Ақтөбе облысында 3 ай бойы суық үйде жатқан өлім аузындағы әйел табылды
Қараусыз қалған. Ақтөбе облысында үш айдан бері суық үйде жатқан өлім аузындағы әйел табылды. 52 жастағы Зәмзәгүл Жасымованы көршілері кездейсоқ анықтаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Дәрігерлер "көзім жөнді көрмейді, құлағым дұрыс естімейді" деп мұңын шаққан әйелдің басты пробеламасы ішкілікке салынғанында дейді. Аймақты шулатқан бұл оқиғаға шенеуніктер де енді араласып жатыр.
Алға ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде Зәмзәгүл Жасымованың үш айдан бері тырп етпей дала көрмей жатуына не түрткі болғаны қазір белгісіз. Көршілері судың тоқтау себебін анықтаймыз деп әр пәтердің есігін қағып жүргенде кездейсоқ тап болған. Азынаған бөлмеде кір көрпенің астында қалтырап жатқан әйелді бірден ауруханаға жеткізген.
“Бізге түскенде өзі де, киімі де кір болды. Ұзақ уақыт суға түспегендіктен қатты иіс шықты. Шашын тақырлап алып тастап тазалап жуындырдық. Қызметкерлер үйінен өз киімдерін әкеліп кигізді. Көзі мен құлағына шағымданды. Қан қысымы қалыпты”, – дейді Алға ауданы ауруханасының бөлім меңгерушісі Ирина Рущук.
Дәрігерлер келіншектің негізгі ауруы арақта болуы мүмкін дейді. Бірақ зиян әдеті туралы Зәмзәгүл Жасымованың өзі сөз қозғауға құлық танытпады. Не себепті осындай күйге түскенін де түсіндіре алмады.
“Жатқанда жұмысқа барып, содан ауырып келдім. Дәрігерге келіп едім, сақтандыру полисін сұрады. Анау керек, мынау керек, ондай менде жоқ. Содан қабылдаған жоқ. Содан жеңіл-желпі дәрі алдым да, үйде ішіп, жаттым”, – дейді ол.
Әкімдіктегілер келіншектің 29 жастағы ұлы барын анықтаған. Жақын арада алып кетуге уәде де берген. Бірақ анасы бүрсең қағып пәтерге қамалып жатқанда қайда болғанын айта алмаған.
“Жағдайы қазір өте жақсы деп айтуға болады. Ешқандай қауіп жоқ. Туыстары бойынша біз туыстарына шығып хабар бергенбіз. Жақын арада ғана екі күн бұрын туған ағасы келді. Тиісті азық-түліктерін барлығын әкеліп тастады. Бірақ алып кету бойынша әзірге нақты шешім қабылданған жоқ”, – дейді Алға ауданы әкімінің орынбасары Мейірхан Ермағамбетов.
Жақындары алып кеткенше шенеуніктердің бықсыған пәтерді ретке келтірмек. Барлық қоқысты шығарып, тазалық жұмысын жүргізуге уәде берді.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
