Ақтөбеде дәрігердің бетіне түкірген әйел 120 мың теңге айыппұл төлейді
Фото: pixabay.com
Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі ауданаралық соты дәрігерге тіл тигізіп, бетіне түкірген тұрғынға 117 960 теңге айыппұл салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға биыл наурызда №3 қалалық емханада болған. Балалар офтальмологына қаралған әйел дөрекілік танытып, дәрігердің бетіне түкірген.
Іс Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 80-1-бабының 2-бөлігі бойынша қаралды. Заңға сәйкес мұндай әрекет үшін 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл немесе 10 тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылған.
Сотта әйел өз кінәсін мойындамаған. Дегенмен сот оны кінәлі деп танып, айыппұл төлеуге міндеттеді. Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ.
Тоқаев медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандарға жазаны күшейтуді тапсырды
Еске салайық, бұған дейін соңғы айларда Қазақстанда медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылдар жиілеп кетті. Маусым айында Атырау облысында учаскелік дәрігерге науқас шабуыл жасап, оның миы шайқалғаны хабарланған. Шілде айында Қарағандыда жеке клиника мейіргері соққыға жығылды, ал Қостанайда урология бөлімінің жас хирургі ауыр хәлде ауруханаға түсті. Бұл оқиғалар қоғамда резонанс туғызып, медициналық қауымдастықтың, қоғам белсенділерінің және Денсаулық сақтау министрлігінің алаңдаушылығын тудырды. Министрлік медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заңнамалық және ұйымдастырушылық шараларды қолға алатынын мәлімдеді.

Желіде тілі шықпаған баланы қой ішегімен қылқындырғандардың видеосы тарады: Логопед-дефектолог ырымның үлкен қаупін айтты
