Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысында жаңа оқу жылында 6 мектеп ашылды

Жаңа білім ошақтарының бесеуі – "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында салынды. Бір мектеп – Мұғалжар ауданы Көтібар батыр ауылында есігін айқара ашты.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында облыс орталығындағы Алтын Орда ықшам ауданында салынған 2000 орындық және "Саяжай-1" тұрғын алабындағы 300 орындық мектеп халық игілігіне берілді.

Аталған оқу ордаларына бүгін Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров барып, ұстаздар мен оқушылар қауымын жаңа мектепте жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Өңір басшысы балаларға жайлы әрі заманауи орта қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.

2000 орындық мектепте STEM-зертхана, робототехника, физика, химия, биология кабинеттері, сондай-ақ бастауыш сыныптарға арналған арнайы кабинеттер жабдықталған. Балалардың жан-жақты дамуы үшін шеберханалар, музыка, хореография, алғашқы әскери дайындық кабинеттері, психологиялық және әлеуметтік-педагогикалық қызметтер, кәсіби бағдар және заң кабинеттері ашылды. Екі үлкен және екі шағын спорт зал, 410 орындық асхана, 444 орындық акт залы жұмыс істейді. Сонымен қатар, оқу ордасында 20 мыңнан астам кітап қоры бар кітапхана және оқу залы бар. Ал балаларға конкурс арқылы таңдалынған 100-ден астам педагог педагог білім мен тәлім береді.

"Дене шынықтыру пәнінің мұғалімімін. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін тәмамдап, жұмысқа орналастым. Алғашқы жұмыс орнымның осындай жаңа әрі заман талабына сай мектепте басталғанына қуаныштымын. Президент қолдауымен өңірде бірқатар жобалар жүзеге асырылып келеді. Жастарға орасан зор жағдай жасалуда", - деді Әли Құлбарақ.

Ал "Саяжай-1" тұрғын алабындағы 300 орындық мектеп халық көптен күткен нысан. Мұнда да педагогтер мен оқушыларға барлық жағдай бар. Шығармашылық және тәжірибелік тұрғыда дамуға ерекше көңіл бөлінген. Жаңа мектеп табалдырығын 503 оқушы аттап, олардың білім алуы мен тәрбиесі 40 білікті педагогке сеніп тапсырылды.

Өңір басшысы әр кабинетпен танысып, оқушылармен сөйлесті. Ата-аналар дән риза. "Балаларымыз енді алысқа қатынап оқымайды" дейді.

"Бірнеше жыл бұрын осы тұрғын алапқа мектеп сұрадық. Кейін "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясындв мектеп салынатындығы туралы хабарды естігенде, қуандық. Міне, бүгін игілігін көріп отырмыз. Мектеп тек білім алатын орын емес, ол – рухани орталық болуы керек. Біз әрқашан халық болып қолдаймыз", - деп қала тұрғыны Естай Жайлыбай әсерімен бөлісті.

"Жаңа мектеп, жаңа оқу жылы баршаңызға құтты болсын. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, міне, осындай зәулім оқу ордасы салынды. "Келешек мектептері" деп аталады. Аралап, қарап шықтым. Жаңа оқу құралдары, ыңғайлы жабдықтар, заман талабына сай кабинеттер, бәрі – де балалардың бәсекеге қабілетті болуы үшін жасалды. Бұл мектепті бітірген оқушы дайын маман болып шығатыны сөзсіз. Педагогтердің өзі іріктеуден өткізіліп, жұмысқа орналасты. Ата-аналар енді мектеп ұжымымен бірлесе жұмыс істеу керек", - деп атап өтті Асхат Шахаров.

Өңірде биыл 190 мыңға жуық бала мектепке барды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 5 мың оқушыға артық. Оқушылар санының тұрақты өсуіне жыл сайын дүниеге келетін 19 мыңға жуық сәби мен көші-қон үдерістері тікелей ықпал етіп отыр. Осы себепті де жаңа мектептерге деген сұраныс артып келеді.

Жалпы ұлттық жоба аясында облыста 14 мектеп салу жоспарланған. Оның екеуі көктемде пайдалануға берілсе, Білім күнінде 5 мектеп есігін айқара ашты. Жыл соңына дейін тағы 7 мектептің құрылысы аяқталмақ.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 02 Қыркүйек, 2025 18:43
Талқылау