Ақтөбедегі хром зауытындағы жарылыс: Марқұм қызметкерлер бір-бірін құтқарғысы келген
Ақтөбедегі хром қосындылары зауытының бес бірдей жұмысшысы көз жұмған апатқа кімнің кінәлі екені белгілі болды. Арнайы құрылған комиссия жуырда өз жұмысын аяқтап, тексеріс қорытындысын жариялады. Тексеру барысында комиссия мүшелері 80 пайыз қателік зауыт басшылығынан кетсе, кінәнің 20 пайызы марқұмдардың абайсыздығынан болған деген ұйғарымға келіпті. Арнайы топтың материалдары бір аптаның ішінде құқық қорғау органдарына жіберіледі. Әрі қарай процессуалдық шешім қабыладанатын болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Жұмыс берушінің қателігі - өндірістегі еңбекті қорғау, қауіпсіздік ережелерін бұзған, әрі ұйымдастыру жұмыстарында осал тұстар бар. Комиссия мүшелері зардап шеккендердің, қайтыс болған жұмысшылардың туыстарымен кездесіп, қандай әлеуметтік көмек тиесілі екенін айтып, түсіндірді. Кәсіпорын тарапынан оларға 23 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді", - облыстық еңбек инспекциясының бөлім басшысы Қуаныш Қамиев.
Комиссия мәліметінше, зауытта үлкен құтыда апат орын алған. Оны көрген марқұм қызметкердің бірі өз күшімен буды сөндірмек болған. Әріптесіне екінші қызметкер көмектескен. Осылайша екеуі де опат болыпты.
Естеріңізге салайық, 28 мамырда Ақтөбе хром қосындылары зауытында апат болып, сыйымдылығы 50 текше метрлік бөшкені тазартқан төрт жұмысшы оқиға орнында мерт болған еді. Тағы біреуі ауруханада көз жұмды. Кейін қылмыстық кодекстің «Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бабы бойынша тергеу басталды. Учаске шебері, бөлім бастығы және №4 цех бастығы ұсталды. Олар тергеу аяқталғанға дейін қамауда отырады.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
