Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ақтөбеге қайта баруға ынтызарлық жоқ": Қазақстандықтар қай қалаға барғанда көңілдері толмағанын айтты

Stan.kz редакциясы осыдан бір апта бұрын оқырмандар арасында “Қазақстандағы көңіліңіз қалған өңір тақырыбында” сауалнама жүргізген болатын. Желі қолданушылары әртүрлі пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ қоғам белсенділері мен саяхатшы блогерлер Қазақстандағы депрессивті өңірлер мен көңілі қалған аймақтары жайлы пікірлерін білдірді.

Ақтөбе қаласы

Қаланың тағдыры адамның тағдыры сияқты

Журналист, блогер, саяхатшы Өркен Кенжебек Қазақстандағы депрессивті қалалардың тарихы Кеңес Одағының ықпалы екенін айтады. 

“Қазақстанда болсын, қай елде болсын артта қалған, болашағы бұлыңғыр, депрессивті қалалар бұған дейін де болған, алдағы уақытта да болады. Біздегі депрессивті қалаларға келетін болсақ, олардың тарихы Кеңес одағына тікелей байланысты.

Кен игеруге, әскери мақсатта құрылған жасанды қалалар баршылық. Соңғы рет болған, Қарағанды облысындағы Приозерск қаласын алсақ, Совет одағының зымыранға қарсы әуе қорғанысы күштерін сынау мақсатында салынған қала еді. Қазір мұндай қуаты жоқ, қала бұрынғы күйінде емес”, – дейді саяхатшы.

Айтуынша, қаланың тағдыры адамның тағдыры сияқты.

“Адам сияқты қала да белгілі бір дүниеге байланысты туады. Кен орнына, әскери мақсаттағы полигонға байланып қалса, кейін тәуелді болып қалады. Әрине, мұны Қазақстандағы қасірет сияқты көрсетудің қажеті жоқ”, – дейді ол. 

Қаланың деңгейі төмен болуы мүмкін, бірақ оған сол қаланың өзін кінәлау дұрыс емес, дейді блогер.

Өркен Кенжебек шетелдік тәжірибеде де мұндай өлі қалаларды кездестіруге болатынын атап өтті. 

“Мәселен, Американың ең депрессивті деген Детройт қаласында болдым. Оның “Батыстың Парижі” деген лақап аты болған, ең әдемі, әрі бай қаласы еді. АҚШ-тың автомобиль өндірісінің орталығы болды. Алайда қазір орталығы бос, қала бонкротқа ұшырады. 

Америка сияқты алып елдің өзі оны сақтауға күші де, амалы да қалмады. Сол сияқты Қытайда да, Еуропада да “елес қалалар” бар. Бұл – тарихтың қателігі, сабағы. Қаланы жоспарлаудың, урбанизацияның жолын үйрену керек. Үкімет мұны жай қалдырмайды деп ойлаймын. Моноқалаларға қатысты бағдарламалар да бар. Алайда гүлденген мегополистер деңгейіне олар бәрібір жетпейді”, – дейді Өркен Кенжебек.


Қазақстанның қай аймағындағы қалалар "өліп" бара жатыр? Артта қалған өңірлердің тізімі анықталды


Ақтөбеге қайта баруға ынтызарлық жоқ..

Саяхатшы блогер Ұлан Әлімбек Қазақстандағы 88 қаланың 78-інде болғанын айтады. Және жыл сайын қалаларға барып, тұрақты тұрып, уақыт өткізеді. Саяхатшы өзінің тәжірибесі мен қалалардың дамуындағы өзгерістерді айтып берді. 

