Ақтөбеде бұзық ниетті ер адамдар екі баланың анасының өмірін бұзды
Ирина Шмидтің денсаулығынан айырылып, балаларын асырау үшін халықтан көмек сұрап жүргеніне жарты жыл болды. Ол жалғыз ұлымен пәтер жалдап тұрады. Пәтер ақысын төлейтін ақшасы болмағандықтан, 28 желтоқсан күні әйел 5 жасар ұлымен бірге далада қалғалы тұр.
Бұл туралы aktobetimes.kz хабарлайды.
Естеріңізге сала кетсек, 21 маусымда 42 жастағы әйел ұжымдық кештен қайтып келе жатқан. Вокзал алдындағы алаңнан өтіп бара жатқан кезде, оған екі мас ер адам тап берген. Олар әйелді басынан ұрып құлатып, жалдамалы пәтерге алып барыпты. Ол жерде өзін зорлап не өлтіріп тастайтынын білген Иринаға аман қалу үшін терезеден секіруге тура келіпті. Салдарынан омыртқасы бірнеше жерінен зақымданып, мүгедек болып қалған әйел үйінен, жұмысынан айырылған.
Бұған дейін Ирина Шмидт алғаш рет көпшіліктен көмек сұрап, тұратын жері жоқ екенін айтқан. Бұдан кейін бірнеше қазақстандық көмектескен екен. Бірақ ол жеткіліксіз болған көрінеді.
«Қайырымды жандар 25 мың теңге жинауыма көмектесіп, ұлыммен бірге пәтер жалдап тұрума жағдай жасады. Ол уақытта үлкен ұлымды «Кәмелет жасқа толмағандарға арналған бейімдеу орталығына» беруіме тура келді. Егер тұратын баспана тапсам, ұлымды ол жерден алып кетемін. Оған аптасына бірнеше рет барып тұрамын, қатты сағынамын», – дейді Ирина.
Мұнан кейін Ирина әкімдікке барған екен. Ол жерде қызметкерлер Ирина сияқты қиын жағдайда қалған адамдардың көп екенін айтыпты.
«Олар менің телефон нөмірімді алып, көмектесуге уәде берді. Бірақ ешкім хабарласқан жоқ. «Нұр Отанға» да бардым. Онда да дәл осы жағдай. Мемлекет жаңа жыл қарсаңында сыйлық және балаларға жәрдемақы беруі үшін, менің тұрақты мекен жай тіркеуім болуы керек. Ал мен еш жерде тұрақты тіркеуде тұрған жоқпын. Соның салдарынан мүгедектік туралы анықтама да ала алмай отырмын. Не істерімді білмеймін», – деп күйінді Шмидт.
Ирина денсаулығына қарамастан, жұмыс іздеп көріпті. Тігінші ретінде жұмысқа тұрғанымен, ол жерде тек бір күн жұмыс істеген.
«Үйге келісіммен сұлап түстім. Менің омыртқамның 64 пайызы темірден жасалған. Сондықтан ауыр көтеріп, өзіме көп күш түсіре алмаймын. Үйде отырып шұлық тоқып саттым. Қазір жемпір тоқудамын. Өте қиын. Егер тігін машинам болса, жағдайым жеңілдер еді», – дейді Ирина.
Қазір Иринаға еріктілер тамақ әкеліп көмектесуде. Егер қайырымды жандардың көмегі болмаса, анасы мен ұлы аш қалар еді.
«Қайырымды адамдардың әкеліп бергенін жейміз. Өзім ештеңе сатып ала алмаймын. Ақшасыз отырғаныма екі апта болды. Жәбірлеушілер көмектессе, оларды кешіруге дайынмын. Бірақ олар мені алдап жүр. Менің арызымды қайтарып алғанымды қалайды. Қайтарып алған бойда менен теріс айналатынын білемін. Олар менің қазіргі тұрмысымнан хабардар. Бірақ олардың жаны ашыған жоқ. Таяу күндерде полицияда жолықтық. Оларға маған тағайындалған дәрілер туралы айттым. Егер ол дәрілерді қабылдамасам, сал болып қаламын. Дәрілердің бағасы қымбат. Бір ампуласы 2 000-нан 3 000 теңгеге дейін тұрады. Ауруханадан шыққаннан кейін емделуге жағдайым болмады», – дейді Ирина,
Иринаның сөзінше, жәбірлеушілердің туыстары оған 500 мың теңге ұсыныпты. Бірақ аталған ақшаны сол күйі бермей кеткен көрінеді. Ендігі Ирина сотта жәбірлеушілерден 3 миллион теңге талап етпек.
«Менің жалғыз досым – ақ мысығым. Бұл жерде зерігім кетемін. Ойыншықтарым жоқ. Жаңа жылға «Күшіктер патурлі» немесе қашықтықтан басқарылатын ойыншық көлік алғым келеді. Мен ержеткенде көлікпен жарысушы боламын. Анам жаяу жүрмес үшін, оны көлігіме отырғызып, жұмысына апарамын. Анам жиі жылайды. Оның арқасы ауырады. Құдай анама денсаулық берсе екен!» – дейді Иринаның ұлы Саша.
Ұлының сөзін естіген Ирина көз жасын тоқтата алмады. Ол жаңа жыл мейрамын баласы армандағандай атап өте алмайтынына қапа болды.
«Егер 28 желтоқсанға дейін 25 мың теңге таппасам, ұлыммен бірге далада қаламын. Мерекеде балалардың бәрі шыршаны айналып, түрлі тәттілер жейді. Ал менің баламның қайда қалары да белгісіз», – деп көзіне жас алды Ирина.
Ирина Шмидке көмектескісі келген адамдар үшін мәлімет:
ЖСН: 760112401873
Каспи голд (банк картасы): 5169493196307014
Ирина Шмидтің телефон нөмірі: 8-771-187-37-70
Оқи отырыңыз:
Елімізде полиэтилен пакеттер енді тегін берілмейтін болады
Қарағандыда жылы судан шығатын жағымсыз иістің мән-жайы анықталуда
Шымкенттің ардагерлері жылуға ақы төлемейтін болды
ШҚО тұрғыны 15 жыл бойы күйеуінің мәйітін бақшада жасырып келген
Ақтөбелік әйел түрмеге қайта түсу үшін бомба туралы жалған хабар берген