Ақтөбедегі ауруханада мүмкіндігі шектеулі баланы қорлап, мазақ еткен
Фото: Видеодан скрин
10 жастағы баланың анасы өзге науқастардың ұлының тамағын тартып алып, аш қалдырғанын, сонымен қатар ұрып-соққанын айтып, шағымданды. Ол кінәлілерді жауапқа тартуды талап етіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Екінші топтағы мүгедектігі бар 10 жасар Микаэль Ақтөбе облыстық балалар ауруханасының неврология бөлімшесінде үш балаға арналған палатаға орналастырылған. Анасының айтуынша, жантүршігерлік жағдайлар сол жерден басталған.
“Оның тамағы мен сусындарын тартып алған. Төрт тәулік бойы тамақ ішпеген. Сол үш баланың біреуі ғана ұрған. Баланың жасы 12-де, кәмелетке толмаған. Дәл сол бала оған соққан, басынан ұрған, құрсақ өрімі мен ішінен аяқпен тепкен. Кейін баламды иықтан ұстап еденге лақтырған. Денесінде көгерген іздер пайда болған. Ауруханаға жатқызылғанда мен жанында болмадым. Полицияға арыз жаздым, алайда құқық қорғау органдары әзірге дене жарақаттарына сараптама жүргізілмегенін айтты”, – дейді баланың анасы.
Дәрігерлер балалардың арасында шынымен жанжал болғанын растады. Бірақ балалар арасындағы ұрыс-керістен әрі аспағанын айтады.
“Стационарда ем алып жатқан 10–12 жастағы балалар кешке мобильді ойын ойнап отырған кезде дауласып қалған. Дауыстарды естіген мейіргер палатаға кіріп, олардың бір-біріне балағат сөздер айтып жатқанын көрген. Кейін оларды әртүрлі палаталарға орналастырды”, — деп түсіндірді Ақтөбе облыстық көпсалалы балалар ауруханасының педиатр-кардиологы Әлима Ботбаева.
Баланың анасы объективті тергеу жүргізуді талап етіп отыр. Сондай-ақ ұлының денесіндегі көгерген іздер аурухана қызметкерлерінің әрекетін тексеруге айтарлықтай себеп дейді.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік