Ақтөбеде ер адам екі баласын пайдаланып халықтан жылу жинап алған
Ақтөбеде ер адам өзінің балаларын пайдаланып, халықтан көмек сұрап келген. Тіпті қалалықтар оларға жәрдем де берген.
Бұл туралы aktobetimes.kz хабарлайды.
Екі баласы бар “үй-күйсіз” тұрғынға ақтөбеліктер 5 қазан күні кешке “Мега” ойын-сауық орталығының жанында назар аударған. Өзін Ерлан Елубаев деп таныстырған ол Шалқардан келіп, үш күннен бері далада түнеп жүргенін айтыпты.
“Мен өзім Қандыағаштанмын. Балалар үйінде өстім. Ата-анам жоқ. Үш ай Шалқарда жеке қожалықта жұмыс істеген едім, жалақымды дұрыс төлемей қойды. Сосын қалаға келдім. Мұнда әйелім Лаура екеуміз екі баламызбен келдік: Ақбота – 5-те, ал Бекжан 2 жаста. Әйелім ұрысып едік, ол кетіп қалды. Енді барар жеріміз жоқ. Әйелімнің анасы бар, бірақ оның да үйі жоқ”, – деп түсіндірген ол.
Ақтөбедегі жомарт жандар болса оған пәтер жалдап, азық-түлік алып берген.
Үйсіз қаңғып жүрген жігіт туралы ақпарат әлеуметтік желіде жылдам таралған. Бейсенбі күні таңертең оннан астам ақтөбелік Ерлан мен балалары түнеген Сәтбаев көшесіндегі үйдің жанына жиылып, бірнеше минуттың ішінде 50 мыңнан астам қаражат жинапты. Отбасымен олардың тұрақты пәтері туралы келісіп, азық-түлік – ет пен көкөніс сатып алып берген. Желідегі хабарламаны көргеннен кейін қала әкімінің орынбасары Мадияр Қабыл жетекшілік ететін кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау комиссиясы мәселені қолдарына алған.
Әкімдіктің отбасыға баспана бергені белгілі болады. Мұны комиссия хатшысы Ботагөз Есенова да растаған. Алайда ол жатақханадағы пәтерді тастап кетіп қалады. Ерлан тіпті жұмысқа да орналасқан, бірақ өз еркімен одан да кетіпті.
“Онымен қайта сөйлескенімізде ол балалардың анасынан өзінен кетіп қалғанын, сосын оларды пайдаланып көмек сұрағысы келгенін мойындады. Ерлан мен Лаура ресми түрде некеге тұрмаған. Балалар анасының тегіне жазылған . Ол кіші баланың әкесімін дейді. Тексеруден кейін оны Лаурамен бірге Елек полиция бөліміне жіберді. Ер мен әйел Жұбановтағы пәтерге оралуға уәде берді. Полиция егер осындай жағдай қайталанатын болса, онда оларды жазалап, ата-ана құқығынан айыратынын айтып ескерту жасады”, – дейді Есенова.
Оқи отырыңыз:
Ақтөбеде орыс тілінде “акцентпен” сөйлегені үшін мұғалім жұмысынан кетті
Бас прокурор студент кезінде тауық қорада түнеген күндерін есіне алды
Депутат: Түнде мешіттен айтылған азан дауысы адамдардың ұйқысына кедергі келтіреді (видео)