Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбедегі автобус өртінен аман қалғандардың туыстары өз шындықтарын айтты

Зардап шеккен қазақстандықтардың туыстары өздерін қоярға орын таппай отыр. Олар болған оқиға жөнінде тек жаңалықтардан біліпті. ОҚО Қазығұрт ауылында тұратын автобус жүргізушісі Мақсат Пернебековтің анасы ұлы қайғылы оқиғадан бірнеше сағат бұрын жіберген видеоны көрсетті.

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

«Мен Өзбекстан халқынан, қайтыс болған адамдардың аналарынан кешірім сұраймын», – дейді Мақсат Пернебековтің анасы Қатира Жолболдиева.

Сұмдық апаттан аман қалған Мақсат Пернебековтің жақындары есеңгіреп қалған. Олар Мақсаттың аман қалғаны жөнінде жаңалықтардан біліпті. Мұнан кейін оған бірден хабарласып, қолы мен басы күйіп қалғанын естіген.

«Ол ұйықтап жатқан. Автобус рөлінде басқа жүргізуші отырыпты. Ол апаттың қалай болғанын білмей қалғанын айтты. Мен: «Мақсат, неге құтқарып қалмадыңдар? Неге есік ашпадыңдар?» – деп сұрадым. Ол: «Әпке, білмеймін. Автобустан шықтым, сол кезде автобус жарылды», – деді», – дейді Мақсат Пернебековтің әпкесі Кәмшат Пернебекова.

Туыстарының айтуынша, Мақсаттың «Сетра» жолаушылар көлігін тізгіндегеніне 4 жыл болыпты. Бұл автобуспен Қазанға да бернеше рет барып қайтыпты. Жолды да жақсы білетін көрінеді. Сейсенбі күні таң атысымен 55 Өзбекстан азаматы мінген автобуспен Ресейге аттанған.  Автобус Арал маңынан өткенде жүргізуші Мақсат Пернебеков телефон арқылы туыстарына видео жолдапты. Ал үш сағаттан кейін Ырғыз ауданындағы жолда автобус өртеніп кеткен.

«Аралдан өттік. Ырғызға 170 шақырым қалды. 40 градус аяз болып жатыр. Тіпті қырықтан асады. Міне, отырған отырысымыз. Күртенің сыртынан тағы бір күрте киіп алып отырмыз. Бала-шағаның нәпәқасын табу біздікі, бала-шағаны қайтсек, бақсақ деп. Жол көктайғақ, спидометр 50-де. Су 60-та», – деген болатын видеода жүргізуші Мақсат Пернебеков.

Туыстарының айтуынша, Мақсат жалдамалы жұмысшы болған. «Сетраның» иесі бір рейс үшін 60 мың теңгеге дейін ақша төлепті. Бірақ уақыттың көбі автобустың жөндеу жұмыстарына кетеді екен.

«Мақсат автобусты жиі жөндейтін. Автобус иесі оған жалақы төлеп тұрды. Ол бізге келіп, автобустың жөндеу жұмыстары қалай жүріп жатқанын көріп кететін. Техникалық бақылау, сақтандыруын автобус иесінің өзі жасады», – дейді Мақсат Пернебековтің жұбайы Ақнұр Масанова.

Айнұр Танатова – апаттан аман қалған 41 жастағы Барат Танатовтың жұбайы. Ол күйеуі автокөлік сатып алу үшін Ресейге аттанғанын айтты.

«Кешке маған телефон арқылы хабарласты. Қазір сөйлесе алмайтынын, кейін бәрін айтып беретінін айтты. Қазір телефоны өшірулі», – дейді Барат Танатовтың жұбайы Ақнұр Танатова.

Ішіндегі жолаушыларымен бірге өртеніп кеткен «Сетра» автобусы 2,5 жыл бойы техникалық бақылаудан өтпеген. Ал иесі Ордухан Мехтиевтің жолаушыларды тасымалдауға лицензиясы болмаған.

Оқи отырыңыз:

ІІМ Ақтөбеде 52 адамның өмірін жалмаған автобустағы өрттің себебін атады

Автобус иесі Ақтөбедегі өрттен кейін Қазақстанға келіп, жағдайды ауызекі біліп қайтқан

Ақтөбедегі өрт: Аман қалған бес науқасқа ауруханада қарулы күзет қойылды

Ақтөбедегі өрт: 52 адамның 32-сінің аты-жөні белгілі болды

Талқылау