Ақтаудағы тұрғын үй кешенінде газ жарылып, 5 адам зардап шекті (видео)

Видеодан скриншот
Ақтауда "Әсия" тұрғын үй кешенінде газ жарылғанның салдарынан 5 адам зардап шекті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға 28 қазанда 09:03-те "Әсия" тұрғын үй кешенінде жертөледе болған. Салдарынан 5 адам зардап шекті. Оның үшеуі бала. Олар ауруханаға жеткізілді.
52 жастағы ер адам беті, мойны, кеудесі, қол-аяғы және арқасы күйіп, 3-АБ дәрежелі (50–55%) термиялық күйік алған. Сондай-ақ көздің қасаң қабығы да күйген. Ол жансақтау бөліміне жатқызылды. 22 жастағы жігіттің беті күйіп қалған. Дәрігерлер алғашқы хирургиялық көмек көрсеткен соң, ол амбулаторлық емге жіберілді.
15 жастағы қыз көмірқышқыл газымен уланған. Жағдайы орташа ауыр, есін біледі, педиатриялық бөлімшеге жатқызылды. 10 жастағы қыз да дәл осылай уланған. Бірақ анасы ауруханаға жатқызудан бас тартқан; 7 жастағы ұл бала да газдан уланған. Дәрігерлер тексерген соң үйіне жіберілді.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, газ-ауа қоспасы жарылды. Оқиға орнына құтқарушылар мен төрт техника дереу жіберілді.
ТЭЦ-тің газға ауысуы Алматыдағы лас ауа проблемасын шеше ала ма: Сарапшылар мегаполистегі қалың тұмша неден түзілетінін талдап берді