“Қазақстанның барлық ірі қалаларында болдым. Алматы, Тараз, Қызылорда, Орал ең есте қаларлықтай қалалар. Бұл қалаларда біраз уақыт тұрып та, серуендеп те үлгердім. Кей қалаларда он шақты рет болдым. Ақтау соңғы жылдары қатты өзгеріске түскен. Жыл сайын онда жаңа құрылыстар, жаңашылдықтар пайда болуда. Ал Қарағанды туралы олай айтпас едім. Бұған дейін жыл сайын барып тұратынмын, айтарлықтай өзгерістер байқамадым. Павлодар қаласы да қазір жақсы дамып келе жатыр. Бірінші рет келгенде түнеріп тұрғандай көрінді, кейінгі жолдары жағалау ашылды. Серуендеп, демалып қайттық. Қазір астанадан Павлодарға дейін жол салды. Бұл да тиісінше жақсы прогресс. Талдықорғанда мегополистер сияқты қарқынды дамымаса да, тұрақты түрде көркейіп келе жатыр. Қызылорда да екі рет болдым. Бірінші рет барғанда ол жақта іліп алар ештеңе болмайтын, объектілер салынбаған, даму жағынан кенже қалып жатқан. Соңғы рет 2017 жылы жаяу жүргінші жолдары салынып, жарықтандыру жүйелері қосылған. Қаланы безендіріп қойған, қала “тіріле” бастаған. Қазір одан сайын көркейіп келе жатыр. 
Шымкентке соңғы үш жыл тұрақты барып тұрамын. Жыл сайын жаңа өзгерістерді байқаймын. Үш ай бұрын барғанда жаңа саябақтар мен Цитадель археологиялық объекті салынған. Қостанай қаласында бірнеше жыл бұрын болдым. Оңтүстік қалалардан қатты архитектурасы жағынан ерекшеленеді. Бірінші рет келгенде қатты таңғалдырды. Таза, жинақы қала. Орталықта серуендеп біраз қыдырған едік. Кеңес одағы кезінен қалған және одан ертерек тұрғызылған үйлер қаланың сиқын кетіретіндей. Қостанай тағы да баруға тұрарлық қала деп айтар едім. Өскеменде жақында болып қайттым. Жаңа аудандар мен бір мешіттің салынғаны болмаса, айтарлықтай өзгешелік байқадым. Жасыл қала, бірақ зауыттардың көптеп салынуына байланысты экологиялық тұрғыдан нашарлау деуге болады. Орал қаласына соңғы рет саяхаттап 2018 жылы бардым. Оған дейін де бірнеше рет барған болатынмын. Әдемі үйлер, ескерткіштер, құрылыстар пайда болып жатыр. Алайда отырғызылған ағаштар әлі өсіп үлгермеген, жасыл аймақтар аз. Ақтөбеде екі рет болдым, екі рет барғанда да қала онша ұнай қоймады. Себебі жолдары нашар, өзінің иісі бар. Тұрғындардың айтуынша, зауыттар шығаратын қоқыс, заттардан иіс шығады. Бұл қала астананың кейбір жерлеріне қатты ұқсап кетті. Ақтөбеге қайта баруға да ынтызарлық жоқ”, – дейді ол.

Блогердің айтуынша, дамып жатқан қалалар тізіміне: Шымкент, Ақтау, Тараз, Түркістан, Нұр-Сұлтан, Павлодар, Өскеменді жатқызады.

“Көп уақытымды елордасында, Шымкентте, Қарағанды және Тараз, Ақтау қаласында тұрып өткізген сияқтымын.  Шымкент, Ақтау, Тараз, Түркістан, Нұр-Сұлтан, Павлодар, Өскемен бір орында тұрмай, өздеріне туристерді жинап жатқан қала деп айтар едім. Экология жағынан тазарақ қала ретінде Ақтау, Оралды айтар едім, қалған қалаларда кәсіпорындар, зауыттар көп”, –дейді ол.

 

Ал желі қолданушыларының пікірлері арасында: “Нұр-Сұлтан қаласы ұнамады. Бәрі қымбат”, “2015 жылы Түркістанға барғанда адамдарынан да, қаланың жағдайынан да көңілім қалған. Аллаға шүкір, қаланың жағдайы жөнделіп жатыр, адамдары да солай өзгерді деп үміттенем”,  “Солтүстік өңірлер, себебі көпшілік өз баласын қазақ тілін үйретуге көңіл бөлмейді, көп балалар қазақ тілінде сөйлей алмайды”, “Талдықорған. Сервис мүлдем дамымаған. Бір өліп қалған қала сияқты”, – деп пікірлерін білдіріп жатты. Депрессивті қалалар қатарында Қарқаралы, Балхаш, Ақтөбе, Тараз сияқты қалалар да аталды.

Айта кетейік, жақында еліміздегі дамуынан үміт күттіретін, ең перспективті қалалар мен өңірлер жайлы мамандардан сұраған едік. 

Талқылау