Ақтөбе облысында сот 9-сынып оқушысының өліміне себеп болған жасөспірімдердің жазасын жеңілдетті
Фото: Марқұмның туыстары ұсынды
Ақтөбе облысында сот Темір ауданында мектеп оқушыларының төбелесі салдарынан 9-сынып оқушысы қаза тапқан резонансты іс бойынша үкімді қайта қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы үкімді қарады.
Әңгіме бұрын бұзақылық және жәбірленушінің өліміне әкеп соққан ауыр дене жарақатын келтіру баптары бойынша сотталған 10–11-сынып оқушылары туралы болып отыр. Қайғылы оқиға 2024 жылдың қыркүйегінде болған. Іс материалдарына сәйкес, жоғары сынып оқушылары 9-сынып оқушыларының әрекетін "құрметсіздік көрсету" деп бағалап, оларды ұрып-соққан. Жасөспірімдердің бірі алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.
Бірінші сатыдағы сот "Б" мен "Т"-ны топ болып бұзақылық жасау және қасақана ауыр дене жарақатын келтіруді ұйымдастыру баптары бойынша кінәлі деп танып, әрқайсысына 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. "М" де жәбірленушінің өліміне әкеп соққан ауыр дене жарақатын келтіру бабы бойынша дәл осындай мерзімге сотталған. Тағы үш фигурант "Қ" және екі "Ж” бұзақылық үшін бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесіліп, кінәсі дәлелденбегендіктен неғұрлым ауыр бап бойынша ақталған.
Іс апелляциялық тәртіпте жәбірленуші тарап пен оның адвокаттарының шағымдары, сондай-ақ сотталғандар мен олардың қорғаушыларының өтініштері бойынша қаралды. Сот алқасы сотталғандардың кәмелетке толмағанын, кінәні мойындап, өкінгенін, жәбірленуші тараппен медиативтік келісім жасалғанын, сондай-ақ жазаны жеңілдетуді сұраған жәбірленушінің ұстанымын ескерді.
-
Ақнәр Хамиттің өлімі: Оқиға куәгері болған қыздардың бірі оны өлімші етіп ұрып-соққанын айтқан
-
Түркістан облысында төбелеске қатысқан әкімдіктің басқарма басшысы қызметінен босатылады
Нәтижесінде үкім өзгертіліп, "Б", "М" және "Т"-ға қатысты ҚР ҚК-нің 63-бабы бойынша тағайындалған жаза шартты деп танылды. Қалған бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Апелляциялық қаулы заңды күшіне енді.
Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбе облысында жасөспірімдер арасындағы жанжал 9-сынып оқушысының өлімімен аяқталғаны туралы жазған едік. Полицияның мәліметінше, жасөспірімдер арасындағы төбелес 2 қыркүйек күні түнде Ақтөбе облысы Темір ауданы Қопа ауылында болған. Оқиғаға қатысты ауыл мектебінің 18 оқушысынан жауап алынып, 2 адам күдікті ретінде қамауға алынған.
2026 жылдан бастап Қазақстанда қандай саяси өзгерістер болады – Сарапшылар пікірі