Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысындағы су басқан кентте төтенше жағдай жарияланды

Ақтөбе облысындағы Қобда кентінде жергілікті ауқымдағы ТЖ режимі жарияланды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Astana TV арнасына сілтеме жасап.

су тасқыны Ақтөбе

Бұл Қобда ауданының әкімі Болат Құловтың шешімімен қабылданды.

13 наурызда Қобда ауданында қардың қарқынды еруіне және еріген судың көп ағуына байланысты елді мекеннің ойпатында орналасқан 15 тұрғын үй, 32 аула аумағы, спорт комплекс ғимараты, екі мектеп және екі коммерциялық нысан су астында қалды. Тұрғындар эвакуациялық пункттерге көшірілді.

Елді мекенде су тасқынына қарсы іс-шараларды іске асыру жалғасуда. Арнайы техника жұмыс істейді, инертті материалдарды төгу, қапшықтарды төсеу және су айдау жұмыстары күшейтілді.

Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша су өткізгіш металл құбырларды орнату және инертті материалдармен толтыру жұмыстары басталды. Өңір басшысы жұмысты қысқа мерзімде аяқтауды және жолдағы автокөлік құралдарының қозғалысын қалпына келтіруді тапсырды.

"Кеше біз автожол бойынша қозғалысты тоқтатуға мәжбүр болдық, 15 наурыз кешке оны толығымен қалпына келтіреміз", – деп атап өтті Тоғжанов.

Қабылданып жатқан шаралармен танысып, өңір басшысы су тасқыны жойылғаннан кейін көрсетілген учаскеде ғана емес, сонымен қатар автожол арқылы толып кету және елді мекендерді су басу қаупі бар барлық учаскелерде максималды өткізу қабілеті бар тұрақты су өткізу құбырларын орнату жобасын әзірлеуді тапсырды.

Қобда ауданының әкімдігіне Қобда-Ойыл автожолы учаскесінің екі жағында бөгет салу, "Самара-Шымкент" автожолы арқылы Қобда кентіне қарай су тасқынына жол бермеу және кенттің өзін су басу мәселесін қарау тапсырылды.

Тұрғындармен кездесуде Ералы Тоғжанов әрбір зардап шеккен отбасына барлық қажетті көмек көрсетілетінін атап өтті.

"Ең бастысы – халықтың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Ауданда комиссия құрылып, барлық үйлер тексеріледі. Барлығын қолдаймыз, қаражат бөлеміз, бәрін мүмкіндігінше тез қалпына келтіреміз. Бұл жағдайға мұқият талдау жүргізіліп, су тасқынының қайталануына жол бермеу бойынша шаралар қабылданады", – деп атап өтті әкім.

Қобдалықтардың айтуынша, мұндай су тасқыны соңғы рет 1993 жылы болған.

Талқылау