Ақтөбеде баспанасы бір сәтте өртеніп кеткен көпбалалы отбасы далада түнеп жүр (фото)
Ақтөбенің Құрылысшы бау-бақша ұжымында жеке тұрғын үй жанып кетті. Қазір 5 баласы бар Тоқмамбетовтер отбасы далада түніп жүр.
Ақтөбе қаласының Құрылысшы бау-бақша ұжымында өрт шығып, Тоқмамбетовтер отбасының баспанасы түгел жанып кетті. Қазір олар аула ішіндегі ағаштардан шағын күрке жасап, сол жерде түнеп жүр. Өрт кезінде үйде тек балалар болған, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.
«Жұмысқа түскі сағат 13:00-де кеткен болатынмын. Өрт сағат 14:30 шамасында болған. Хабарды естіп, үйге жүгіріп келгенімде шатыры ортасына түсіп, түгел жанып кеткен. Ешқандай затты шығара алмадық. Көмекке көрші келіп, құтқарған. Үш балам үйде теледидар қарап отырған. Далада дыбыс шыққан соң үлкені інісін жұмсап, қаратады. Сол кезде «көке өртеніп жатыр» деп келеді. Сыртқа шыққан балалар қайтадан ішке кіре алмады. Жан-жаққа айқайлап, көршілерді шақырып, 2 жастағы баланы алып шыққан», — деді Жауһар Мұқашева.
Қазіргі күні Тоқмамбетовтар отбасына көршілері мен достары көмектесіп жатыр.
«Сол күні жұмыста болдым. Үйде 4 ұлымыз болып еді. Көршім телефон шалып, үйдің өртеніп жатқанын айтты. Келдім, ортасына опырылып түскен үйімді көріп, жылап отырып қалдым. Орнымнан тұра алмадым. Бұл үйді жылдар бойы салып келемін. Есімізді әлі жия алмай жүрміз. Құжаттарымыз түгел жанып кетті. Барар жер, басар тауымыз қалмады. Бес баламен далада қалдық», — деді Батыр Тоқмамбетов.
Тоқмамбетовтар отбасының үлкені Бақыт 12 жаста. Одан кейінгі Арсен 8, Нұрбек 7, Сырғалым 3, кенжелері Әлхәкім 2 жаста. Бұл отбасы балаларға 12 мың теңгеден астам жәрдемақы алады.
Балалардың анасы Жауһар Мұқашева еден жуушы болып жұмыс істейді. Табысы — 33 мың теңге. Ал отағасы жақында ғана Жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен көше сыпырушы болып жұмысқа орналасты. Қазіргі күні Жауһар Мұқашева 6 баласына жүкті.
Тағы да оқыңыз:
Алматыда қыз алып қашудың соңы тоймен емес, қазамен аяқталды
АҚШ-та әлемге танымал әншіден аумайтын бұзау туылды
Мысырда ұсталған қазақстандық студенттер елге қайтарылатын болды