Ақтөбелік футболшылар мен бапкерлер 110 миллион теңгеге бәс тіккен
Фото: “Ақтөбе” ФК
Қазақстанның Бас прокуратурасы футболшылар мен бапкерлердің букмекерлік ставкалар мен келісілген матчтарға қатысқанын анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бас прокурор Берік Асылов депутат Абзал Құспанның сауалына берген жауабында тексеру жүргізілгенін айтты. Нәтижесінде “Ақтөбе” клубының 9 футболшысы еңбек шарттарында тыйым салынғанына қарамастан, жалпы сомасы 110 миллион теңгеге бәс тіккені белгілі болды.
Осыған байланысты Қазақстанның Футбол федерациясына заңбұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізілді. Федерация қаржылық тәртіп пен ашықтықты күшейтуге бағытталған 33 тармақтан тұратын “жол картасын” әзірледі. Бұл жоспар аясында аудит, қаржы және этика комитеттерін құру көзделген.
Сонымен қатар кадрлық шаралар қабылданды. Федерацияның бірқатар басшыларымен, соның ішінде басқарушы директор мен интегрити қызметінің басшысымен еңбек шарттары бұзылды, ал кейбір қызметкерлер қызметінде төмендетілді.
Бұған дейін депутат Абзал Құспан Қазақстан келісілген матчтардың саны бойынша әлемде 4-орында тұрғанын айтып, ұлттық футболдағы адалдық мәселесінің өте өзекті екенін атап өткен еді.

Данна Қарағұсова кім: Ол ғарышқа ұшу үшін қанша төлейді
