Ақтаудағы ұшақ апаты: Тергеу нәтижелері қашан жарияланатыны белгілі болды
Фото: ТЖМ
Ақтау маңында AZAL жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына қатысты тергеудің қорытынды есебі бірнеше айдан кейін жариялануы мүмкін. Мұны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкіметте өткен брифингте Бозымбаевтан ұшақ апатына қатысты тергеу нәтижелері қашан жариялануы мүмкін деген сұрақ қойылды.
Оның айтуынша, бірлескен шешімдерді қабылдауды үйлестіру үшін Бразилия, Ресей және Әзірбайжан елдерімен модульдік авиация блогы және GPS жаһандық позициялау жүйесі бойынша онлайн конференция ұйымдастырылды.
"Модульдік авиациялық блок АҚШ-тың Аризона штатындағы Феникс қаласына жіберілді. Қазір біз олардан талдау күтіп отырмыз. Құжаттарды зерттеу жалғасып жатыр. Ол жақта үш кіші комиссия бар. Үш кіші комиссияның есебі жасалып, барлық сараптама аяқталғаннан кейін комиссия бірнеше айдан соң қорытынды есеп жазуға кіріседі. Жалпы, IKAO бізден талап ететін қалыпты тәжірибе – тергеуді бір жылдың ішінде толық аяқтау. Өкінішке қарай, бұл бір ғана тарапқа емес, 3-4 тарапқа қатысты. Дегенмен, биыл аяқтауға тырысамыз", –деді Қанат Бозымбаев.
Вице-премьер техниканың бір бөлігі әлі де сараптамадан өту үшін шетелде екенін айтты. Жақын арада бұл техника Қазақстанға қайта оралады. Талдау кезеңі аяқталып жатыр, комиссия қорытынды есепті дайындауға көшеді.
"Меніңше, шыдамдылық қажет, соңғы есеп бірнеше айдан кейін шығады", – деді премьер-министрінің орынбасары.
Алайда нақты қай айда екенін, яғни желтоқсан немесе қыркүйек-қазан екенін айта алмады.
Вице-премьер жыл соңына дейін өзі басқаратын үкіметтік комиссия барлық талапты орындайды деп уәде берді.
Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Баку-Грозный бағыты бойынша ұшқан AZAL жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 67 адам болған, оның ішінде экипаж мүшесі бесеу. Апат салдарынан 38 жолаушы қайтыс болды, 29 адам аман қалды. 30 желтоқсанда Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) бұл оқиғаны мұқият және әділ тергеуге шақырды. Кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзірбайжан билігі құтқару операциясына қатысқан азаматтарды ерлік пен кәсібилігі үшін наградтады.
Кейіннен Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтаудағы ұшақ апатына кінәлілерді жазалауды талап еткен еді. Ильхам Алиев Әзірбайжан азаматтарының қаза болуына Ресей өкілдері кінәлі екенін сеніммен айта алатынын жеткізген.

"Мықты еркек қана көп әйел ала алады": Тоқал болуға келіскен қазақстандық өмірінен сыр шертті
