Ақтөбеде лаңкестік кезінде дәретханаға тығылған әскерилердің бірі рақымшылыққа ілікті
Ақтөбе қаласында болған лаңкестік шабуыл кезінде №6655 әскери бөлімінің қызметкерлері Қайнарбек Тастамбеков пен Қайырғали Оразжанов әжетханаға тығылып, кейін оқиға орнынан қашып кеткен болатын. Екеуі де сотталды. Ал бүгін Қайнарбек Тастамбеков рақымшылыққа ілікті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
5 маусымдағы лаңкестік оқиғаға биыл бір жыл толады. Террористік акт жасағандардың бәрі ұсталып, сотталған соң, әскери бөлім қызметкерлеріне жаза кесілді.
№6655 әскери бөлімінің қос майоры Қайнарбек Тастамбеков пен Қайырғали Оразжановтың қарулы шабуыл кезінде Әскери жарғыны бұзып, оқиға орнынан кетіп қалғаны дәлелденді. Кейін екеуі ұсталып, үстерінен іс қозғалды.
Олар Қылмыстық кодекстің «Iшкi қызмет атқарудың немесе гарнизонда кезекшілікте болудың жарғылық қағидаларын бұзу» бабы бойынша айыпты деп танылып, Қайырғали Оразжанов 3 жыл 5 айға, Қайнарбек Тастамбеков 4 жыл 5 айға бас бостандығынан айырылды. Екеуі де жазасын жалпы режімдегі түзеу колониясында өтеп отыр.
Ал бүгін экс-әскери қызметкер Қайнарбек Тастамбековтың Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай рақымшылыққа іліккені белгілі болды. Қайнар Тастамбековтың қорғаушысы Станислав Никифоровтың айтуынша, сот шешімімен оның қорғауындағы бұрынғы әскери қызметкер жазаның 3 жыл 8 айын бостандықта жүріп өтейді.
«Тастамбеков түзету колониясында отыр. Сот отырысы онлайн-режімде өтті. Сот шешімімен «Рақымшылық туралы» Заңға сәйкес Тастамбековтың бас бостандығынан айыру жазасы бас бостандығын шектеуге алмастырылды. Прокуратура қарсы арыз түсірмесе, Тастанбеков қалған 3 жыл 8 айын бостандықта өтейді»,- дейді қорғаушы.