Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде бүкілқалалық сенбілік өтті

Сенбінің жауын сараң ғана тамшылап тұрған таңертеңгі мезгілінде Ақтөбе қаласының көшелері ана тұс, мына тұсты сыпырып, тырмалап, төгілген жапырақ пен шашылған қоқысты жинап жүрген жанға толы болды.

Солардың қатарында “Мейірім бағы – 2022” қоғамдық бірлестігінің мүшелері де бар. Олар 11-шағын аудандағы көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым-заңгер Нағашыбай Шәйкенов ескерткішінің маңында тазалық жұмыстарын жүргізді. Көп балалы, ерекше күтімді керек ететін баласы бар аналардың басын қосып отырған бірлестік мүшелерінің саны 60-қа таяу.

Олардың арасынан бүкілқалалық сенбілікке үлес қосу жөніндегі бастаманы қолдаған аналар қолдарына тырма, сыпырғы, шүберек ұстай келіп, ескерткіш маңындағы тас төселіп, отырғыштар қойылған шағын алаңды әп-сәтте тазалап шықты.

“Біздің бірлестік жақында заңды тіркеуден өтті. Әлеуметтік желіде өзіміздің “бас қосып”, түрлі мәселелер бойынша бір-бірімізден ақыл-кеңес алып отыратын тобымыз бар. Көп бала немесе ерекше бала бағу оңай емес болғанымен, аналардың тек күнделікті мәселелермен шектеліп қалмай, қоғам өміріне араласуы керектігін де айтып отырамыз. Қоғам өміріне араласу – айналаңа пайдаңды тигізе отырып, өзіңді табу, баланың болашағын жеңілдетуге үлес қосу. Біздің керегімізді ешкім де сырттан жасап не әкеліп бермейді. Бәріне өз еңбегімізбен қол жеткіземіз. Тазалық та солай. Айналамыз тап-таза, гүлге, жасыл желекке толы болсын десек, сол тілекті іске асыратын да – өзіміз. Сондықтан бүгінгі сенбіліктен тыс қала алмадық”, – деді бірлестік төрайымы Гүлзейнат Әуезова.

Бірлестік мүшелері алдағы уақытта да бір-бірін қолдап, қоғамдық жұмыстарға атсалысуға әзір екендіктерін жеткізді.

Талқылау
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр