Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасы қарқынды жүріп жатыр
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Ақтөбе облысына іссапармен барды. Премьер-министрдің қатысуымен өткен жиын барысында облыс әкімі Ералы Тоғжанов "Ауыл аманаты" жобасы қалай іске асып жатқанын баяндады.
Көпшілігі "Ауыл аманаты" жобасы не береді?" деп ойлауы мүмкін. Жалпы бұл жоба облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, өңірде мал басының көбеюіне, тұрғындардың табысын арттыруға серпін береді.
Республика бойынша алғаш рет ұйымдастырылып отырған бірегей жоба аясында, 1300 ауыл тұрғынына саны 4 580 бас болатын тауарлық несие түрінде мал берілді.
""Ауыл аманатын" іске асыру ауылдарды сақтап қалуға және халықтың қалаға көші-қонын қысқартуға, кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын құруға, жұмыссыздықты азайтуға, халықты сапалы азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ауқымды жоба екенін атап өтті", - Ералы Тоғжанов.
Жобаның тиімді шарттарының бірі - несиесі бар және аз қамтылған, көп балалы отбасыларға тауарлық кредит беру тетігі болып отыр. Тауарлық несиенің тиімділігі сол, одан бюджеттің бірде-бір тиыны жұмсалмайды. Сондай-ақ несиенің қайтарымы ақшалай емес, алынған төл есебінен болады.
""Ауыл аманаты" жобасын іске асыру тәжірибесі барлық өңірге кеңінен таралуы тиіс. Биыл оған 100 млрд теңге бөлінді. Соның есебінен ауылда кәсіпкерлік бастаманы қолдау жоспарланып отыр. Келесі жылы тағы 100 млрд теңге бөлеміз. Жобаның арқасында ауылдық елді мекендерде өмір сүру деңгейі айтарлықтай жақсармақ. Ақтөбе облысы – жобаны іске асыру бойынша жетекші өңірлердің бірі. Осы қарқынмен бұл жұмысты жалғастыру қажет", — деді Әлихан Смайылов.
Қазіргі таңда "Ауыл аманаты" жобасы тұтас республика көлемінде іске асырылып жатыр. Ал Ақтөбе облысы жобаның іске асуына бірден бір себепші болып, бүкіл ел аумағына үлгі беріп отыр.