Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде он жастағы қыз үш сіңлісін жалғыз өзі бағып отыр (фото)

Ақтөбеге Өзбекстаннан қоныс аударған Құлжұмыровтар отбасында төрт бала бар. Ақерке, Әсемгүл, Айсұлу, Жанат есімді қыздардың алды онда, кішісі төрт жаста. Қазір олар ішерге тамақ, киерге киім таба алмай жүр.

cc95b1df041c94849e78c64d17827e4d

Әкесі Махмұд Құлжұмыров жалдамалы жұмыс істейді, ал анасы Саодат Құлжұмырова денсаулығы нашарлап, құжаттары реттелмей, Өзбекстанға қайта оралған. Қаңтар айында шекара асып кеткен ана әлі күнге дейін оралмады. Ал кір жуу, тамақ істеп, үй жинау, балаларға күтім жасау секілді үй шаруашылығының бәрі он жастағы Жанат Құлжұмырованың жауапкершілігіне артылды. Бастауыш сынып оқушысы сабақты жақсы оқиды, бәріне үлгереді. Осыдан бес жыл бұрын Ақтөбеге көшіп келген қандасымыздың отбасында Bnews.kz тілшісі де болды.

dd50d3617bd79aa6ae2942213b3b5609

Ақтөбе қаласындағы саяжайлардың бірінде аядай бөлмені 15 мың теңгеге жалға алып отырған отбасының жағдайы мүшкіл. Балалар ана күтіміне зәру, жуындырып, киіндіріп, сабағын оқытатын адам жоқ. Отағасының негізгі мамандығы есепші болғанымен, өмір бойы құрылыста жұмыс істеп келеді. Қазіргі уақытта таң ата үйінен шығып, кеш бата келіп жүр. Бұл уақытта үй шаруашылығының бәрі он жастағы Жанат Құлжұмырованың міндетіне жүктелген. Ол бала болғанымен ерте есейген, үйіне келген қонақты жарқын жүзбен қарсы алады.

e73be0d9a1bf009de3fd02e741c10f7f

«Қазір бәріміз ауырып жүрміз, салқын тиіп қалған. Ешкім жоқ болған кезде сіңлілеріме дәріні өзім беремін. Сенбі күні көзім ауырып, сабаққа бармай қалдым. Сіңлім Айсұлу да сабаққа бармады, қызуы көтерілді», – дейді Жанат Құлжұмырова.

Біріне суық тиіп ауырып, екіншісіне жұққан тұмау отбасының мазасын қашырды. Дәрі-дәрмек алатын да қаржы жоқ. Жедел жәрдем қызметі алғашқы көмекті көрсетіп, тұрғылықты жеріндегі емханаға тіркелуді ұсынды.

Үйдің үлкені Жанат №22 орта мектепте, Айсұлу №8 орта мектепте оқиды. Махмұд Құлжұмыров күтім жасауға мүмкіндігі болмай, балалардың жанына таяуда Қарақалпақстаннан әжесі келді. Зейнеткер келінінің халін мәлім етті.

«Келінім киім-кешек алып, сатты. Ақтөбеде базарда сауда жасап, банкрорт болған. Қазір әлі де 200 мың теңге берешегі бар. Құжаттары дұрыс болмай, шекара асып кетті, енді қаржы тапшылығынан кері орала алмай отыр, әрі ара-тұра есінен танып қалады, ауырады. Анасының болмағаны балаларға зиян. Биыл біреуі далаға шығып кетіп, жоқ болып кеткен. Көрші-көлем іздеп, көп ұзамай табылды. Үлкені мектепке кеткенде, балалар қараусыз қалады. Сосын мен қарауға, күтім жасауға келдім», – дейді Тілләхан Ырзабаева.

Қарақалпақстаннан уақытша баласының үйіне қоныстанған Т.Ырзабаеваның айтуынша, балалардың біреуі ғана Қазақстанда дүние келген. Көшіп келгендеріне 5 жыл болған оралмандар отбасы қазір көрші елдің төлқұжатымен жүр. Отағасы Махмұд Құлжұмыров қана оралман куәлігін алып, жеке куәлігін күтіп жүр.

«Жеке куәлік алу үшін Алматыдағы елшілікке бару керек екен. Оған да қаржы тапшы. Қазіргі уақытта аумағы 20 шаршы метрге жетпейтін аядай бөлмеде жан бағып отырмыз. Ішер тамағымыз жоқ. Балалар көптен ет те жемеді. Балам Махмұд айлық алып еді, жыл бойы төленбеген пәтерақысына берді. Тамаққа деп 5 мың теңге қалдырып еді, ол екі күнде бітті. Ал балаларға жылы киім керек. Олар қазір таныстарымыздан алған күртені киіп жүр. Кішкентайларының аяқ киімі тозған, далаға шыға алмайды», – дейді ол.

Құлжұмыровтар отбасының мәселесі қала әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда қаралды. Комиссияның шешімімен отбасының 6 жастағы қызы Әсемгүл мен төрт жасар Ақерке 5 күндік балабақшаға беріледі. Бұған дейін екі түрлі мектепте білім алып жүрген Айсұлу мен Жанат енді №8 орта мектепте оқитын болды. Екі оқушы да алғыр, үздік оқиды. Ал отағасы Махмұд Құлжұмыровқа тұрақты жұмыс тауып беруге тапсырма берілді. Сонымен қатар, көші-қон полициясы арқылы төлқұжат беру жұмыстарын жеделдету міндеттелді. Қазіргі уақытта оралмандар отбасы арнайы берілетін квотаға да іліге алмай отыр. Қиын жағдайды бастан өткеріп отырған отбасы ақтөбеліктерден көмек күтеді, қайырымды жандарға үміт артады.

Жіберіп алмаңыз:

“Ninety one” тобы халық әнін орындап айды аспанға бір-ақ шығарды (видео)

Жайылып жүрген қошқар 94 жастағы қартты сүзіп өлтірді

Тұңғышбай Жаманқұлов ұрланған 6 миллион теңгені мемлекетке қайтарып берді

18 жыл күйеуінен зорлық көрген әйел ертерек ажыраспағанына өкінді

Талқылау