстан тапқанымен тамақтандырып жүр. Олеся Летавская мен оның 1 және 3 жасар балалары Ақтөбедегі саяжайлардың бірін паналап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жоқшылықтың азабын тартқан отбасы амалсыздан елден қалған-құтқанды азық етуге мәжбүр. Ойыншықтарды да қоқыстан табатын 1 жасар Кирилл мен 3 жасар Виканың аянышты тағдыры осындай.
Олеся көшеден тапқан темір-терсекті тапсырып, тапқан-таянғанын пәтерақысына береді екен. Саяжайдағы аядай ғана үй үшін отбасы ай сайын 15 мың теңге төлейді. Жарықтың ақысы тағы бар.
«Батыс Қазақстан өңірінен келдім, жасым 27-де. Жетімдер үйінде өстім, кейін анам алып кетті. Екеуміздің мінезіміз сай келмей, мен 18 жасымнан бастап жалғыз өмір сүре бастадым. Әр жерде жалдамалы жұмыс істедім, еден жудым. Бірақ тұрақты еңбекке араласа алмадым. Себебі балаларымды қарайтын, бағатын адам жоқ. Үлкен қызым 3 жаста, кішкентайым 1 жаста. Бір күні үйде тамақ болмай, балаларым жылады. Олардың жанын сақтап қалу үшін зәулім үйлердің жанындағы қоқысты аралауыма тура келді. Ауқатты адамдар кез келген тамақты лақтырып тастайды. Мен сол жерден жеуге жарамды тамақтарды алдым. Үйдегі ойыншықтар, төсеніштер, перде бәрі қоқыс жәшіктерінен алынды», – деді Олеся Летавская.
Өкінішке қарай, Олесяның халі қазіргіден де мүшкіл бола түсуі мүмкін. Себебі азаматтық некедегі жарымен бірге тұратын әйел қазір үшінші сәбиіне жүкті. Ал екі баланың әкесіне қатысты құжатта еш мәлімет жоқ. Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бұл отбасыны бақылауға алған. Балаларға ай сайын жәрдемақы беріледі.
«Олеся Летавская құжаттарын тапсырып, көмек сұрады. Бұл отбасының қалалық комиссия қарап, шешім қабылдайды. Егер көмектесу туралы шешім шықса, бұл отбасына 60 мың теңге көлемінде біржолғы көмек беріледі. Сонымен қатар, екі балаға 3 019 теңге жәрдемақы қарастырылмақ»,- деді Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Мейіржан Қарақов.
Әзірге қоқыс жағалап жүрген отбасы туралы білген қала тұрғындары қолда бар азық-түлік пен киім-кешекпен бөлісіп жатыр.
Жіберіп алмаңыз:
Қазақстан азаматшасы Ресейде теракт ұйымдастырғаны үшін сотталып жатыр
Тоңазытқыштан табылған егіздердің ағасының әрі қарайғы тағдыры белгілі болды
Ресейлік саяхатшы қазақстандық жол сақшысының сорақы қылығын жайып салды