Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбелік депутат 330 млн теңгеге мүсіншелер орнату және жөндеу бойынша жарияланған барлық конкурсты ұтып алған

Фото: gov.kz

Ақтөбеде мәслихат депутаты Қайырбек Тахановтың фирмасы 330 миллион теңгеге мүсіншелер мен инсталляциялар орнату және жөндеу бойынша жарияланған барлық конкурсты ұтып алған. Бұған дейін шағын сәулет пішіндеріне қала қазынасынан жыл сайын 100 млн теңге көлемінде ғана қаржы бөлініп келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Время" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жыл басында қалалық әкімдік шағын пішіндер мен инсталляцияларға 270 млн теңге бөлмек болған. Кейін үстінен 50 млн теңге қосуды жөн көріпті. Бір қызығы, бейімдеу орталығын, төрт мәдениет үйін, көру және есту қабілеті нашар жандарға арналған ғимартты жөндеуге 55 млн теңге бөлінген.

Шағын сәулет пішіндерін әзірлеу, орнату және күтіп ұстау бойынша мемлекеттік сатып алуларға келсек, ол қыста басталып, жақында ғана аяқталған. Бұл жолы да жеңімпаз ретінде қалалық мәслихат депутаты, "Қайсар Relations" фирмасының директоры Қайырбек Таханов танылған.

Бір қарағанда, мұнда таңғаларлық ештеңе жоқ секілді. Өйткені электронды сауда жүйесі төмен баға ұсынған адамды таңдайды. Алайда кейін жеткізуші анықталған соң билік өкілдері Тахановқа тағы ақша қосып берген. Негізгі шарт жасалғаннан кейін 15 күннен кейін тапсырыс беруші – Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі "Қайсар Relations" компаниясымен қосымша келісім-шартқа отырып, жұмыс құнын 43,8 млн теңгеге көтерген.

Айта кетерлігі, жеңімпазға бұл қаржы үшін қосымша жұмыс жүктелмеген. Құжатта келісілген шағын сәулет пішіндері саны сол күйі қалған.

Мемлекеттік сатып алулар туралы деректерді талдау барысында "Қайсар Relations" компаниясында бірнеше қосымша келісімдер болғаны анықталған.

Биыл Тахановтың фирмасымен ондай келісімдер жасалғаны байқалмаған – негізгі шарттың бір де біріне қосымша келісімдер жоқ.

Депутаттың фирмасына алда атқарар жұмыс жеткілікті. Жеткізуші 207 миллион теңгеге композитті мәрмәрден жасалған 200-ден астам көше орындықтары мен қоқыс жәшіктерін, арт-орындықтар, сондай-ақ жақырайтын шеңберлер, цилиндрлер мен бұлттар жасап, орнатуға келіскен. Олармен қаланың орталық бөлігіндегі алаңдар безендірілмек.

Айтпақшы, ұйымдастырушылар бұл конкурсты неге екені белгісіз, "Ақтөбе қаласы Астана ауданы әкімінің аппаратына арналған мемлекеттік сатып алу" деп атаған. Ал ішкі құжаттарда – техникалық шарттарда – "шағын сәулет пішіндері" деген сөз жиі кездеседі.

Тағы 62 миллионға мердігер Ақшат, Ақжар және Қарғала тұрғын алаптарының атауы жазылған стеллалар әзірлейді. Ал теміржол вокзалының алаңына фотоаймақ орнатылмақ. Бұл сомаға тағы арка, орындық, алма және қарлығаштардан тұратын жиынтық әзірлеу жоспарланған.

Жыл соңына дейін Тахановтың компаниясы қаладағы барлық ескерткіштің, стелалардың және шағын сәулет пішіндерінің күтіміне жауапты болады. Ол күнделікті тексерулер жүргізуге және қажет болған жағдайда оларды жууға және балауызбен сүртуге, сондай-ақ ақаулар анықталған жағдайда оларды жөндеуге міндеттеледі. Бұл жұмысы үшін "Қайсар Relations" фирмасына тағы 62 млн теңге бөлінеді.

Таханов мойнына алған міндетін қаншалықты дұрыс орындағанын қала тұрғындары шешеді. Бұған дейін тұрғындар әлеуметтік желілерде Тахановтың фирмасы әзірлеген мүсіндерінің сапасы мен сыртқы түріне бірнеше рет шағымданған болатын. Сондай-ақ олар орнатқан құрылымдардың мағыналық немесе эстетикалық құндылығын түсіне алмағандар де баршылық.

Аида Такабаева
Жұма, 23 Мамыр, 2025 18:14
Талқылау