Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде пошта қызметкері зейнеткерлер мен жәрдемақы алатындардың картасынан ақша ұрлап келген

Ақтөбеде пошта қызметкері зейнеткерлер мен жәрдемақы алатын жұрттың  банк картасындағы ақшасын ұрлаған. Айласын жасыру үшін әркімнің картасынан әртүрлі соманы шешіп алып отырыпты.

Зейнетақыларының ұрланып жатқанын тұрғындар бірден байқамаған. Алты ай өткенде барып сан соққандарын түсініпті. «Қазпошта» қызметкерінің қитұрқы әрекеті қалай әшкере болды? Сан соғып қалған қарапайым тұрғындардың ақшасын кім өтейді? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ұрының құрығына негізінен зейнеткерлер мен әлеуметтік жәрдемақы алатын қарапайым тұрғындар түскен. Азын-аулақ тиын-тебенді жұмсамай, карточкамызға жинап жүргенде, қалай сан соғып қалғанымызды білмедік деп отыр. Енді оны өндіру үшін шалғайдағы ауылдан сотқа қатысу үшін күнде Ақтөбеге қатынау зейнеткерлерге оңай болмай тұр. 

«Сүйретіліп жүрмін. Менің 100 мыңдай ақшам кетті. Бірінші 1000 теңге алды дейді сотта айтты. Сосын барып 40 мың, содан кейін 100 мың, артынан қалған 5-6 мың бар еді, оны да алып кеткен», - дейді тұрғын Николай Кенегесов.

Қазпошта қызметкері 21 адамның сыртынан құжат дайындап, карточкаларының көшірмесін жасатқан. Бас-аяғы үш жарым миллион теңгені ұрлапты.

«Алматыға дубликатқа запрос жібердім, сол дубликатпен алдым дейді өзі айтты. Бимұратова Әсел 197 мың теңге түсіріп алған. Наурыз айында мен карточкамнан ақша алуға барсам, жоқ ақша. Содан білдім», - деді тұрғын Зина Карабасова. 

«Көне банкоматының мерзімі бітетін болды. Жаңасын «Қазпоштаға» алмастыратын болдық. Ішіндегіні ақшаны біз ана жаңаға түседі деп ойладық. Содан жаңаны алғаннан кейін, ақша түскен жоқ. Содан ақшамызды іздедік, наурыздан бастап. 6 айдай болады. Талабымыз ақшамызды қайтарсын», - дейді тұрғын Күләш Сарина.

Істі болған қызметкер «Қазпоштаның» Ақтөбедегі бөлімшесінде карточка бөлімінде жұмыс істеген. Қызметке келгеніне де көп болмапты, небәрі 1 жыл ғана еңбек еткен. Оның қулық-сұмдығынан басшылық хабарсыз болдық деп ақталды. Ұрлығы әшкере болғанша келіншек жұмыстан тайып отырған көрінеді. Пошта басшылығы ұрлаған ақшаны өзі қайтарсын, біздің еш қатысымыз жоқ деп отыр. 

«Өзі сондай қылмысқа барған. Экспресс карта ашқан. Қазір сот процесі болып жатыр. Соттан кейін айта аламыз. Бәріне қол хат берді. Өзінің кінәсін мойындады», - деді "Қазпошта" Ақтөбе филиалы қауіпсіздік бөлімінің басшысы Тасболат Тілемағанбетов.

Сотта күдікті ұрлыққа мұқтаждықтан бардым деп ақталыпты. Қандай жаза арқалайтынын судья шешеді. Зардап шеккендер қартайғанда бізді сандалтпай, мекемедегілер өз ақшамызды қайтарып берсе деп отыр. 

Талқылау