Ақтөбе қаласында Қарғалы өзені арнасынан асып, адамдар эвакуацияланып жатыр
Ақтөбе қаласында Қарғалы өзені арнасынан шығып, 100-ге жуық адам эвакуацияланды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Фото: Ақтөбе облыстық ТЖД
Ақтөбе қаласының аумағында орналасқан Қарғалы, Күншуақ, Мұнайшы бау-бақша ұжымдарына қауіп төнді.
Қазіргі кезде Қарғалы өзені көтеріліп, адамдар эвакуацияланып жатыр.
"Облыстық ТЖД-нің қызметкерлері 95 адамды эвакуациялады. Оның 40-ы – бала. Қазіргі кезде бұл жұмыс жалғасып жатыр. Бұл жұмысқа 66/55 әскери бөлімінің сарбаздары да жұмылдырылды", – деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі кезде саяжайда орналасқан үйлердің аулаларын су басты. Үйдің ішіне кірмеуі үшін іргетасына құм толы қап төселіп жатыр.
"Биыл екі есе қар жауды. Қазір Жаман Қарғалы өзені толып, күн жылығанда тысқын болып жатыр. Тұрғындарға айтарымыз, Қарғалы су қоймасы ашылған жоқ. Оның резерві бар", – деді қала әкімі Мұрат Жөребеков.
Адамдар олимпиада резервтерін даярлау спорт мектебі мен колледж жатақханасына орналастырылды.
Айта кетейік, бұған дейін облыста Қобда және Ойыл аудандарында да ауылдарды су басқан еді.