Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Ақтөбеде Қазақстанның "Халық қаһарманы" және Еңбек ерлерінің  қатысуымен IV конференция өтті 

Халық Қаһармандары мен Қазақстан Еңбек Ерлерінің ІV конференциясына қатысу үшін Ақтөбеге еліміздің әр өңірінен көрнекті қазақстандықтар – "Халық Қаһарманы" және "Қазақстанның Еңбек Ері" жоғары атағын иеленгендер келді.

Іс-шара Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылды. 

Аймақ басшысы Асхат Шахаров конференцияға қатысушыларды құттықтап, көрнекті тұлғалардың ерлігі мен жанқиярлық еңбегі туралы естеліктерді сақтаудың маңыздылығын әрі оның өскелең ұрпақты тәрбиелеуде зор мәні бар екенін атап өтті.

"Әрбір Халық қаһарманы мен Қазақстанның еңбек ері – елге адал қызмет етудің, қайсарлық пен табандылықтың жарқын үлгісі. Олар өз еңбегімен, ерлігімен бүкіл халықтың жүрегінен орын алып, ел мақтанышына айналды. Осындай ардақты азаматтардың өмір жолы — жас ұрпақ үшін ұлағатты тәрбие мектебі. Елінің ар-намысын бәрінен биік қойған, халқы үшін аянбай тер төккен барша азаматтарға шын жүректен алғыс білдіремін. Елінің ар-намысын бәрінен биік қойған, халқы үшін аянбай тер төккен барша азаматтарға шын жүректен алғыс білдіремін. Сіздердің ерлігіңіз, еңбектеріңіз — ел жадында, ұрпақ есінде мәңгі сақталады", - деді өз сөзінде облыс әкімі. 

Асхат Шахаров сондай-ақ Форумның мән-маңызына тоқталып, мұндай кездесулер жастардың жауапкершілік сезімін, еңбекке деген құрметін, Отанға деген сүйіспеншілігін тәрбиелеуге және ұлттық сана-сезімді нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. 

Конференцияға келген мәртебелі меймандар қатарында "Халық Қаһарманы", генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, "Қазақстанның еңбек ері", медицина ғылымдарының докторы Серік Ақшолақов, Қазақстанның Педагогика Ғылымдары Академиясының академигі, "Қазақстанның Еңбек Ері" атағына ие болған алғашқы әйел Аягүл Миразова, "Қазақстанның Еңбек Ері" Мұрат Қайыргелдин және өзгелер бар.

Қатысушылар жастарға патриоттық тәрбие берудің, ұрпақтар сабақтастығының, еңбектегі ерліктің  қазіргі қоғамдағы рөлі секілді маңызды мәселелерді  талқылады. Әлия Молдағұлова секілді батыр жерлестерінің мұрасына ерекше көңіл бөлді. 

Ұлттық нейрохирургия орталығының президенті, Қазақстанның еңбек ері Серік Ақшолақов өз сөзінде мұндай кездесулердің жас ұрпаққа берер тәрбиесіне тоқталды.

"Біз ата-бабаларымыздың ерлігін, әсіресе Жеңістің 80 жылдығында ұмытпауымыз керек. Бүгінгі жастар Әлия Молдағұлова сияқты батырлардың мысалдарында өсіп-өнуі тиіс, олардың есімі әрбір қазақстандық үшін ардақты. Ақтөбе өңірінен көптеген көрнекті тұлғалар шықты. Аға буынның міндеті – осы моральдық күшті, патриотизм рухын, еңбек пен білімге деген ұмтылыста жас ұрпаққа жеткізу", - деді  Серік Ақшолақов.

Қазақстанның Еңбек Ері, "Құрмет" орденінің иегері, "Тәуелсіз Қазақстанның Халық қаһармандары" РҚБ облыстық филиалының төрағасы Құралай Байменова конференцияны тарихи шара деп атады.

"Ақтөбе үшін бұл конференцияны өткізу – үлкен мәртебе, бұл тарихи маңызды оқиға. Бүгін мұнда "Қазақстанның Еңбек Ері" секілді ең жоғары атақтың иегерлері жиналды. Олардың ішінде кеншілер, мұғалімдер, дәрігерлер мен аграршылар бар. Олардың әрқайсысы елдің дамуына зор үлес қосты. Бұл адамдар нағыз еңбек ерлері, ар-намыс қаһармандары. Егер халық пен Отанға шын жүректен қызмет етсе, адам осындай бола алады", - деді Құралай Байменова.

Конференция аясында еңбек әулеттерін қолдау, кәсіптерді танымал ету, ұрпақтар байланысын нығайту және білім беруде патриоттық бағдарламаларды енгізу қажеттілігі айтылды.

Жастар атынан сөз алған "Атамекен" студенттік жасағының жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұржан Шаңғытбаев батырларға өздерінің еңбек және өмірлік ерліктері  үшін ризашылығын білдіріп, осындай тұлғалардың ісі жас қазақстандықтардың жоғары мақсаттарға ұмтылуына, өз еліне абыроймен қызмет етуіне зор шабыт беретінін алға тартты.

"Бізге, яғни жастар үшін сіздер секілді тарихи тұлғалармен кездесудің өзі үлкен мәртебе, әрі зор жауапкершілік. Бүгін ортамызда отырған аға-апаларымыздың әрқайсысының өмір жолы өнегеге толы, еліне адал қызмет етіп, ерлігімен де, еңбегімен де танылған жандар. Сіздердің өнегелі өмір жолдарыңыз, елге сіңірген еңбектеріңіз –бізге, өскелең ұрпаққа үлгі және болашаққа бағыт-бағдар болатыны айқын. Өңірде ресурстық орталықтар жұмыс істейді, "Aqtobe Jastary" және "Жасыл ел" сияқты маңызды жобалар іске асырылуда. Жұмысшы мамандықтар жылы еңбек беделі мен жаңа жетістіктерді арттыруға қуатты ынталандыру болатынына сенімдімін", - деді Нұржан Шаңғытбаев. 

Құрметті меймандар Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қойып, батыр рухына тағзым етті.  Ә. Молдағұлованың облыстық мемориалдық мұражайына экскурсия да ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Т. Бегелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының курсанттарымен және әскери қызметшілерімен жүздесіп, өз ақыл-кеңестерімен бөлісті.

STAN.KZ
Жұма, 16 Мамыр, 2025 16:09
Талқылау