Ақтаудағы ұшақ апаты жөнінде қорытынды есеп 3 жылда шығады
Ақтаудағы AZAL ұшағының апатын тергеу бойынша қорытынды есеп үш жылдан кешіктірмей бекітіледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
25 желтоқсанда болған авиациялық оқиғаны тергеу инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы бұйрығына сәйкес жүргізіліп жатыр.
"Бұйрықтың 32-тармағына сай, адам қаза болған авиациялық оқиғаны тергеп-тексеру ұзақтығы комиссия құрылған сәттен бастап авиациялық оқиғаны тергеп-тексеру нәтижелері туралы қорытынды есеп бекітілген күнге дейін, сондай-ақ егер қосымша зерттеулер қажет болмаса, ереже 36 айдан аспайды”, – деп хабарлады министрлік.
Тергеу комиссиясының мүшесі, көлік вице-министрі Талғат Ластаев 30 желтоқсанда тергеудің алдын ала немесе аралық қорытындысы 30 күнде дайын болатынын хабарлады.
Еске салсақ, Қазақстан үкіметі Ақтаудағы қайғылы оқиғаны толық әрі ашық тергеу үшін рейстің жазба құрылғыларын Бразилияға жіберу туралы шешім қабылдаған.