Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әкімдік қызметкеріне арналған конверт: Ақтөбедегі шулы видеоға қатысты тергеу нәтижесі жарияланды

Ақтөбеде белгісіз ер адамның облыс әкімі орынбасарының көмекшісіне конверт беріп жатқаны түсірілген видеоға қатысты қызметтік тексеру аяқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото видеодан алынған

Биыл қаңтар айында әлеуметтік желілерде екі ер адам түсірілген видео пайда болған еді. Видеода ер адамдар әңгімелесіп болғаннан кейін бірі екіншісіне конверт береді. Сосын екеуі де жоғарыда тұрған бейнекамераға қарайды.

Тексеру барысында видеодағы ер адамдардың “Ақтөбе әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” АҚ бірінші орынбасары мен Ақтөбе облысы әкімдігінің индустриялық-инновациялық даму басқармасының бұрынғы маманы екені анықталды.

Видеоны белгілі құқық қорғаушы Айман Омарова әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Заңгердің айтуынша, конвертте ақша болған.

12 ақпанда "Ақтөбе ӘКК" АҚ ішкі аудит қорытындысын жариялады. Мекеме конверт беру кезінде заңсыз әрекеттер болмағанын атап өтті. 

"Ақтөбе ӘКК" АҚ бірінші орынбасарының түсініктемесіне сәйкес, конвертте әкімдікке арналған құттықтау хаттары болған", – делінген хабарламада.

Ресми мәлімет бойынша, тексеру аясында қызметкерлерден түсініктемелер алынып, барлық мән-жай тексерілген.

"Бұған дейін әлеуметтік желілерде жарияланған ақпарат расталмады, яғни шындыққа жанаспайды. Сонымен қатар басқа да мемлекеттік органдар тарапынан тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Оның нәтижелері туралы қосымша хабарланады", – деді "Ақтөбе ӘКК" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нарек Гегамян.

Талқылау